---
title: "Тұған елге тағзым. Шымкент. 6 күн"
description: "Түркістан-екі дүние есігі ғой, Түркістан-ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Тү..."
author: "aimanakumisbekova"
published: "2014-07-06T11:50:05+00:00"
modified: "2014-07-06T11:50:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-an-elge-ta-zym-shymkent-6-k-n-420426"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-an-elge-ta-zym-shymkent-6-k-n-420426/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тұған елге тағзым. Шымкент. 6 күн

> Түркістан-екі дүние есігі ғой, Түркістан-ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Тү...

![Тұған елге тағзым. Шымкент. 6 күн](https://storage.yvision.kz/images/user/aimanakumisbekova/5B12h8WitWp858YznG43rxLoJSYjO4.jpg)

Түркістан-екі дүние есігі ғой, Түркістан-ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібі ғой,- Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай,біз ежелгі тарихи қаланың төріне келіп отырмыз.Түркістан-Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрінің тоғысқан алтын діңгегі.Тарихының тамыры бар,дәстүрінің тәлімі бар бұл қала бізге үлкен әсер қалдырды.Бүгінгі саяхатымыз сопылық ілімінің негізін қалаушысы,дін уағыздаушысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан басталды.Сонау XIV ғасырда Ақсақ Темірдің бұйрығымен салынған кесене бүгінгі таңда туристтердің көзайымына айналып отыр.Кесенеге кіре бергенде көзімізге бірден Қармақ ауылында жеті асыл металдардан құйылған Тайқазан түсті.Осыдан кейін біз Абылай хан дәлізіне кірдік.Бұл жердеАбылай ханның қабірі орналасқан. Кезінде оны ақ киізге отырғызып,хан ретінде тағайындаған.Сонымен қатар,кесенеде және кесененің аумағында 164-ке жуық хан-сұлтандар,билер, игі жақсылардың қабірлері орналасқан.Осыған қоса, кесенеде асхана мен кітапхана бар.Тарих толқынында терең із қалдырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі өзінің ғажап архитектурасымен таң қалдырып,келешекте жаңа ұлттық нақыштарға,сәулет өнерін дамытуға шабыттандырды. Кесенеге зиярат етуден алынған әсерлер мен сезімдер бізді рухани жағынан байытты. Ел аузында жүрген аңыз бойынша,Ахмет Ясауи жер үстінде қанша жыл өмір сүрсе,жер астында да сонша жыл өмір сүрген.Ол жер астына түсіп,әдебиет пен өзінің ғұмырында аса маңызды орын алатын Диуани Хикмет(даналықтарын) жарыққа әкелді.Бұл жерге барып қайтқаннан кейін біз осы Диуани Хикмет шығармасын оқуға бел будық. Осыдан кейінбіз XIV-XX ғасырлар аралығында жұмыс істеген шығыс моншасына барып қайттық.Бұл жерде есіктердің жоқ екендігіне қарамастан,әр бөлменің температурасы қалыпты жағдайда сақталып,бір-бірімен алмаспаған. Бұл жағдай бізді таңғалдырып,болашақта оны зерттеп, себебін анықтауға жетеледі. Мәдени-этнографиялық орталық біздің келесі нысанамызға айналды. Мұражайға кіре бергенде,алдымызда он екі қанатты Ақ Отау киіз үй көрінді.Бұл орталықта ежелгі,орта,жаңа және қазіргі заман тарихына сай сирек кездесетін,әрі құнды экспонаттар бар.Олар:қосқұлақты құмыра,жебе ұштары,балбал тастар,қолжазбалар және т.б. Кейінгі біздің сапарымыз шеберлер ауылында жалғасты. Осы жерде қазақ халқының нақышына сай қол өнер туындыларының түр-түрі шоғырланған. Мұндағы әрбір адам өзінің сүйікті кәсібімен айналысады. Бірі музыкалық аспаптарды жасаса, екіншісі ұлттық киімдерді тігумен айналысады. Біз ұлттық аспаптар үнін естіп, жүрегімізде патриоттық сезім оянды. Бүгін мәдениет үйінде түркітанушы, қазақ әдебиетінің дамытушысы, сыншысы Құлбек Ергөбекпен кездесу өтті. Бұл кісі бізді талай қызықтарға толы өзінің өмірі мен шығармашылығымен таныстырды. Еркін және қолайлы ортада қызықты сыр сұхбат жүргізіп, өзімізді толғандырған сауалдарға жауап алдық. Бүгінгі күннің барысында біз білімімізді жан - жақты толықтырып, ой - өрісімізді кеңейттік. Қорытындылай келе,бүгін мазмұнды әрі көңілді оқиғаларға толы күн болды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-an-elge-ta-zym-shymkent-6-k-n-420426](https://yvision.kz/kk/post/t-an-elge-ta-zym-shymkent-6-k-n-420426)