---
title: "Соңы жақсының бәрі жақсы"
description: "Соңы жақсының – бәрі жақсы Қажығали заманына қарай сауатты, еңбексүйгіш, ісмер, үй шаруашылығына..."
author: "Eltin1951"
published: "2017-04-24T22:04:34+00:00"
modified: "2017-04-24T22:04:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/so-y-zha-syny-b-ri-zha-sy-764702"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/so-y-zha-syny-b-ri-zha-sy-764702/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Соңы жақсының бәрі жақсы

> Соңы жақсының – бәрі жақсы Қажығали заманына қарай сауатты, еңбексүйгіш, ісмер, үй шаруашылығына...

Соңы жақсының – бәрі жақсы

Қажығали заманына қарай сауатты, еңбексүйгіш, ісмер, үй шаруашылығына мықты адам болды. Тың игеруді қуана қарсы алып, көшіп келген адамдармен тез тіл табысты. Шағын ауылдан қоныс аударып, аудан орталығынан үй салып алды. Көзқарасы өте қызық адам еді. Орыс бауырларымызды тым қатты сыйлайтын. Орыс әділ халық деп, оларға ешқашан шаң жұқтыртпайтын. Керісінше, америкалықтарды – империалистер, жапондарды–милитаристер, немістерді – фашистер, украиндарды – бандера, белорустарды–бульбаш, қытайларды – сықсикөздер дейтін. Еврейлер, армяндар, чукчаларды келеке қылатын неше түрлі анекдоттар айтатын. Өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар, түріктерді қазаққа туыс деген адаммен жатып тұрып ұрыссатын. Олай емес екендігін мысалдарын келтіріп дәлелдеп шығатын. Қалмақ - моңғолдарды адам есебінде санамайтын. Көпшіліктің арасында орыс тілін, орыс мәдениетін насихаттап жүретін. Мектептегі ата-аналар жиналысында сөйлеген сөзінен үзінді: «Казахи, отдавайте своих детей в русскую школу. Говорите по-русски, одевайтесь по-русски, живите по-русски. Я сам разрублю курицу на четыре части – четыре дня борщ варим...». Үйлерінде балаларымен орысша сөйлесетін. Балалары қос есіммен жүретін: біреуі – азан шақырып қойған аты, екіншісі – орысша. Бәтима – Валя, Қуаныш – Коля, Зылиха – Зоя, Қайсар – Костя, Жамал – Женя,Талғат – Толя, Ұлпан – Оля. Қажығали мен бәйбішесі Сапура екеуі балаларының өздеріне тартып пысық, шебер, тиянақты, келбетті болып өсіп келе жатқанына қуанатын. Жаңа үйдің жанынан балаларына арнап екінші отау үй салып шықты. Балалары үйленгенше бос тұрмасын деп, отау үйді жалға тың игеруге келген қыздарға берді. Кәмелетіне жеткенде Бәтима: «Қазаққа тұрмысқа шықпаймын, от них навозом воняет»,– дегенді шығарды. Жасы 30-дан асып кеткен Бәтиманы Қажекең өзінің жамағайынына күштеп беріп жіберді. Коля – Қуаныш: «Мен орыстың қызы Галяны сүйемін, соған үйленемін»,– деп салды. Қажекең оған рұқсат бермеді. Қуаныш ерегесіп, араққа салынып, жұмысынан да шығып қалды. Қуанышты ұрған күндері де болды. Көнбеді, ақыры, болмағасын, қыздың әкесіне барып, қорқытып, Галяны басқа ауылға күйеуге бергізіп жібергізді. Қуаныш алғашқы махаббатын ұмыта алмады ма, қыз дегенге жоламай, үйленбей қойды. 33-тен асқан шақта ағайындары ақылдасып, Қуанышқа өзінен 15 жас кіші Айсұлу деген өрімдей қызға құда түсіп әперді. Салынған отаудың іші толған сияқты еді. Бірақ жаңа түскен келіннің мінезі ата-енесімен келіспей, Қуаныш пен Айсұлу басқа үй тауып алып, көшіп кетті. Отау үйге қайтадан пәтерші қыздар кірді. Жасы келгенде, екінші қызы Зоя да қазақ жігіттерін менсінбейтін болды. Оны да ағайындар әзер-мәзер үгіттеп өзінен 6 жас кіші жігітке қосты. Жас жұбайларда келісім болмай, ит пен мысықша тұрды. Бұлардың ұрыстарын көрмеймін деп, Қажекең басқа ауылға көшіріп жіберді. Бір күні пәтерші қыз Маша келіп: « Қажығали, теперь я твоя сноха, беременна от Кости», – деді. Бұл сөзден шошынып кеткен Қажекең пәтерші қызды үйден қуып шықты. Отау үйге басқа қыздарды кіргізді. Арада бір жыл өткесін баласы Қайсар – Костя үйленемін деп келіп тұр. Әкесі бұл сөзге қуанып: «Келін кімнің қызы?»,– деп сұрады. «Пәтерші украин қызы Оксана, оның менен аяғы ауыр»,– деп күмілжіді баласы. Бұл сөзді естіген Қажекеңнің тілі байланып қалды. Ашу буған Қажекең қыздардың бәрін шығарып жіберіп, отау үйдің аузына құлып салды. Қыздардан құтылғаннан кейін Қажығали жайланған сияқты еді. Бірақ тыныштық орнамады. Қайсардың алғашқы қызы Маша, бірінші баладан кейін Қайсардан екінші рет ұл тауыпты. Ол ол ма, Қайсарды алиментке сотқа беріпті. Маңаттағы көрші-қолаң, ағайынның әңгімесі, соттың барысы, Қайсарға кесілген алимент болды. Қажығали ұяттан жерге кіріп кетуге дайын жүрді. Бұрын көршілер ақсақал деп сыйлаушы еді, енді жұрттың алдында қатыгез адам болып шықты. Сот біткесін, баласы Қайсар үйінен қашып Оксананың соңынан Қарағандыға кетті. Бұның бәрі анасы Сапураның жүрегіне қатты батты. Ананың аты ана ғой, Қажекеңді көндіріп, Қарағандыдан Қайсар мен Оксананы шақыртып алды. Жедел ағайынды жинап, Оксананың атын Орынжан қылып өзгертіп, немересіне Елдос деп ат қойып, шағын той жасады. Жамал – Женя техникумды бітіріп келіп еңбек етті. Неден екені белгісіз, Қазақстанды жамандай беруді шығарды. Анасы да жаман, мынасы да жаман, әділдік жоқ, жемқорлық, парақорлық, тағы- тағысын, міндер айтудан шаршамайтын. Текті тұқымнан бір жігіт құдаласуға келді. Жамал тұрмысқа шығуға келіспеді, бойы тапал, аяғы қисық деп жігітті жаратпады. Бір күні жолдас қызы екеуі келісіп, Ресейге кетіп қалды, ата-анасының барма дегеніне көнбеді. Көп кешікпей Сургут қаласында тұратыны, жұмысқа орналасқаны туралы хабар келді. Өкінішке орай, келесі хабар қазалы болды. Жамалды әкеліп, жер қойнына беріп, Қажығали ақсақал уайымға салынды. Бұйығып, халықаралық тақырыптағы әңгімелерін, анекдоттарын қойды. Аллаға жалбарынды. «О, құдай, осынша жазаны бір менің басыма неге үйіп төктің? Не күнәм бар?»,– деп ойға шомды. Жайшылықта қыдырғанды тәуір көретін ақсақал, үйінен шықпай, той-думандарға да бармай қойды. Орысты бұрынғыдай мақтамайтын болды. Бір күні балаларын жинап, өзінің тәрбиедегі қателігін мойындап, Талғат баласына айтқан сөзі: «Балам, мен қартайдым, менің қателерімнің салдарын көріп жүрсің, мені сыйлап күтетіндей келін әкел. Ақсақ болсын, тоқсақ болсын, көзінің ноғаласы болса да – қазақ болсын». Талғат ақсақалдың көңілінен шығатын Бақытгүл деген келін әкелді, кенже қызы Ұлпан өзінің теңін тапты. Қажығали ақсақал 101 жасқа келіп өмірден озды. Бақытгүл келіні ыңын да, шыңын да шығармай, ата-енесін бағып, мәпелеп, құрметпен соңғы сапарына шығарып салды. Соңы жақсының – бәрі жақсы.

Елтін Амангелді , зейнеткер

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/so-y-zha-syny-b-ri-zha-sy-764702](https://yvision.kz/kk/post/so-y-zha-syny-b-ri-zha-sy-764702)