---
title: "Соғыс ардагері туралы жазба"
description: "ӘКЕ Жеңіс күні! Бұл күн мыңдардың көз жасын тыйып, миллиондарға қуаныш сыйлаған күн! Сол Жеңісті жақындатуға менің ƏКЕМ - Сəрсен Әбдіқайымұлы да үлес қосты. 1942 жылы әкемді армияға шақырады. Бір айдай Алматыда дайындап, соғысқа әкетеді. Алдымен..."
author: "jan.123"
published: "2024-05-09T04:50:39+00:00"
modified: "2024-05-09T04:50:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/so-ys-ardageri-turaly-zhazba-1004414"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/so-ys-ardageri-turaly-zhazba-1004414/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Соғыс ардагері туралы жазба

> ӘКЕ Жеңіс күні! Бұл күн мыңдардың көз жасын тыйып, миллиондарға қуаныш сыйлаған күн! Сол Жеңісті жақындатуға менің ƏКЕМ - Сəрсен Әбдіқайымұлы да үлес қосты. 1942 жылы әкемді армияға шақырады. Бір айдай Алматыда дайындап, соғысқа әкетеді. Алдымен...

## ӘКЕ

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/658b30171d5a1fecf46e9c5185d246.jpg)

Жеңіс күні! Бұл күн мыңдардың көз жасын тыйып, миллиондарға қуаныш сыйлаған күн! Сол Жеңісті жақындатуға менің ƏКЕМ - Сəрсен Әбдіқайымұлы да үлес қосты.

1942 жылы әкемді армияға шақырады. Бір айдай Алматыда дайындап, соғысқа әкетеді. Алдымен Смоленскіде соғысып, одан соң Ржев қаласына ауыстырады. Сол жерде жүргенде әкем қатты ауырады. Тамағына бір түйін пайда болып, ас іше алмай қалады. Қайтадан Смоленскіге әскери госпитальға жібереді. Ем қонбайды. Медконсилиум жасаған екі-үш дәрігер әкеме сұрақ қояды:

- Әкең бар ма?

- Жоқ. Кулактармен байланысы бар деп Сібірге жер аударылған.

- Шешең бар ма?

- Жоқ. Мені босану үстінде қайтыс болған.

- Жасың нешеде?

- Жиырмада.

Осы сұрақтардан соң, дәрігерлер өзара қатты дауыс көтеріп дауласады. Бір дәрігер ашуланып шығып кетеді, бір дәрігер қағаз толтыруға отырады. Үшіншісі әкеме:

- Жассың. Өмір сүруің керек. Алматыға қайтасың! – деп шығарып салады. Осылайша, әкемнің екі жылдық солдаттық өмірі аяқталып, елге келіп, тылда еңбек етеді.

Сол қағазда не жазылды екен? Жұмбақ. Әкем білмейді. (Менің тірі жүргенім сол дәрігерлердің арқасы. Тумай жатып жетім болған екен деп аяп, армиядан қайтарған шығар дейді әкем). Тамағындағы сол ісігі кейін 1982 жылы қайта ауырып, ота жасалынды...

Әкем өтірік айтқанды жек көретін. Соғыс ардагері ретінде мектеп оқушыларымен кездесуге апаратынмын (көзі онша көрмеген соң жанында жүретінмін). Оқушылар түрлі сұрақтар қояды. Бəріне тамаша жауап беретін əкем мына бір сұрақта бəрін «бүлдіреді».

- Ата, қанша неміс өлтірдіңіз? - деген оқушы сұрағына:

- Білмеймін, қарағым, олар да - адам. «Менің оғым неміске тимесін, немістің оғы маған тимесін деп ататынмын» дейтін әзіл-шыны аралас. Үйге келген соң, ақыл үйретем данышпансып:

- Түу, кім біліп жатыр, қырдым, бір танкіні жойдым, бәленбай немісті жер жастандырдым т.б. айта бермейсіз ба?- деймін ғой баяғы. Себебі оқушылар сондай жалынды, ерлікке толы сөздерді естігісі келеді ғой...

Менің адал əкем:

- Өтірік айтқан - күнə, Құдайдың алдына жақындап қалдым, не деп барамын ертең?- деуші еді.

- Немістерді жақыннан көрдіңіз бе? – деген сұрағыма:

- Көрмегенде, соғыстың қайнап тұрған жерінде болдым ғой. Бойлары ұзын, денесі тік, бірақ ебедейсіз боп келетін, - дейді.

...Әкемді қатты сағындым. «Сүт кенжем» деп мені ерекше жақсы көруші еді. Менің батыл мінезімді көріп, тік сөйлейтін сөздерімді естігенде:

- Оның саған керегі не? Араласпа. «Тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің». Сен осы неміске тартып кеткенсің ғой деймін, - деп маңдайымнан иіскейтін.

Əкемнің бетімнен сүйгені есімде жоқ, өзімнің де, балаларымның да қолынан сүйетін. «Құдайға тəубе», «Құданың құдыреті», «Құдайдан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық» деп үнемі айтып отыратын.

Бірнеше жыл оқуға түсе алмадым. Соңғы рет тапсырып көремін деп аттанғанда, әкем ақжолтай тілегін айтып еді: «Бара ғой, жарық сәуем (сәулем емес сәуем дейтін), оқуға түсесің. Мен бір түс көрдім. Сен үлкен ақ үйге кіріп бара жатыр екенсің. Сол ақ үй білім ордасы ғой сен баратын», - деп еді... Сол жылы оқуға түстім.

Бірінші курста оқып жүргенде, қырық шақты адам донор болып, қан тапсырдық. Алыс облыстан келгендер каникул кезінде екі күн демалыс қосып алу үшін қан өткізген еді. Сол достарымның шашбауын көтеріп мен де қан өткіздім. Бірақ қатты әлсіреп қалдым. Өзімді жайсыз сезіндім, басым айналып, жатақханаға әрең жеттім.

Бір кезде қаладағы әпкем келіп тұр. Күтпеген адамға таңдана қарадым. Әпкем:

- Не болды? Неге жатырсың? - деп сұрады. Мен қан тапсырғанымды, кішкене ауырып тұрғанымды айттым. Әпкем басын шайқап:

- О, тоба. Ауылдан үйге әкем келіп, сені сұрады. «Барып ертіп кел. Бір жайсыз түс көрдім. Қызым асфальтта жатыр. Аппақ боп бозарып кетіпті. Мұрны қанап жатыр екен» дейді. Қалай дәл көрген, - деп таңданды...

Әкем көп сөйлемейтін. Көңілі түскенде ән де айтатын, әңгіме де айтатын. Ерекше бір әңгімелерді жақсы білетін еді. Бір күні нанның қалдықтарын қоқысқа тастайын деп жатыр ем:

- О, құдайдың құдыреті, нанды лақтырайын деп жатырсың ба? Обал емес пе? Сен өзі осы нанды бізге Құдайдың қалай қалдырғанын, жеп жүргеніміз иттің нәсібі екенін білесің бе? – деді.

- Қалай Құдай қалдырады? Жерде өсетін бидай ғой бұл, - дедім білгішсініп.

- Кел, отыр. Мен саған бидайдың қайдан келгенін айтып берейін, - деп, әңгімесін бастап кетті:

«Баяғы заманда бидай сабағының өн бойы, жерден ұшар басына дейін толы дән болған екен. Бір рулы ел көшіп келе жатыпты. Жолға алып шыққан сулары таусылып, әбден шөлдепті. Іштерінде бір көкбет әйел бар екен сөз ұқпайтын, ұяты да аз. Әбден титығы жетіп, шаршаған ел бір уақыттарда бір құдыққа келіпті. Алдымен шөліркеген балаларға су алып беріп жатса, күтіп тұруға шамасы жетпей, «маған бере қоймадыңдар» деп, әлгі әйел құдыққа дәрет сындырып жіберген екен. Мұны көрген Құдай қатты қаһарланыпты. Алай-түлей боран соғып, бидай өсіп тұрған алқапты шаңға көміпті. Әлгі әйел егіннің бір шетіне тағы да дәрет сындырыпты. Сонда құдыреті күшті Құдай: «Мынадай арсыз адамзатқа бидайды қор қылмаймын» - деп, бидайдың барлық дәндерін түбінен бастап ұшыра бастапты. Құдайдан қорыққан жұрт үнсіз тұрып қалыпты. Сол кезде ит келіп:

- Уа, Жаратқан ием, менің не кінәм бар? Менің нәсібім ше? – депті. Сол сәтте дауыл тоқтап, аласапыран басылған екен. Жұрт барып қараса, бидай сабағының өн бойында толып тұратын дән ұшар басында ғана қалған екен. Міне, біздің жеп жүргеніміз иттің нәсібі емей, немене?!» - деп әңгімесін аяқтады. Содан бері қоқысқа нан тастамайтын болдым.Әкем мақал-мәтелдерді көп білетін: «Асың барда, беріп жүріп, ел таны, атың барда, желіп жүріп, жер таны», «Екі тесік бір келіп, әбүйірімнің кеткені-ай, екі ауру бір келіп, ажалымның жеткені-ай», «Мұрын болмаса екі көз бірін-бірі шұқып алады» т.б.

«Күйеуімді көргенше күйіп-жанып барамын» деген нақылды жиі айтатын. Оны: «Ертеде қыздарды танымайтын адамға ұзатады емес пе? Сонда қыздар байғұс қандай адамға бара жатыр екенмін, шал ма, жас па, ауру ма, сау ма деп күйіп-жанады екен ғой» - деп талдап беруші еді... Тəубесінен жаңылмаған, ешкімге жалынып-жағынбаған, адам баласына ауыр сөз айтпаған, кісіге қиянат жасамаған, ешкімнің ақысын жемеген адал еді МЕНІҢ ƏКЕМ!..

[Ақылгүл Әбдіқайымова](https://www.facebook.com/profile.php?id=100009244464457)ның жазбасы (2020 жыл, 7 мамыр)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/so-ys-ardageri-turaly-zhazba-1004414](https://yvision.kz/kk/post/so-ys-ardageri-turaly-zhazba-1004414)