---
title: "SMS-шабуылдан бері банктердің жағдайы қалай өзгерді?"
description: "Ұлттық банк қазақстандық екінші деңгейлі банктерінің депозиттік базасы жайлы мәліметтерді жария етті..."
author: "kaz_almas"
published: "2014-04-10T07:44:14+00:00"
modified: "2014-04-10T11:15:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sms-shabuyldan-beri-bankterdi-zha-dayy-alay-zgerdi-409111"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sms-shabuyldan-beri-bankterdi-zha-dayy-alay-zgerdi-409111/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# SMS-шабуылдан бері банктердің жағдайы қалай өзгерді?

> Ұлттық банк қазақстандық екінші деңгейлі банктерінің депозиттік базасы жайлы мәліметтерді жария етті...

**Ұлттық банк қазақстандық екінші деңгейлі банктерінің депозиттік базасы жайлы мәліметтерді жария етті. Биылғы жылдың ақпан айында sms-шабуылға ұшыраған үш банктен салымшылар кері алған салым көлемі шамамен 169 млрд теңгені құрады. Осы үш банк депозиттерінің жылыстауы келесідей: "ЦентрКредит Банкі" - 14,7%, "Kaspi Bank" - 16,8%, "Альянс Банкі" - 30,9%.**

![SMS-шабуылдан бері банктердің жағдайы қалай өзгерді?](https://storage.yvision.kz/images/user/kaz_almas/yp52iu5CrACkr6SUOXk1JuA7WL83jt.jpg)

****

kaspi bank депозиті көрсеткішінің төмендеуі 16.8% құрады. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес болжанған көлемнен 20-30%-ға төмен. Қазіргі кезге дейін салымдардың үштен бір бөлігі немесе 35% қайтып келіпті. Осы жайлы kaspi bank төрағасы:

> Михаил Ломтадзе: "**Біз күн сайын депозит өсімін байқап отырмыз. Жаңа клиенттермен қатар дүрбелеңге ілескен клиенттеріміз де қайта келіп жатыр. Наурыз айында салымдардың кетуі 22%-ға, 16.8%-дан 12.9%-ға төмендеді. Ал, сәуір айының бірінші аптасында кері қайтуы 35% құрады*."***

Банк сарапшыларының пікірінше салымдардың негізгі бөлігі алдағы 3-4 айда қайта оралады.

**[ЦентрКредит Банкінің](http://www.centercredit.kz/)** салымдары да шамамен үштен бір бөлігінде қайта оралыпты. Бұл жайлы банктің Қазынашылық департаментінің директоры:

> Тимур Габасов: "**Ағымдағы жылдың наурыз айының өзінде жағдай тұрақтанды. Жеке тұлғалар қатарындағы салымшылар депозиттерден алынған ақшалай қаражаттың үштен бірін қайтарды. Заңды тұлғалардың ағымдағы шоттарындағы қалдықтардың және депозиттердің көлемі айтарлықтай өсті.**"

Осы үш банктің арасында смс-шабуылдан соң ең қатты соққы алған **[Альянс Банкі](http://www.alb.kz/)** секілді. Себептері бірнешеу:

*Біріншіден*, аталған шабуыл салдарынан депозиттік салымдардың үштен бірі (30,9%) жылыстады. Яғни, шамамен **50 млрд теңге**.

*Екіншіден*, банктің ашық валюталық позициясының салдарынан ақпан айындағы девальвация банкті **6,5 млрд теңге** шығынға ұшыратты.

Осындай жағымсыз оқиғалар нәтижесінде банк капиталының дефициты орын алды. Сол себепті [Альянс Банк қайта капиталдандыру үшін несиегерлерінен 165 млрд теңге сұратып жатыр](http://tengrinews.kz/money/alyans-bank-zaprashivaet-165-milliardov-tenge-u-kreditorov-253276/).

Альянс банктің экономикалық капиталын, өтемпаздығын және табыстылығын қалпына келтіру үдерісі басталып кетті. Басты қаржылық жәрдемді несиегерлер мен ["Самұрық-Қазына" қоры](https://sk.kz/) көрсетпек. Ал қазақстандық миллиардер [Болат Өтемұратов банктің біршама акцияларын иемденіп, ірі қатысушы мәртебесіне ие болды](http://tengrinews.kz/money/bulat-utemuratov-poluchil-razreshenie-na-sdelku-po-alyans-banku-i-temirbanku-253413/).

Жалпы алғанда, банктер күтпеген шабуылға лайықты төтеп берді. Салымшылардың сұраған қаражаттарын неғұрлым жылдам жеткізуге барынша тырысты.

Мұнда басқа бір күрделі мәселе байқалып қалды. Ол - ***қазақстандықтардың қаржылық сауатсыздығы***!

Смс-хабар жетісімен, көптеген адамдар ақпараттың шынайылығын тексерместен депозитеріндегі ақшаларын шешуге ұмтылды. Мемлекеттің жеке тұлғалардың салымдарына 5 млн теңгеге дейін кепілдік беретіндігін білмегендер (әлі де білмей жүргендер) қаншама. Бұдан қазақстандықтар біраз қаржылық сабақ алған секілді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sms-shabuyldan-beri-bankterdi-zha-dayy-alay-zgerdi-409111](https://yvision.kz/kk/post/sms-shabuyldan-beri-bankterdi-zha-dayy-alay-zgerdi-409111)