---
title: "Созақ"
description: "Толық өтпей тарихтың мектебінен,Бейхабармыз кей таулар шөккенінен.Таң қалдырар сыр шерте абыздары,Па..."
author: "dauren84"
published: "2019-09-30T14:03:20+00:00"
modified: "2019-09-30T14:04:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/soza-841593"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/soza-841593/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Созақ

> Толық өтпей тарихтың мектебінен,Бейхабармыз кей таулар шөккенінен.Таң қалдырар сыр шерте абыздары,Па...

Толық өтпей тарихтың мектебінен,

Бейхабармыз кей таулар шөккенінен.

Таң қалдырар сыр шерте абыздары,

Парақтаса созақтық өткенін ел.

Жайпақ таулар жайылған мекенді бұл,

Небір аңыз жайлаған екен бұрын.

Қарт Қаратау Созағына ақын біткен,

Арқаланып төкпеген бекер жырын!

Әр қазақтың төрінде күй құралы,

Қонақ болсаң кезекпен үй тұрады.

Бағзылардың иісі сіңген жұрты,

Қона қалсаң бір жеті сый қылады.

Тұнық келген халқының жан-жүйесі,

Сол мекеннің расында бар киесі.

Оған дәлел төсінде ғұмыр кешкен,

Қара бура, Шашты əзіз әулиесі.

Бірі болып таныған құдайды ерте,

Ақбөкені мыңғырған шырайлы өлке.

Балбалтасқа соғыла үн шығарар,

Сазды, назды самалы ұнайды ерке.

Бар тұсының ізі бар шақтың өткен,

Дүбірі бар жау қуған аттың өткен.

Осы жерде Оғыздар орда тігіп,

Массагеттік бір кезгі Сақ күнелткен.

Жартасында ескіше сөйлем өрген,

Салтыменен аң-құсы бейнеленген,

Неше дəуір өткерген екен шіркін,

Таңбаланған тастары кей көнерген.

Білуі абзал тарихты əр жатқа кісі,

Өткенінен бейхабар жоқ кəрісі.

Хандығымның ең тұңғыш астанасы,

Осы, Созақ - Қаратау мақтанышы!

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

![Созақ](https://storage.yvision.kz/images/user/426037/4e50a70dab0e0517e0e1c177cb69c1.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/soza-841593](https://yvision.kz/kk/post/soza-841593)