---
title: "Спектакль үшін сотталды"
description: "Мәскеудің екінші Батыс округтік соты режиссер Евгения Беркович пен драматург Светлана Петрий?..."
author: "orazali"
published: "2024-07-09T06:25:13+00:00"
modified: "2024-07-09T06:25:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/spektakl-shin-sottaldy-1006326"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/spektakl-shin-sottaldy-1006326/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Спектакль үшін сотталды

> Мәскеудің екінші Батыс округтік соты режиссер Евгения Беркович пен драматург Светлана Петрий?...

*Мәскеудің екінші Батыс округтік соты режиссер Евгения Беркович пен драматург Светлана Петрийчуктың әрқайсысын алты жылдан бас бостандықтарынан айырды.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/1db42b458e233ceb2278ebe675b2400f.jpg)

*Светлана Петрийчук пен Евгения Беркович. Фото: kino-teatr.ru*

Оларға «лаңкестікті ақтады» деген айып тағылған. Бұған екеуі қойған «Финист – айқын сұңқар» («Финист Ясный Сокол») атты спектакль себеп.

2020 жылы қойылған бұл спектакльде радикалды діни ағым өкілдеріне тұрмысқа шығып, Сирияға кетуді жөн көрген қыздар туралы баяндалады. Онда шынайы өмірдегі әйелдерден жауап алу мен оларға қатысты үкімдер негізге алынған.

«Финист – айқын сұңқар» 2022 жылы «Золотая маска» сыйлығының бірнеше аталымын жеңіп алған. Соның ішінде пьеса авторы Светлана Петрийчуктың өзі де жүрдегер атанды.

Кейін осы қойылымға қатысты бірнеше арыз жазылды. Олардың авторлары «мұнда лаңкес әйелдер жанпида етушілер, ал Ресей мемлекеті мен қоғамы кінәлілер ретінде көрсетілген» депті. Сондай-ақ бұлар спектакльдің жат діни ағымдағы жігіттерге ғашық болған қыздарды кешіруге үндейтінін айтқан.

Содан келіп, прокурорлар бұл қойылымнан лаңкестікті ақтаумен қатар радикалды феминизмнің де нышандарын тауыпты. Бірақ Беркович пен Петрийчук, керісінше, пьесаның әйелдерді жат ағымдағылардың жетегінде кетуден сақтандыру мақсатында жазылғанын алға тартады.

Бірнеше шағымның біреуін сотталған өнер иелерінің әріптесі, төменновгородтық актер әрі режиссер Владимира Карпук 2022 жылдың қазанында жазыпты. Әртіс онысын тіпті «ВКонтактеге» жариялады. Яғни өзін жасырмай арыз жолдаған бірден-бір «батырыңыз» осы болып тұр.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/380daf4e5375028949f8448a5cb68e47.jpg)

*Владимир Карпук пен Владимир Путин. Фото:* *vk.com/karpuk_vladimir*

Ресейлік журналистер оның аталған спектакль туралы сыни пікірін неге тура 10 қазанда жариялағанына таңғалып отыр.

«Владимир Карпуктың спектакльді көре сала «ВКонтактеге» ештеңе жазбағаны қызық екен. Ал ол онда тұрақты түрде жазып, әрбір әсерін бөлісіп отырады. Бірақ Карпук Женя Берковичтің спектаклі туралы 2022 жылдың 10 қазанында ғана жазды. Өйткені ол бұл қойылымның Төменгі Новгородта 11 қазанда «Театральная стрелка» фестивалі аясында көрсетілетінін білген», – делінген «Новая газетада».

«Финист – айқын сұңқарды» көрсетуге сол кезден тыйым салына бастады.

Айта кетейік, Евгения Беркович пен Светлана Петрийчук былтыр мамыр айында ұсталған болатын.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/spektakl-shin-sottaldy-1006326](https://yvision.kz/kk/post/spektakl-shin-sottaldy-1006326)