---
title: "Словакия премьерінің қастандықтан кейінгі жағдайы..."
description: "Кеше қастандыққа ұшыраған Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға ота жасалды. Бірақ оның жағдайына қатысты ақпарат екіұшты айтылуда. Фото: AP Алдында 59 жастағы Фицоға үш сағат бойы операция жасалғаны, оның ішке қан кетуін тоқтата алмай, жасанды..."
author: "orazali"
published: "2024-05-16T03:56:56+00:00"
modified: "2024-05-16T04:02:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/slovakiya-premerini-astandy-tan-keyingi-zha-dayy-turaly-a-parat-eki-shty-bolyp-t-r-1004677"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/slovakiya-premerini-astandy-tan-keyingi-zha-dayy-turaly-a-parat-eki-shty-bolyp-t-r-1004677/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Словакия премьерінің қастандықтан кейінгі жағдайы...

> Кеше қастандыққа ұшыраған Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға ота жасалды. Бірақ оның жағдайына қатысты ақпарат екіұшты айтылуда. Фото: AP Алдында 59 жастағы Фицоға үш сағат бойы операция жасалғаны, оның ішке қан кетуін тоқтата алмай, жасанды...

*Кеше қастандыққа ұшыраған Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға ота жасалды. Бірақ оның жағдайына қатысты ақпарат екіұшты айтылуда.*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/99bd7c4e154cddb8b738accdab54b1.png)

*Фото: AP / Словакия премьер-министрі Роберт Фицо*

Алдында 59 жастағы Фицоға үш сағат бойы операция жасалғаны, оның ішке қан кетуін тоқтата алмай, жасанды комаға түсірілгені хабарланған еді.

«Премьер-министр ауыр халде жатыр. Өміріне қауіп төніп тұр. Әлі ота бөлмесінде жатыр», – деген еді ішкі істер министрі Матус Сутай Эсток ауруханада.

Алайда вице-премьер Томаш Тараба BBC эфирі арқылы дәрігерлердің ем-дом шараларын жақсы жасағанын, Фицоның өміріне еш қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

«Менің білуімше, ота сәтті жасалды. Ол жазылып кетеді деп ойлаймын», – деді Тараба.

Роберт Фицоға сәрсенбі күні Гандлова қаласында үкіметтің көшпелі отырысынан кейін қастандық жасалған еді. Премьер-министр жергілікті тұрғындарға жақындаған кезде бір ер адам оған бірнеше рет оқ атқан. Оқ Фицоның ішіне тиген.

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/97105fd9076c7392c626dabfb15ffd.jpg)

*Фото: Radovan Stoklasa / Reuters*

Оқиға орнынан түсірілген кадрларда оққағарлардың премьерді көлікке көтеріп апарып отырғызғаны, ал полицейлердің шабуыл жасаған адамды ұстап жатқаны көрініп тұр.

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/0b3b4e1d182a3c01619e2d58c8a4ee.jpg)

*Фото: Reuters*

Күдікті 71 жастағы әдебиетші әрі саяси белсенді болып шықты. Ол ұсталғаннан кейін мұндай қадамға ел үкіметінің саясатымен келіспейтіндіктен барғанын айтқан.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/slovakiya-premerini-astandy-tan-keyingi-zha-dayy-turaly-a-parat-eki-shty-bolyp-t-r-1004677](https://yvision.kz/kk/post/slovakiya-premerini-astandy-tan-keyingi-zha-dayy-turaly-a-parat-eki-shty-bolyp-t-r-1004677)