---
title: "Спорт – ұлт денсаулығының кепілі"
description: "Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Қазақстандағы Спорт күніне ора..."
author: "za19952001"
published: "2021-08-20T09:10:33+00:00"
modified: "2021-08-20T09:10:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sport-lt-densauly-yny-kepili-945550"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sport-lt-densauly-yny-kepili-945550/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Спорт – ұлт денсаулығының кепілі

> Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Қазақстандағы Спорт күніне ора...

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Қазақстандағы Спорт күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірі мен спорттағы жетістіктерін насихаттап отырады. Соңғы жылдары елімізде орын алған шектеу шараларына байланысты атаулы мерекені онлайн түрде ақпарат беруді дәстүрге айналдырдық. Ағымдағы жылы әлеуметтік желіні қолданушы оқырмандарымызды Қазақстандағы голбол ойынының тарихымен таныстыруды жөн көрдік.

Голбол — спорттық ойын және паралимпиадалық ойындар бағдарламасына кіреді.

Ойынның тәртібі бойынша үш ойыншыдан тұратын команда қарсыластарының, төңірегіне қоңырау іліп қойған дабылды қақпасына доп салуы тиіс.

Голболды 1946 жылы австриялық Ганс Лоренцен мен неміс Зепп Райндле Екінші дүниежүзілік соғыстың зағип ардагерлерін оңалту үшін ойлап тапты. 1976 жылы Торонтода паралимпиадалық дебют өтті (голбол ресми бағдарламада 1980 жылы пайда болды), ал 1978 жылы Австрияда алғашқы әлем чемпионаты өтті.

Голболға арналған арнайы доптар өте қымбат, олардың құны шамамен 30 мың теңгені құрайды, сонымен қатар олар Қазақстанда да, РФ-да да шығарылмайды. Мұның бәрі кеңес заманында танымал ойынның ұмытылуына әкелді.

Қазақстандағы голбол ойынының бастауында өткен ғасырдың 80-ші жылдары Абубакиров Сулумбек пен Морозов Олег сынды ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылар тұрды. Сол кезде голболдан Қазақстан құрама командасының мүшелері болып А. Умерсеитов, С. Әбубакиров, С. Козарев және басқалар өнер көрсетті. Сол жылдары голболдан Қазақстан командасы Кеңес Одағындағы мықты командалардың бірі болып саналды. 90-шы жылдары басталған дағдарыс Қазақстандағы голболдың дамуына ұзақ уақыт кедергі келтірді.

Бірақ, соңғы кезде Қазақстанда голбол ойынының жаңа қарқын алып, дамуына «Мейірімді ел» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Елибакиев пен жары Н. Құрмашева бастамасымен жолға қойылды. Аталған бастаманы ГФР Алматыдағы бас консулы Ренате Шимкорайт пен Deutsches Blindenhilfswerk (Дуйсбург қаласы) зағиптар қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Хайке Маус қолдады. Өтеусіз сыйға тартылған арнайы голбол доптары мен көзілдіріктерінің арқасында Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрін дамытуға жаңа жол ашылып, өңірлерге голбол үшін 25 доп таратты.

Ұлттық паралимпиада комитеті Қазақстанда голбол федерациясын ашу және аккредитация үшін бастамашыларды әрдайым қолдап, дұрыс қадам жасауға бағыт беріп отырады. Осының арқасында өңірлерде филиалдар ашылып, Қазақстан голбол федерациясы құрылды.

Ең бастысы, бүкіл Қазақстан бойынша көру қабілеті бұзылған барлық балаларға белсенді паралимпиадалық спорт түрі голбол ұнайды.

Голбол ойыншылары 2017 жылдан бері Тайланд Патшалығы, Түркия Республикасы, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы, Германия Федеративтік Республикасы елдерінде түрлі халықаралық турнирлерге қатысты.

Қазақстанда голболдан 2017 жылдан бері 3 чемпионат және 2 Қазақстан кубогы өткізілді. 2019 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатында бірінші орынды Алматы қаласының құрама командасы иеленді – капитан: К. Сейтжан, ойыншылар: Ж. Болат, Н. Айдарұлы, М. Жанғазиев, А. Жүсіп, Ә. Бостан. Жаттықтырушылар: Ғ. Абденалиева, Н. Оспанов.

Екінші орынды Алматы облысының командасы иеленді - капитан: Е. Құсайынов, ойыншылар: Б. Абилов, А. Ғалымұлы, Қ. Акимбаев, Ж. Нұғманов, Д. Мусаев. Жаттықтырушы: С. Тіленшиев.

Қазақстанда Германияның Халықаралық жаттықтырушысы Кристин Даентлерден (Christine Daentler) дәріс алған голбол төрешілері үлкен жауапты рөл атқарады. Олар: Батырхан Құрмашев, Тахир Елибакиев, Жұлдыз Әкімбаева, Бұлбұл Айтжанова, Назира Құрмашева, Гүлім Жүнісбекова, Ғалия Әбденалиева, Алмаз Қорғанбаев, Берік Құрмашев, Нұржан Касанов. (Зағиптардың халықаралық спорттық ассоциациясы (IBSA) ережелері бойынша голбол ойынына 10 адам төрелік етеді).

2021 жылдың шілде айында голболдан құрама команда Түркияда 21 күн оқу- жаттығу жиындарында болып, шілденің 8-і мен 11-і аралығында Анкара кубогына қатысып, 7-ші орын иеленді. Ең бастысы голболдан құрама команданың алты спортшысы ай сайын Ұлттық паралимпиадалық комитеттен стипендия алады.

Болашақта голбол ойыншыларына әлемдік додаларға қатысып, жүлделі орындар иеленуін тілейміз!.

Даржанова Г.Т.,

«Зағип және нашар көретін азаматтарға

арналған республикалық кітапхана» РММ,

өнер және спорт әдебиеттері

бөлімінің меңгерушісі

Алматы қаласы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sport-lt-densauly-yny-kepili-945550](https://yvision.kz/kk/post/sport-lt-densauly-yny-kepili-945550)