---
title: "ҚТ, ДТ дегенді бастаған Асанбай Асқаров - Дулат Исабеков"
description: "Еліміздің оңтүстік өңірінде ДТ мен ҚТ (Дулат пен Қоңырат) деген дерттің бары қазір күллі қазаққа..."
author: "jan.123"
published: "2024-01-14T03:51:21+00:00"
modified: "2024-01-14T03:51:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-dt-degendi-basta-an-asanbay-as-arov-dulat-isabekov-999841"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-dt-degendi-basta-an-asanbay-as-arov-dulat-isabekov-999841/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚТ, ДТ дегенді бастаған Асанбай Асқаров - Дулат Исабеков

> Еліміздің оңтүстік өңірінде ДТ мен ҚТ (Дулат пен Қоңырат) деген дерттің бары қазір күллі қазаққа...

Еліміздің оңтүстік өңірінде ДТ мен ҚТ (Дулат пен Қоңырат) деген дерттің бары қазір күллі қазаққа мәлім. Бірақ осы жұрт бұлай бөлінудің қайдан шыққанын біле ме екен?

![ҚТ, ДТ дегенді бастаған Асанбай Асқаров - Дулат Исабеков](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/950813c5d0aed11aa41f16ba6638d5.jpg)

Фото: exclusive.kz

Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков «Adal Adam» ютуб-арнасында журналист Дәурен Сейітжанұлына берген сұхбатында соның қалай басталғанын айтып берді. Журналист оған «ДТ, ҚТ деген дерт бар ғой. Бірақ бұл қара халыққа шынында керегі жоқ. Сонда бұл кімге керек? Осы індетті жасап шығарған авторлар кім?» деген сұрақ қойды.

«ҚТ, ДТ деген Шымкенттен шықты. Сол жақта ғой ДТ мен ҚТ (күледі). Оны бастаған кім... жазушы емес... Шымкентте әкім болды ғой... Асанбай Асқаров... Иә, оны бастаған Асанбай Асқаров (1978-1985 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған – ред.) болды. Сол келді-дағы Шымкентте анық, кәдімгідей «Сен ҚТ-сың ба, ДТ-сың ба?» деп ашық түрде сұрап отырған. Қызметті сөйтіп бөлген. Ал халыққа оның түкке керегі жоқ», – деді жазушы.

Дулат Исабеков ақын-жазушылардан бұлай бөлінуді байқамағанын айтты. Өзі де адамды руға, жүзге ешқашан бөліп көрмеген екен.

«Менің достарымның бәрі, жақсы көретін жігіттерімнің бәрі басқа рудан, басқа жүзден. Өз руым Қоңырат, Қоңыраттың ішінде Құлшығаш. Құлшығаштың бәрін жақсы көре бермеймін ғой. Тіпті басқа бір елдің азаматына бес-алты құлшығашты айырбастап жібере саламын. Олардан не пайда? Баяғыда баспаның директоры болып жүрген кезімде дәлізде келе жатсам бір жігіт құлап жатыр. Жұмысқа келдім де «кім құлап жатқан? Бұйрықпен шығарыңдар» десем, бір жігіт жетіп келіп: «Дулат аға, оны шығаруға болмайды» дейді. «Неге?» «Ол сіздің Құлшығаш руыңыздан», «Өте жақсы болды. Ол өзіне пайда келтірмесе, баспаға пайда келтірмесе, маған абырой әпермесе, оның керегі не? Жұмыстан шықсын» деп шығарып жібердім. Мен қаншама мекеме басқардым. Телевизияны басқардым. Ол кезде жалғыз телевизия, 3 жарым мың адам. Біреуінің руын сұраған жоқпын. Енді келіп қарасам, ұлы жүздің жігіттерінің бәрін бастық қылып қойған екенмін. Оған мән берген жоқпын. Кейіннен біреулері келіп айтты «осындай-осындай» деп. Біреуі кіші жүз. Орта жүзден ешкім жоқ екен», – деді қаламгер.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-dt-degendi-basta-an-asanbay-as-arov-dulat-isabekov-999841](https://yvision.kz/kk/post/t-dt-degendi-basta-an-asanbay-as-arov-dulat-isabekov-999841)