---
title: "Сырлаушы-сылақшылар: жалаңаш қабырғаға қалай жан бітіруге болады?"
description: "Сарапшылар WorldSkills Kazakhstan чемпионаты қатысушылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жаңа техн..."
author: "MON_RK"
published: "2017-06-12T06:43:00+00:00"
modified: "2017-06-12T06:43:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/syrlaushy-syla-shylar-zhala-ash-abyr-a-a-alay-zhan-bitiruge-bolady-769452"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/syrlaushy-syla-shylar-zhala-ash-abyr-a-a-alay-zhan-bitiruge-bolady-769452/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сырлаушы-сылақшылар: жалаңаш қабырғаға қалай жан бітіруге болады?

> Сарапшылар WorldSkills Kazakhstan чемпионаты қатысушылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жаңа техн...

Сарапшылар WorldSkills Kazakhstan чемпионаты қатысушылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жаңа технологияны игеруіне де көмектеседі деп есептейді

Декоративті өңдеу жұмысын атқаратын білікті шебер қашанда сұранысқа ие. Күн сайын жаңадан қаншама ғимараттар мен құрылыс нысандары салынады, ескі ғимараттар жөнделеді, солардың қай-қайсысында да сырлайтын және сылайтын мамандар қажет. Олар болмаса, біздің үйлеріміз де әдемі әрі сәнді болмас еді. Ал мықты маман жұмысына шығармашылық көзқараспен қарайды, ол жалаңаш қабырғаға түрлі жазбалармен немесе көркем фрескамен жан бітіреді. Мұндай мамандарға құрылыс фирмалары да, жеке тапсырыс берушілер де зәру. Сырлаушы-сылаушылар үшін отбасын асырау, лайықты өмір сүруге жеткілікті табыс табу да қиын емес.

Сырлаушы-сылаушы мамандар уақыт көшінен қалмай, үнемі дамып отыруы тиіс. Технология жетіліп, жаңа құрылыс материалдары мен құралдары пайда болып жатқан уақытта бұл мамандық иелері үшін де тәжірибе алмасу маңызды, онсыз заманауи нарықта бәсекеге түсу қиын. 3-5 мамыр күндері Астана қаласында өткен колледж студенттері арасындағы WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты бұл ретте болашақ әрлеушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Сарапшылар даярлаған тапсырмалар балалардың кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа техниканы игеруіне бағытталған.

“Декоративті және сылау жұмыстары” құзыреті бойынша 9 адам сынға түсті. WorldSkills Kazakhstan чемпионатына өз колледждерінің намысын қорғай келген студенттерге бірқатар тапсырманы орындауға тура келеді, соның нәтижесі бойынша үздіктер анықталады. Бұл – конкурс өтетін әр күні сегіз сағатқа созылған нағыз қайнаған жұмыс. Қазылар алқасы әр кезеңді (модульді) халықаралық жүйе бойынша бағалайды, оны WorldSkills чемпионатына қатысушы 76 елдің әрқайсысы бекіткен. Ең соңғы нәтижеде бәрінен жоғары ұпай жинаған жеңімпаз Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін финалда тек өзі оқитын колледждің ғана емес, Қазақстанның намысын қорғайды.

Конкурста балалардың атқарған жұмыстарына қараған уақытта қазақстандық құрылыс техникумдарындағы маман даярлау ісі жоғары деңгейде екенін аңғаруға болады. Студенттер әр модульдің басында сарапшылар ұсынатын техниканы тура сол күйіне қайталау үшін сырлау және декоративті сәндеу ісіне бар күшін салып, шеберліктерін көрсетеді. Трафарет бойынша сурет салғанда жылдамдық та, нақтылық та, ұқыптылық та маңызды. Қатысушылар “ЭКСПО-2017” логотипіндегі жапырақтарды қолдан салу арқылы да шеберліктерін көрсетті, бұл конкурстағы “көркем” тапсырмалардың бірі болатын.

Қыз балалардың жылдамдық жағынан да, шеберлік тұрғысынан да ұлдардан бір мысқал да кем емес екені де қуантады. Анна Бобылова WorldSkills Kazakhstan чемпионатына Көкшетаудан келген. Аннаның достары Құрылыс-техника колледжінде оқыған екен, таңдау жасауына ықпал еткен де солар. “Мамандықтары туралы көп айтатын, содан қызығушылығым оянды. Қазір “сырлаушы-сылаушы” мамандығы бойынша оқып жатырмын, өзіме ұнайды. Оның үстіне, сурет салу хоббиім болатын”, – дейді Анна. Болашақта мамандығын терең игеріп, әрі қарай оқып, жұмыс істеуді көздейді. “WorldSkills – қызығушылығы ортақ адамдармен араласуға, тәжірибе алмасуға берілген зор мүмкіндік. Өте көп нәрсені білдім”, – дейді студент.

Түсқағаз жапсыру, қатты фреска, жылдамдыққа және трафаретпен фреска жасау, есік сырлау – жұмыстың бағыты әртүрлі, алайда балалар шеберлер мен сарапшылар бекіткен стандартты қатаң сақтауы тиіс. Тек 4 сағатқа созылатын соңғы модульде ғана шығармашылық қабілеттерін барынша көрсетуге мүмкіндік беріледі. Мұны “фристайл” деуге де болады: әр қатысушы өзінше бір сурет ойлап тауып, соны декоративті сылақ түрінде көрсетуі тиіс. Кез келген техниканы пайдалануға болады, маңыздысы – ерекше қабілетіңді паш ету.

“Дәл осы фристайлда балалар бар өнерін салуы тиіс, өздерін көрсетуге, қабілеттерін ашуға берілген мүмкіндік деуге болады”, – дейді WorldSkills Kazakhstan чемпионатының осы құзырет бойынша ұлттық (яғни, бас) сарапшысы Ирина Левченко. Ирина – әрлеу жұмыстары және декоративті бояуларды дистрибуциялау жұмысымен 17 жылдан аса уақыттан бері айналысып келе жатқан “МастДизайн” компаниясының өкілі. “Бізді нарықта жақсы таниды. Осы конкурсқа шақырту алғанымыз да бекер емес, колледждерге қандай деңгейге ұмтылу керек екенін көрсеткіміз келеді”, – дейді сарапшы. Конкурс қатысушыларына тапсырма даярлайтын да осындай компаниялардың өкілдері екенін айтады.

“Біз тапсырмаларды құрастырамыз, студенттерді сол тапсырмаларды орындауға дайындаймыз, олардың жаңа дүниені үйренгенін, кейін заманауи құрылыс нарығында сұранысқа ие маман болғанын қалаймыз… Көптеген колледждердің барлық технологияны жетік меңгермеген мамандарды даярлайтыны да жасырын емес. Нарық күннен-күнге даму үстінде, сондықтан балаларға бүгінгі күні әрлеуші-декоратор нендей шаруаны білуі және атқара алуы керектігін көрсеткіміз келеді. Декоративті әрлеу ісіндегі ең соңғы үлгілерді көрсетсек дейміз. Сондықтан да модуль осындай форматта өтеді, мысалы, біз қандай да бір сылақ түрінің жағылу техникасын көрсетеміз, ал қатысушылар соны айна-қатесіз қайталауы тиіс”, – дейді ұлттық сарапшы.

Сылақшылар мен әрлеу жұмысымен айналысатын үшін WorldSkills Kazakhstan конкурс қана емес, кәсіби біліктілігін арттыру курсы іспетті деуге де болады. Бұл тәжірибе тек колледж оқушыларына ғана емес, Астанаға студенттерін қолдау мақсатымен келген оқытушыларға да әрі қарайғы жұмыс барысында пайдалы болатынына сенеміз.

“WorldSkills күнделіктері” циклының басқа материалдары келесі сілтемелерде:

[https://yvision.kz/post/769395](https://yvision.kz/post/769395)

[https://yvision.kz/post/768936](https://yvision.kz/post/768936)

[https://yvision.kz/post/767785](https://yvision.kz/post/767785)

[https://yvision.kz/post/767546](https://yvision.kz/post/767546)

[https://yvision.kz/post/767535](https://yvision.kz/post/767535)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/zy2FDPM3ot3fvaygztiE82nmyJCl81.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/G0181XBw8yQx5hVyKXh7Q0P1tn705r.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/gltnTzXJ3FFAbP1JyA5vNiM5a3pXMD.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/EU8HgASthRL89bJ0FsL0TPwKigMV2N.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/31S8Xtjou465l8LX2GXtznZ9BpgdfR.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/V4E5cFJtlZUg7SIB57amNCByunAXfb.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/i38IM0wdF038Vj6TR6e2QO0A8LvZyu.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/syrlaushy-syla-shylar-zhala-ash-abyr-a-a-alay-zhan-bitiruge-bolady-769452](https://yvision.kz/kk/post/syrlaushy-syla-shylar-zhala-ash-abyr-a-a-alay-zhan-bitiruge-bolady-769452)