---
title: "Солтүстік Қазақстан облысының судьялары 2014 жылғы жұмысты қорытындылады"
description: "Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық сотында 2014 жылғы облыс соттарының сот төрелігін іске асыру қоры..."
author: "sko_sud"
published: "2015-01-30T21:43:59+00:00"
modified: "2015-01-30T21:43:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/solt-stik-aza-stan-oblysyny-sudyalary-2014-zhyl-y-zh-mysty-orytyndylady-465551"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/solt-stik-aza-stan-oblysyny-sudyalary-2014-zhyl-y-zh-mysty-orytyndylady-465551/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Солтүстік Қазақстан облысының судьялары 2014 жылғы жұмысты қорытындылады

> Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық сотында 2014 жылғы облыс соттарының сот төрелігін іске асыру қоры...

![Солтүстік Қазақстан облысының судьялары 2014 жылғы жұмысты қорытындылады](https://storage.yvision.kz/images/user/sko_sud/50rRK8Ik12kLme4sUa2Pk29L8Wp3E4.jpg)

Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық сотында 2014 жылғы облыс соттарының сот төрелігін іске асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Кеңеске облыстық сот судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Облыстық соттың төрағасы М. Әкетай кеңейтілген кеңес жұмысын аша отырып, облыс соттарының қызметі сот төрелігінің сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сөзбұйданы жоюға, судья әдебі нормаларын сақтауға, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға, сонымен бірге Елбасы Қазақстан Республикасы судьяларының VI-съезінде қойған міндеттерді және оларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты берген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

2014 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық соты алғаш рет облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттың жұмысын үздік ұйымдастыру конкурсында бірінші орынға ие болды.

Кеңейтілген кеңес барысында облыстық соттың апелляциялық сот алқалары төрағаларының, кассациялық сот алқасы судьясының, судья әдебі жөніндегі комиссия төрайымының, оқу бағдарламалары үйлестірушісінің, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының Кеңсе басшысының, ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі басшысының жұмысы жөнінде ақпарат тыңдалды.

Солтүстік Қазақстан облысының соттары 2014 жылдың 12 айында аяқталған 22743 азаматтық істің 15280-ін шешім шығарумен қараған, 338 азаматтық іс бойынша бітімгерлік келісім жасалды, сонымен қатар, медиация институтын енгізу бойынша жұмысты жандандыруға байланысты облыс соттары 187 азаматтық істі медиаторлардың қатысуымен қараған.

Бірінші сатыдағы соттар шығарған шешімдердің 98,5 пайызы заңды және негізделген болып табылады.

Қылмыстық істер бойынша облыс соттары 2014 жылдың 12 айында 1319 қылмыстық іс аяқтады, солардың ішінде үкім шығарумен 942 адамға қатысты 747 іс қарады, соның 97 пайызы заңды және негізделген болып табылады.

Облыс соттары 2014 жылы 17116 әкімшілік іс қарады.

Осы ретте облыс соттарының жұмыс сапасы өткен жылмен салыстырғанда жақсарғанын атап өткен жөн.

Әкімшілік істер бойынша сот актілерінің 99,9 пайызы заңды әрі негізделген болып табылады.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеу, жас судьяларға практикалық көмек көрсету кезіндегі Қоғамдық кеңестердің рөлі артқаны атап өтілді.

Бұған қоса облыстық соттың төрағасы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң күшіне енген жаңа ҚР ҚК, ҚР ҚІЖК, ҚР ӘҚБтК жағдайында сот төрелігін жедел әрі сапалы іске асыруды одан әрі қамтамасыз етуді жалғастыру қажеттігін судьяларға тапсырды. Сонымен бірге облыстық соттың төрағасы М.Әкетай қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жаңа Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлегенін, Солтүстік Қазақстан облысының судьялары да оны талқылауда белсенділік танытуға тиіс екендерін атап өтті.

Соттарда ақпараттық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Атап айтқанда «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесі енгізілді, оның мақсаты - сот ісін жүргізуге қатысушылардың істің қозғалысы туралы ақпаратты дереу алу, сот шығарған шешімдермен, ұйғарымдармен және басқа да оларды қызықтыратын ақпаратпен жедел танысу мүмкіндігі. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі ойдағыдай қызмет атқарады, осы бағдарлама еліміздегі барлық соттарды біріктіруге, сот істерін бірыңғай есепке алуға, соларды мұрағатты түрде сақтауға, солар бойынша жедел материал алмасуға мүмкіндік берді.

Облыстық және оған теңестірілген соттар негізінде «сот кабинеттерін» ашу практикасы кеңінен тарады. Сол арқылы кез келген адамның пәтерден немесе кеңседен шықпай-ақ, өзі немесе адвокатының көмегімен кез келген уақытта оның ісіне қатысты сот шешімдерін алуына болады.

Адамдарды сот процесіне шақыру мәселесі де біртіндеп электрондық пішінге көшуде. Сот процесіне қатысушылардың көбіне сот отырысына шақыру туралы СМС-хабарландырулар жіберіледі, мұның өзі уақыт пен мемлекет қаражатын үнемдейді.

Осының бәрі соттардың қамтамасыз етілгендігін, ақпараттық технологиялар дамығанын дәлелдейді. Сотқа жүгінген адамдар саны барған сайын көбейіп келеді, бұл - сотқа деген сенім арта түсті деген сөз.

Облыстық сот төрағасы кеңес соңында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сот ісін жүргізудің белгіленген ұстанымдарын қатаң сақтауды судьялардан талап етті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/solt-stik-aza-stan-oblysyny-sudyalary-2014-zhyl-y-zh-mysty-orytyndylady-465551](https://yvision.kz/kk/post/solt-stik-aza-stan-oblysyny-sudyalary-2014-zhyl-y-zh-mysty-orytyndylady-465551)