---
title: "Тәңір Құтын іздеген."
description: "Менің әкем Шауен 1920 жылы күнгей Тарбағатайдың баурайында, түгің тартсаң майы шығатын, кедей, жоқ-ж..."
author: "Masa77"
published: "2016-03-25T03:02:43+00:00"
modified: "2020-07-31T08:04:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-ir-tyn-izdegen-676711"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-ir-tyn-izdegen-676711/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тәңір Құтын іздеген.

> Менің әкем Шауен 1920 жылы күнгей Тарбағатайдың баурайында, түгің тартсаң майы шығатын, кедей, жоқ-ж...

Менің әкем Шауен 1920 жылы күнгей Тарбағатайдың баурайында, түгің тартсаң майы шығатын, кедей, жоқ-жітігі жоқ жерұйықтай Құлыстайды мекендеген Жұмық тайпасының төбе биі Мәсәлімнің (Мұхамед-Сәлімнің) шаңырағында тура 22 наурызында дүниеге келген екен. Азан шақырылып қойылған аты Наурыз Хан болыпты. Бұл есім, тіпті, мешіттің көне тәпсір кітабына да тіркелген. Бала кезінде еркелеп Науан аталып, кейіннең туылған айының арабша Шаабан айдарына байланысты Шағбан аталған екен. Осылайша, Наурыз Хан «Науан – Шағбан – Шәуенге» айналыпты. Осы есімі мәңгілікке жалғассын деп әулетіміздің кенжелерінің сойы да Шәуен болып қалды.

Әкемнің өмірінде басқа да metamorphosis аз болмағанға ұқсайды.

Ары қарай әңгімені қазақ әдебиетінің зәңгісі мен уаны, білгір, көреген, ғұлама Қабдеш-аға Жұмаділовтың айтқаны, жазғанымен жалғастырайын:

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/0aq7Ho828Rw3c55EaoBI9N4uqzBL0o.jpg)

«Шәуен Мәсәлімұлы – өткен ғасырдың 30-40 жылдарында Шынжан қазақтарынан қаулап шыққан талантты топтің өкілі. Бір емес, екі бірдей империяны бастан кешірген өмірбаяны аса бай кісілердің бірі. Мұндай мол сыбаға жиһангез саяхатшының не ел кезген кез келген жазушының маңдайына да жазылмауы мүмкін. Өз көзімен көрген, таныс-біліс, дәмдес болған адамдары қандай. Әйгілі қанысұйық қитұрқы диктатор Шың Си Сайдың билігін де бастан кешірген, ұлт көсемдері Шәріпхан төре мен Сүгірбайдың Дәлелханынан тәлім алған, ұлт-азаттық күрестің қайраткерлері Дубек Шалғынбаев, Ахметқали Бітімбаев, Жағда Бабалықов, Телмұхамед Қанағатов, Қалдыбай Қанафиндермен бірге өсіп, жауға қарсы күресіп, біте қайнасқан. Атақты ғалым Нығмет Мыңжанимен институтта бірге оқыған. Көп тіл білген: қытай, араб, парсы, өзбек, ұйғыр, орысшаға да қара жаяу емес-ті. Жалпы, Шәуен ағадан үлкен жазушы да, ғалым да шығатын еді. Қоғамның қайта өрлеу, жаңғыру дәуірінде қолынан бәрі келетін осындай дарындар көп туатын әдеті. Өзінің білім-қабілетінің арқасында қызметтен басқыштап өсіп, аудан әкімінен өлкелік департаментінің бастығына дейін көтерілген... Осы қызметтің бәрін тәрк етіп небәрі отыздан асқан шағында ата жұртына тартып отырған. Қызыл қытайлар туған ағасы Әнуар Ханды оққа байлаған тұғын. Көп жылдар Абай елі шежірелі Шыңғыстауда ұрпақ өсірді. Шәкерімнің Ахатымен ақындар Шәкер Әбенов, Төлеужан Сымайловтармен сыйлас дос болды. Ұлы жазушы Мұхаңмен (Әуезовпен) сұбхаттас, дәмдес болды. Қайың жұрты (бәйбішесі Рахима Тобықты Кеңгірбай бидің жетінші ұрпағы) арасында өте сыйлы еді.

Шәкең қаршадайынаң Хақ жолына түскен адам. Тіпті ата жолын қуған десе болады. Бабалары (Бабық баба), Қаспақ әулие кезінде қасиет қоңған, ел-жұрты пір тұтқан, киелі кісілер болыпты. Атасы Шандаяқ қажы Меккеге барған сапарында тілеуі қабыл болып, сол жақтан топырақ бұйырыпты. Әкесі Мәсәлім Би өз аулында мешіт-медресе салдырған көзі ашық қайраткер адам еді. Менің атам Күдері би де уәделесіп қойғандай (екеуінің ақыл қосуы де әбден мүмкін ғой) сол мезгілде (ХХ ғасырдың басында) мешіт салдырыпты. Екі мешіттің арасы оншалық қашық емес, ұзаса отыз шақырымдай ғана. Екі аралықты Сібеті өзені ғана бөліп тұр. Мәсәлім мешіті – Сібетінің шығыс бетіндегі Майқайын деген жерде, Күдері мешіті – өзеннің батыс бетіндегі Арқарлыда...

Шәкең жас шағында әкесінің медресесінде Өфеден шақырылған Ысқақ хазіреттен дәріс алған. 1916 жылы Алаштың «Қазақ» газетіне қаражат жинап барған Сұлтан Махмұт Торайғыровтың бірден Мәсәлім аулына түсуі де жайдан жай болмаса керек. Өйткені ол ұлысқа ұйытқы болған киелі шаңырақтың бірі болған. Сөйтіп, Шәкең қаймағы бұзылмаған қазақы ортада толық қанды тәрбие алған. Бір сөзбен айтқанда, мәйегіңде жарыған.

Отыз-отыз бес жастарында мемлекет, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Шәуен ағамыз шор тартқан шағында да сол шыққан биігінен түспеген. Бұған дәлел Шауен Мәсәлімұлының «Тәңір Құтын іздедім» атты ғұмырнамалық еңбегі. «Тәңір құты» деп ежелгі ғұн дәуіріндегі ұлы қағанды, ұлт көсемін айтқан ғой. Кейін жалпы түрік жұртының, біздің қазақтың да қолына түспей кеткен ұлы тұлға. Шәкең, міне, соны іздейді. Жаратылысынан бекзат, сырбаз да сыпайы ағамыздың кітабын оқып отырғанда оқиғалар теңізін кешіп жүргендей әсер аласын. Бұндай ғұмырнамалық дүние тек ғибратты өмірден ғана туатыны қапысыз белгілі.

Ағамыз өмірінің соңғы екі-үш жылында айықпас дертке шалдығып, дәрігерлер алдымен бір аяғын, сонан соң екінші аяғын кесуге мәжбүр болды. Марқұмның сондай халде жатып естелік кітап аяқтауы – қазақта жоқ ерлік... Мен осының бәрін естіп – біліп жүрдім. Іштей қан жылап қамықсам да, арнайы барып көңілін сұрауға жүрегім дауаламады. Кезінде жігіттің сұлтаны болған нар тұлғалы, сұлу жүзді Шәуен ағаны мынадай мүгедек, міскін халде көргім келмеді. Шәкеңді аядым ба, өзімді аядым ба, әйтеуір жазмыштың мына зорлығына куә бола алмадым.

Енді ойласам, соным дұрыс та болған сияқты. Қазір менің көз алдымда Шәуен аға сол баяғы сұңғақ бойлы, сүлу да сымбатты қалпында елестейді. Өзінің би баласына тән маңғаз да сырбаз мінезімен аспай-саспай әңгіме айтып отырған сияқты ма, қалай!? Шәкеңнің соңында қалған ескерткіші – он баласы мен отыздай немересі. Содан кейін тасқа басылған кітабы..."

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/4a05b806c2d5ca7b7b573d2312b726.png)

Жұмық тайпасының төбе биі Мәсәлім (Мұхамед-Сәлім)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/F0ln69re9icz3R4mTntwoBF5kT1Bne.jpg)

Күнгей Тарбағатай тауы, Құлыстай өңірі. Ата-бабамның "салуалы ордасы қоңған жер, кір-қоңын жуған жер; қарағай садақ будырып, қылшанын оққа толтырып, жаңға сауға болған жер"; асыл сүйектері жатқан жер...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/20Y2uOw678q9l0j4r9n1d5ayj70Mrv.jpg)

Кезінде құдайсыз қызыл қытайлар Мәсәлім мешіт-медресесін, іргесіндегі атамыз, үлкен анамыз Бахтияр, жалпы саны жиырмадан астам адамның сүйектері жатқан зиратхананы жыланбауыр танкімен жермен-жексен еткен екен. Аллаға шүкіршілік, әруақ қолдап мешіттің орны, шамасы 150-200-дей шаршы метр жер сақталып қалыпты. Сол жерге атамыз бен апамызға, басқа да әруақтарға арнап кесене тұрғыздық. 2014 жыл.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/KA1WYrwxUaLMof772eQklrs12xhF89.jpg)

Киесі мол Бабық бабамыздың жатқан жері. Шамасы XVII ғасырда тұрғызылған кесененің орны.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/1ebce33b908dbc106f1ee262b7e50f.png)

Қызыл қытайлар оққа байлаған әкемнің үлкен ағасы Әнуар Хан. Үстіне ішік, палтоларын киіп алып, оқ өтпей, жаралы тәні қиналса да жендеттерін әуре-сарсаңға салған жолбарыс жүректі бабам.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/35bf8289c0b41da67795bdef7d27a7.png)

Әкемнің Ауғанстанмен шекарада қызметте жүрген кезіндегі түскен суреті; бар-жоғы он тоғыз жаста.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/9fdf3a8248131468ba80307a731a70.png)

Сырлас досы Жағда Бабалықпен бірге

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/a43f4fc7ac31d4cab4f483178c288a.png)

Шығыс Түркістан Үкіметінің басшылары. 1948 жыл. Екінші қатарда ортада отырғандар: Үкімет төрағасы Ахметжан Қасыми, сол жағында қырғыз генералы Сқақбек, Кеңес (Совет) консулы Морозов, оның оң жағында аты аңызға айналған қазақ байы, бұл кезде Тарбағатай аймағының уәлиі Баспай (Шолақұлы), т.б. Бірінші қатарда солдаң оңға қарай төртінші отырған Бажы-Кеден Департаментінің (министрлігінің) басшысы менің әкем Шәуен Мәсәлімұлы. Небәрі 28 жаста.

Ескі бейнерәсімдердің сиқыры-ай... Бұл суреттерде әкем мен анам казіргі менің ұл-қыздарымнан да жас.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/2ef658f0dd50cbaf0f1acadc561c6b.png)

Ортада анам Рахима Қабылқақ қызы. Сол жағында сіңлісі Айтбүбі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/e7eadb332be78c622e49fe5b010dfb.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/ce3ecc7e0378c8502071c2f6a795d8.png)

Телмұхамед Қанағатовпен бірге.

Сағынышым мәңгілік...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/F1aYSr81PgRBXKBUAF5550AliZkD99.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/9aFLTIsY9Ijf9bzKSvbIm6TKTA05Gd.jpg)

Постта Қабдеш Жұмаділовтың Шәуен Мәсәлім туралы жазған мақаласы пайдаланылды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-ir-tyn-izdegen-676711](https://yvision.kz/kk/post/t-ir-tyn-izdegen-676711)