---
title: "Светлана Алексеевичті жоғалтып алдық..."
description: "«...Светлана Алексеевич өмірден озды. Ол енді қайта келмейді...» деген сыңайлы ақпаратты бүгін көп е..."
author: "ernarito"
published: "2017-05-18T07:26:47+00:00"
modified: "2017-05-18T07:26:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/svetlana-alekseevichti-zho-altyp-aldy-767139"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/svetlana-alekseevichti-zho-altyp-aldy-767139/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Светлана Алексеевичті жоғалтып алдық...

> «...Светлана Алексеевич өмірден озды. Ол енді қайта келмейді...» деген сыңайлы ақпаратты бүгін көп е...

«...Светлана Алексеевич өмірден озды. Ол енді қайта келмейді...» деген сыңайлы ақпаратты бүгін көп естідік. Ресейдің ақпарат құралдарынан. Әлбетте, фанцуздық басылымдар да жазыпты. Эйфель мұнарасының шыңынан Мәдениет министрі өзі хабарлап тұрса қалай сенбейсін. Хабарлағанда твиттер арқылы хабарлады. Ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда, әлеуметтік желілер бұл күнде бұқаралық ақпарат құралдарындай қабылданатын болды ғой. Тек, «одно ноны» ескеруіміз керек. Жалған твиттер екен. Фейк аккаунт. Итальяндық Томассо Дебенетти деген журналистің шығарып жүргені.

![](https://pp.userapi.com/c636928/v636928731/8beb1/qIkj3c7sccI.jpg)

Бір қызығы, Францияның мәдениет министрі Француаз Ниссеннің твиттері 17 мамыр күні ашылыпты. Осыған назар аударғандар болмады. Кейіннен, ресейлік бірнеше агенттік Алексеевичтің өзіне хабарласып, ақпаратты тексерген. Соған да «мидың» жеткеніне қуанамын. Ал Томассоның миы неге жетті?!

Томассо Дебенетти Римнің мектептерінің бірінде жұмыс жасайтын итальяндық журналист. Назар аударыңыз, мұғалім һәм журналсит (сірә, болашақта көптеген журналистердің негізгі кәсіптері журналистикадан алыстайтындығының тағы бір белгісі шығар). Алексеевич оның алғашқы «әзілі» болмаса керек. 2012 жылы Башар Асадты өлтірген осы азамат, Фидель Кастро жайлы да ақпарат таратыпты. Горбачевті өлтіріп, әлемнің жартысын зарлатқаны/қуантқаны бар.

Әй, болашақтың журналисті дейміз, мынаған назар аударыңыздар. Дебенеттидің 2000 жылдары жасаған ісін айтамын. Ол итальяндық газеттерге атақты адамдармен сұхбатын жариялаған. Өмірде кездеспесе де, Джон Грэшо оған сұхбат бермесе де жақсы материал шығарған.

Бұны не үшін жасап жатырсыз дегенде «Әлеуметік желілер заманындағы журналистиканың деңгейі осы. Олардың неге екенін білмеймін, бірақ маған сене беретініне таң қаламын. Мен бұны Итальяндағы журналистердің төмен деңгейін көрсету үшін жасаймын» депті.

Осы біздер қазақ журналистерін жамандай береміз ғой. Фактчекиң дегенді білгір блогерлердің ерінбегені айтты. Құлақ түрер жандар бар шығар, алайда, тым аз-ау.

Ал Томассолар ше?! Бұл жігіттің жүйесі оп-оңай ғой: аккаунт аштың, жаздың, кейін өтірік жазғаныңды мойындадың да, сенген БАҚ тізімін толықтырды. «Біздің елдің жігіттері» әндегі «төре» атауына лайықты қылып өтірікті жібереді. Сақалсыз Сағадиевтің сөлін сорып алды, сақалды Бекболатты салафит қылды, жын болған халық ортада. Өтіріктері әшкереленгенде ешбірі мойындамайды. Барлығы кереметтей драматургтер, әттең, театрда сахналанбайтын қойылымдардың авторлары. Бір өтіріктің үстін бір өтірік жабады. Ал өтірік білімсіздіктен бе, топастықтан ба, әлде қуық диаметіріндей ойлау жүйелерінен бе, әйтеуір, қайдан пайда болатындығын түсінбеймін. Табады ғой...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/svetlana-alekseevichti-zho-altyp-aldy-767139](https://yvision.kz/kk/post/svetlana-alekseevichti-zho-altyp-aldy-767139)