---
title: "Сыр елінің тұңғыш генералы"
description: "Қызылорда қаласының орталығында сұлу Сырдария өзені жағалауынан басталып, облыстық Ішкі істер депар..."
author: "dvdkzokz"
published: "2016-06-19T22:35:39+00:00"
modified: "2016-06-19T22:41:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/syr-elini-t-ysh-generaly-698441"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/syr-elini-t-ysh-generaly-698441/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сыр елінің тұңғыш генералы

> Қызылорда қаласының орталығында сұлу Сырдария өзені жағалауынан басталып, облыстық Ішкі істер депар...

![Сыр елінің тұңғыш генералы](https://storage.yvision.kz/images/user/dvdkzokz/S2eliCfHEFg7a51Yz8oM1FtVy6qHMu.jpg)

Қызылорда қаласының орталығында сұлу Сырдария өзені жағалауынан басталып, облыстық Ішкі істер департаменті ғимаратына келіп тірелетін көше Сыр елінің тумасы, тұңғыш генерал Нұрылла Алмағамбетов атымен аталады.

Биылғы жылдың 8 наурызында абзал азамат, жерлесіміз, 19 жыл Қазақ КСР-ның Ішкі Істер министрінің бірінші орынбасары болған, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Ерлігі үшін» және тағы басқа 14 медаль иегері, КСРО Ішкі істер министрлігіне және Қазақ ССР ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер, милиция генерал-майоры Н.Алмағамбетов тірі болғанда 96 жасқа толатын еді.

Ол 1919 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр (бұрынғы Қызылту колхозы, Калинин совхозы) ауылында туылған. Әуелі Қызылорда қаласындағы орта мектепті, кейін Қызылорда медициналық училищесін «фельдшер» мамандығымен аяқтап, Алматы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтының курсын аяқтаған соң, Алматыда денсаулық сақтау бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. 1938 жылы Қызыл Әскердің қатарына шақырылып, 1939 жылы Фин соғысына қатысады.

Ұлы Отан соғысы басталарда ол Ақтөбеде құрылған 101-ші Ұлттық жеке бригаданы жасақтауға қатысып, ерекше бронепоезд бөліміне әуелі аға-әскери фельдшер, кейін бөлімнің әскери медициналық қызметінің бастығы, санитарлық ротаның командирі ретінде Калинин, Прибалтика, Төртінші Украина майданындағы қанды шайқастарға, Псков облысы, Белорусь, Латвия, Литва, Эстония және Шығыс Еуропа елдерін фашизмнен азат етуге қатысады. 1942 жылдың аяғында Ногинск қаласына жеткізіліп, Жоғарғы Қолбасшысының құзырындағы 39-шы армияның қарамағына еніп, Мәскеуді қорғауға қатысты.

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Рысбай Кәріммен баспаға берілген «Елім деп соққан жүрегі» атты кітабында 101-ші ұлттық бригада командирінің орынбасары, қызылордалық майор Мусса Сәдібеков 1942 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлебаевқа жазған хатында: «Менің жерлесім Нұрылла Алмағамбетов жауынгерлер арасында үлкен беделге ие. Ол ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, ұрыс даласында жараланған 30 жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, оларды ұрыс даласынан алып шығып, ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Әлі алда Жеңіс күніне дейін талай ерліктер жасай беретін болады» деп көрсетті. 1943 жылдың наурызында «Ржев асуынан» кейінгі шайқастардан кейін, батысқа қарай жорық жолдарын бастаған Н.Алмағамбетов атақты «Багратион» операциясына қатысып, Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат етеді. Полоцк қаласын жаудан босатқан шайқаста ол көрсеткен ерлігі үшін жоғарғы бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хатымен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сол кездердегі шайқастарды еске алған қаруласы, майдангер ардагер, отставкадағы полковник Кәкен Әбенов: «Нұрылла күні-түні ұйқысыз, демалыссыз жаралы жауынгерлердің өмірі үшін күресті. Оларды тірі алып қалу үшін білімі мен тәжірибесін аямады. Ал жаудан «Тіл» әкелуге жасақталған арнайы командаға ол бірінші шақырылатын. Фин соғысында осындай тапсырмаларды орындаудағы оның тапқырлығы, бай тәжірибесі, ержүректілігі ескерілген еді», - деп жазды («Ради жизни», №6, наурыз 1996 жыл). «Санитарлық рота алдынғы шептегі ұрыстарға, қолма-қол шайқастарға қатысып, жауған оқтың арасында жаралыларға дәрігерлік көмек көрсетіп, оларды ұрыс даласынан шығарып жататын. Сондықтан да олардың міндеттері жауапты да, күрделі болатын»,- деп жазады майдан, әскер қолбасшылары.

А.Михиннің «Біз жеңу үшін қаза болдық» атты Ржев шайқасына арналған еңбегінде төмендегі жолдар бар: «Біз Ржевке жерде жатқан қаптаған адам өліктерін баса отырып жылжыдық. Ол жердегі 200-250 шақырымды құрайтын Ржев асуындағы айқастар барысында көптеген өлім алқаптары мен шоқ-тоғайлар пайда болды. Жаз, ыстық желсіз күн, алдымызда өлім алқабы. Ол жерде шайқаста болмаған адам мыңдаған сасыған адам өліктерін де, қаптаған, құжынаған құрттарды да көзіне елестете алмайды, түсіне білмейді. Жердегі адам өліктері үш қатардан тұрады. Олардың үстінен телефон кабелі жүргізілген, ол үзілсе оны қалай да болса жалғау керек. Мәйіттердің үстімен еңбектеп мінуге мәжбүрсің. Ал олар 3 қабат болып қалған, ісініп жарылуға айналған. Кейбіреулері жарылып үлгірген. Жүрек ауыртатын жиіркенішті, жағымсыз, адам өліктерінің қолаңса сасыған иісі бүкіл алқапты алып жатыр. Снаряд жарылғанда еріксіз осы мәйіттер астына тығыласың, денең үрейден түршігеді.

Снаряд жарықшақтары ұшып өтісімен жан-айқаймен орныңнан тұрып, жалма-жан үстіңді қағып, алға ұмтыласың. Жау жоғарыда өте ыңғайлы позицияда орналасқан. Біздің орналасқан жер оларға жақсы көрінеді және оларға ату өте ыңғайлы, бұл жерді айналып өте алмайсың (аударма өзімдікі)».

Ржев асуындағы шайқас Кеңес азаматтарының есінде «Ржев еттурағышы» деген атпен қалды. Бұл соғысты немістер де қорқынышпен еске алады екен. Қазір бұрын жазылмай келген ұғымдар пайда болды.

Соның бірі – «Ржев түбіне айдап алып барды». Бұл шайқаста Кеңес әскерлері әскери техника мен адам саны бойынша өте көп шығынға ұшырады, ал немістер аз шығынмен қаланы тастап шықты. Шабуылмен қалаға кірген Кеңес әскерлері немістің тастап кеткен бос қала мен әскери техникаға ұқсатып, көз қылып орналастырған «арьергардқа» тап болған.

Бұл «Буйвол» операциясы – немістердің әскер санын шығыннан және қоршауда қалу қаупінен аман алып қалу үшін жасаған тактикасы екен. Бұны қазіргі таңда немістердің Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен асқан әскери шеберлігі, ұтымды жоспарланған шегіну операциясы деп бағалап жүр. Әлемнің көптеген мемлекеттерінің әскери оқу орындарында немістердің бұл тәжірибесі арнайы оқытылады екен.

Ржев-Вяземск операциясы Кеңес Одағы басшылығының бақылауында болды. Жау Мәскеуден бар болғаны 150-200 шақырымда Ржевте мықты плацдарм құрған. Ржев қаласы 1943 жылдың 3 наурызында босатылды, ал 4 наурызда Ұлыбритания Премьер-министрі У.Черчилль Сталинге құттықтау хат жолдаған. Қазіргі Ресей тарихшыларының деректеріне сенсек, Сталин бүкіл Ұлы Отан соғысы барысында бір-ақ рет шайқас болған жерге барған екен. Бұл 1943 жылдың 3-5 тамыз күндері. Соғыс шығыны туралы әр түрлі деректер бар. Қаза болған, із-түссіз жоғалғандар саны 392 554, жарақат алғандар саны 768 233, тұтқынға түскендер саны 63 700-ді құраған. Ал тарихшы П.Кривошеев өлгендер саны 433 037, тұтқынға түскендерімен бірге саны 605 984 болған деп көрсетіп жүр. Шайқасқа дейін қала мен оның төңірегінде 20 000 адам тұрса, шайқастан кейін 150 адам, соғысқа дейінгі 5443 үйден 297 үй қалған екен. Шайқас салдарынан келген зиян 1,5 млрд. рубльді құраған. Бұл сол кездегі есеппен орасаң шығын болып есептеледі. Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы В.П.Астафьев өзінің «Прокляты и убиты» кітабында: «Біз оларға өзен тола қан ағыздық және оларды тау-тау өліктермен көміп тастадық» деп жазады.

![Сыр елінің тұңғыш генералы](https://storage.yvision.kz/images/user/dvdkzokz/kCQ3c36CZzj1kwp3ZZMHDDzndSr1q0.jpg)

Қазіргі ресейлік тарихшылар бұл алапат қырғынға ол шайқаста кезекпен-кезек басшылық жасаған Жуков пен Коневті кінәлауда. Ржевте бас қолбасшы болған Жуков өз мемуарларында бұл шайқасқа бар болғаны бірнеше қатар ғана арнаса, Конев ол тақырыпты айналып өтіп, мүлдем ештеңе жазбайды. Бұл шайқаста Кеңес әскерлері жеңгенімен техника мен адам саны өте көп шығынға ұшырап, ауыр зардаптарға душар еткен.

Мен Ржев шайқасының Нұрылла ағаға тікелей қатысты деректерді интернет беттерінен іздеп, оны қазақ тіліне аударуға едәуір уақытымды бөлдім. Соғыс алаңында қаншама адам жер жастанғанда, соғыстың басынан аяғына шейін қатысып, қаншама қиыншылықтарды көріп, майдандастарын, достарын ұрыс алаңынан алып шығып, кейбіреулерін жерлеп, қаншама рет жаны күйзеліске ұшыраған Нұрылла ағаның «Қанша қырғын болса да ажалдан өледі» демекші елге аман-есен қайта оралуы оны ата-бабасының аруақтары мен періштелердің жебеп-желеп, қорғап жүруінен деп түсінуге болады.

Осындай қиян-кескі ұрыстар кезінде Н.Алмағанбетов бірнеше рет жараланып, контузия алып, екінші топтағы мүгедек атанған. Алайда ол майдан алаңында әскер қатарында қала берді. Соғыс аяқталғаннан кейін өзінің командалық құрамымен Н.Алмағамбетов Шығыс Германияның Оңтүстік Саксониядағы Кетен қаласына әкімшілік қызметке жіберіледі. Соғыстан кейін жауынгер офицер 2 жыл бойы Германиядағы Кеңес әскерінің қатарында саяси жетекші, кейін өзі қызмет атқарған құрамының медицина қызметінің бастығы болып қызмет атқарды. Соғыс аяқталғаннан кейін Германияда нацистік топтар шабуылдарына тойтарыс беріп, қираған ғимараттарды қалпына келтіру, халықты бейбіт өмірге бейімдеу, дәрігерлік көмек көрсету, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруда Н. Алмағамбетов өзінің іскерлік қабілетін көрсете білді.

Менің әкем соғыстан 1946 жылдың қарашасында келсе, Нұрылла аға елге 1947 жылы оралды. Н.Алмағамбетов бейбіт өмірге араласып, әуелі облыстық денсаулық сақтау бөлімінде эпидемиологиялық науқастарға қарсы күрес секторының меңгерушісі лауазымын атқарып, кейін 1948 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы лауазымдарын атқарды.

1955 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін аяқтаған соң, Сырдария өзенінде салынып жатырған Қызылорда плотина құрылысына парторг қызметіне тағайындалды. Соғыстан кейінгі ел тұрмысын түзеу үшін Сыр елінің күріш алқаптарын арттырып, оны сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысты. Сырдария өзенінің көктемдегі көп суды реттеу үшін бұл құрылыстың стратегиялық маңызы бар еді. Өзіне сеніп тапсырылған бұл жұмыста да Н.Алмағамбетов барлық күш-жігерін жұмсап, алдынғы қатардан көрініп, өзіне жүктелген сенімді ақтай білді. 1956 жылы плотина құрылысы аяқталған соң мемлекеттік қауіпсіздік органдарын партияның кадрларымен нығайту саясатына байланысты ол ШҚО бойынша Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасының орынбасары қызметіне жіберілді. Бұл қызметте ағамыз 6 жыл еңбек етіп, Мәскеудегі ҰҚК бір жылдық курсын бітірді. Осы кездері ол мемлекеттік қызметпен қатар Өскемен қалалық партия комитетінің мүшесі, қалалық Кеңестің депутаты сияқты қоғамдық жұмыстарды белсене атқарды.

Оның бұл қызметі сол кездегі елдегі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты еді. Елде түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдарға амнистия жариялап, бостандыққа шығарған болатын. Олардың көбісі тың игеруге Қазақстанға ағылып келіп жатты. Олардың ішінде рецедивистер, қоғамда ауыр қылмыс жасаушылар, т.б. қылмыскерлер көп болатын. Олармен бейбіт өмірде жұмыс жүргізу, қоғамның тыныштығын сақтау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болатын. Оның үстіне елдегі қауіпсіздік органдар тарапынан жаппай қуғын-сүргін тоқтатылып, бұл органдар партия тарапынан қатаң бақылауға алынды. Осы жағдайды ескерген үкімет ІІМ Орталық аппаратын нығайту мақсатында білімді, тәжірибелі, өмірдің ыстық-суығын көрген кәсіби мықты кадрлармен толықтыруды көздеді. Бұл талапқа майдангер, ҰҚК басшысы қызметін мінсіз атқарған 43 жастағы Н.Алмағамбетов сәйкес келіп, Қазақ ССР ІІМ-нің бірінші орынбасары қызметіне жіберіледі. Өзіне сеніп тапсырылған бұл қызметті ол 19 жыл абыроймен атқарды. Ол министрліктің үлкен де, жауапты, ауқымды саласын басқарып, тергеу, БХСС, еңбекпен түзеу (лагерлер, колониялар, түрмелер), құрылыс, өртке қарсы күрес қызметтері саласына жетекшілік етті. Әсіресе Н.Алмағамбетов еңбекпен түзеу мекемелеріндегі бұрын сотты болғандарды қайта тәрбиелеу, оларды қоғамға бейімдеу, тұрмыстық жағдай жасау сынды өзекті мәселелерді республика көлемінде шешті. Ол түзету колониялары мен мекемелеріндегі бас бостандығынан айрылған азаматтарды халық шаруашылығының түрлі салалары бойынша өндіріске тарту, еңбекке баулу, сол арқылы халық тұтынатын өнімдер шығару, мамандықтарға оқыту, т.б. шаруашылық орындарын ұйымдастырып, жүктелген саланы өмір талабына сай басқара білді.

Н.Алмағамбетов өзінің өмірлік тәжірибесін қай салада қызмет атқарса да көрсете білді. Оның басшылығымен мыңдаған бұрынғы қылмыскерлер құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды өндіріп шығарды. Республикада, қалалар мен қыстақтарда тұрғын үйлерді, зауыт-фабрикаларды, өндіріс орындарын салды. Осындай тәрбиелік маңызы бар жұмыстардың негізінде, көптеген бас бостандығынан айрылғандар, еңбек тәрбиесін алып түзеліп, отбасына оралып жатты. Осы жұмыстардың ұйытқысы және басшысы бола білген генерал Н.Алмағамбетов соғыс кезеңіндегідей алдынғы сапта жүрді. Осы бейбіт күндегі еңбегі ескеріліп, ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Өз міндетін қай қызметте жүрсе де үлкен абыроймен атқарып, ел қорғауда, бейбіт еңбекте қалтқысыз қызмет атқарғаны үшін тұңғыш генерал 40-тан аса марапатқа ие болды, оның ішінде КСРО басшысы И.В. Сталиннің Алғыс хаты мен «Ерлігі үшін» медалі, 4 рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Мақтау Грамотасы, 21 рет Үкіметпен, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» ордені, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, «Ерлігі үшін және т.б. 14 медалі бар. Ол көзі тірісінде КСРО Ішкі істер министрлігіне және Қазақ ССР ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер атағына ие болған.

Тауқыметтер мен қиындықтарды басынан кешіріп, елін жаудан қорғауда, бейбіт күндері қылмысқа қарсы күресте қатардағы жауынгерден генералға дейін көтерілген жерлесіміз Н. Алмағамбетовтің өмір жолы бүгінгі келешек жастарға үлгі екендігі сөзсіз.

Өзім де кейін есейген кезде ол кісінің ақыл-кеңестерін естіп өстім. Ол кісінің аты Сыр бойына, Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдары және т.б. тақырыптардағы көптеген кітаптарға енді, әлі де енеді. Сондықтан ол кісінің кімге болса да үлгі болатын өмірбаяны, қиын балалық шағы, Фин және Ұлы Отан Соғысындағы өшпес ерліктері, соғыстан кейінгі Партия, Ұлттық қауіпсіздік, Ішкі істер органдарындағы халық шаруашылығын қалыпқа келтірудегі, социалистік заңдылықты сақтаудағы көрсеткен ерліктері айтуға, жазуға, өлең жолдарын арнауға, тіпті ол туралы фильмдер түсіруге тұрарлық.

Оның үлгілі өмірбаяны, жүріп өткен жолы көптеген шәкірттері үшін үлгі болады және жастар, құқық қорғау, әскери оқу орындары түлектеріне патриоттық тәрбие беруде маңызы зор. Ол кісіні есейген шағымда алғашқы көргенім әлі есімде. 1978 жылы мен мектепте 9-сыныпта оқып жатырған кезімде үйімізде қонақта болып, маған көптеген сұрақтар беріп, менімен біраз әңгімелесіп, маған КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы милиция мектебіне оқуға баруымды ұсынды және ата-анамның келісімін алды. Олардың бұл шешіміне қарсы болып, милиция қызметкері болғым келмеді. Ол үшін орта мектепті бітірер кезде, құжаттар жинау барысында ІІІ оқу тоқсан табелін қасақана тығып тастадым. Соның салдарынан құжаттар ішкі істер басқармасына кеш тапсырылды. Кадр қызметкерлері менің милиция қызметкері болғым келмейтінін байқап, менің құжаттарымды Қарағанды мектебіне емес, Алматы өрт-техникалық училищесіне тапсыруымды сұрады және мен солай істедім. Кейін менің ол кісінің айтқанын істемегеніне ренжіп, өзіме, әкеме ұрысқаны бар еді.

Менің әкемнің айтуынша, 1941 жылы Қызылордадағы 1-Май орта мектебін алғашқы түлектері қатарында аяқтап, соғысқа аттанғанда Нұрылла Ақтөбе қаласында әскери жиында болатын. Оны перронда күтіп алып: «Асан бұл бір ғаламат соғыс болады, бір әке-шешеден сен де, мен де жалғыз ұлмыз. Алла тағала екеумізді соғыстан аман-есен қайтуды жазсын, хош бол»-деп аздаған ақша ұстатты. Алла олардың тілектерін қабыл қылып екеуі де аман оралды.

Ол кісінің соғыс, милиция қызметі туралы әңгімелері қызықтыратын. Ол сондай-ақ, медицинадан, өнер және әдебиеттен жақсы хабардар еді. Қызылордалық жерлестер, Исатай Әбдікәрімов басқа да көптеген Сыр елінің белгілі азаматтары ол кісінің үйінде жиі қонақта болатын.

Өткен жылы аталып өтілген Жеңістің 70 жылдығына орай, облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының алдында орнатылған мәрмәр тақтаға Нұрылла Алмағамбетовтің аты қашалып жазылды.

Иә, Нұрылла ағаның Сыр елінде іздері сайрап жатыр. Қазақстанның әр түкпірінде ол кісінің шәкірттері жетіп артылады. Жалағаш ауданының орталығында да ол кісінің атымен аталған көше бар. Генерал оқыған Қызылорда медициналық колледжі мен облыстық өлкетану мұражайында ол кісіге арналған бұрыш ұйымдастырылып, ағамыздың тірі кезінде ұстаған заттары, мундирі, бүкіл ордені мен медальдері сақтаулы тұр. Халық ол кісіні әрдайым тек жақсы жағынан ғана еске алады. Ері есімі ел есінен ешқашан өшпейді.

 

**Қоразбаев Хұсайын Асанұлы**

*Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті*

*Заң бөлімінің басшысы, запастағы полиция полковнигі*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/syr-elini-t-ysh-generaly-698441](https://yvision.kz/kk/post/syr-elini-t-ysh-generaly-698441)