---
title: "Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен он сорақылық"
description: "Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен 10 сорақылық 1-сорақылық. 300 жыл бойы мойнымызға ілінген о..."
author: "Yerzhan_Alash"
published: "2013-05-13T02:22:41+00:00"
modified: "2013-05-13T02:22:41+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sma-l-elubay-zhazushy-sorymyz-a-bitken-on-sora-yly-352332"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sma-l-elubay-zhazushy-sorymyz-a-bitken-on-sora-yly-352332/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен он сорақылық

> Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен 10 сорақылық 1-сорақылық. 300 жыл бойы мойнымызға ілінген о...

![Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен он сорақылық](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan_alash/fh1j46VixZFWmaYz1jwj4WLmlDBZ18.jpg)

## Смағұл Елубай, жазушы: Сорымызға біткен 10 сорақылық

1-сорақылық. 300 жыл бойы мойнымызға ілінген отарлық қамыт мойнымыздан түссе де.., миымыздан түспепті. Сол отарлық қамыт санамызда әлі де салпақтап тұр. Саяси отарсыздану рухани отарсыздануға ұласпады.

2-сорақылық. 2 миллиондай қазақтың өз Отанында отырып орыстануы.

3-сорақылық. Орыстілді сол 2 миллион қазақтың есебінен Республикадағы орыстілділердің саны көбейіп, бүгінде 7,5 миллионға жетуі, Бұл деген сөз – бірер жылда таразының орыстілділер жағы басқан күні тіл үшін күрестің де мезгілі өтеді деген сөз. Сорақылықтың көкесі – осыны ұқпау.

4-сорақылық. Тіл заңының қабылданғанына 20-дан астам жыл өтсе де, жалған қазақстандықтардың қазақша 20 сөз үйренбеуі. Және олардың қонжиып мемлекеттік қызметтерде отыруы.

5-сорақылық. «Тіл туралы» Заңды қабылдаған Парламент, ол Заңды іске асыруға тиіс Үкімет және осылардың бәріне басшылық етуші Президент аппаратының әлі күнге шейін өздері дайындаған осы Заңды орындамай отырғаны.

6-сорақылық. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына қаншама жыл өтсе де, 4100 мың қазақ баласының мектептерде өз тілінде емес, өзге тілде дәріс алып жатуы.

7-сорақылық. Бір Алматының өзінде 369 балабақшаның тек 30-ы ғана қазақ балабақшасы. Бұл – барлық деңгейдегі биліктің кешегі жекешелендіру тұсында ұлт болашағын ойламағандығынан болған сорақылық. Алматыдағы 369 балабақшаның ең болмағанда жартысы бүлдіршіндерге мемлекеттік тілде тәрбие беруі керек еді.

8-сорақылық. Онсыз да қоғамдық өмірден оңбай шеттетілген қазақ тілін қорғаудың орнына кейбір жалған қазақ бауырларымыз шындықтың өңін айналдырып, Қазақстандағы онсыз да үстем тіл – орыс тілін қорғау керек деп айқай салып жүр. Байбалам салып жүр. Бұларды кешегі зұлымдық империясының бүгінгі итаршысы демегенде… кім дейміз?!

9-сорақылық. Қазақстан ақпарат құралдарында, әсіресе, телеарналарда мемлекеттік тіл салтанат құра алмай отыр. Кейбір жағдайларда мүшкіл күй кешуде.

10-сорақылық. Жеке басты сорақылық. Қазақ қауымының осынау асқынған ұлтсыздықты үйреншікті қалып деп қарауы, «норма» деп қабылдауы. Сорақылықтың сойқаны осы.

**Айқап.kz ақпараттар порталы **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sma-l-elubay-zhazushy-sorymyz-a-bitken-on-sora-yly-352332](https://yvision.kz/kk/post/sma-l-elubay-zhazushy-sorymyz-a-bitken-on-sora-yly-352332)