---
title: "Әскери пилоттар ұшудың жаңа әдісін меңгеруде"
description: "Әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары ұшудың жаңа әдісін машықтау үстінде. Арнайы жаттығу инфрақы..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-12-08T22:25:00+00:00"
modified: "2013-12-08T22:26:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/skeri-pilottar-shudy-zha-a-disin-me-gerude-388683"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/skeri-pilottar-shudy-zha-a-disin-me-gerude-388683/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әскери пилоттар ұшудың жаңа әдісін меңгеруде

> Әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары ұшудың жаңа әдісін машықтау үстінде. Арнайы жаттығу инфрақы...

**Әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары ұшудың жаңа әдісін машықтау үстінде. Арнайы жаттығу инфрақызыл қондырғылардың көмегімен тәуліктің түнгі уақытында ұшуды көздеп отыр. Бұл - жердегі қарсыласқа көктегі әуе кемесін көрсетпеудің бір тәсілі. Қазақстандық әскерилер осы жылдың басында ғана алынған жаңа С-295 әскери-тасымалдау ұшағында жаттығып жүр.**

** **

Осыған дейін әскери-тасымалдау авиациясының ұшқыштары үшін түнде ұшу күрделі мәселе болып келген еді. Елімізге биыл ғана келген бортына адам мен маңызды жүктерді алып жүретін С-295 ұшағының жиынтығында арнайы инфрақызыл қондырғылар бар екен. Дәл осы қондырғының көмегімен, енді әуе-кемесі сыртқы жарықтарын жақпай-ақ, тас қараңғыда ұшып-қона алатын болды. Аспандағы бұл нысан жердегі қарсыласқа көрінбегенімен, ұшқыш жердегінің барлығын көріп отырады.

Рүстем Тілеумағамбетов, С-295 экипажының командирі:

*- Енді түнде де, күндізгідей ұша беруге болады. Әрине, оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы, осы әдісті жақсы меңгеріп алу.*

Біздің ұшқыштар түнде үшудың теориялық жағын Испаниядан оқып келген еді. Енді міне, түйгендерін іспен көрсетіп отыр. Тәжірибелік жаттығуды көрсету үшін елімізге осы ұшақтар алынған Airbus Military компаниясының сынақ-ұшқышы, испан жаттықтырушысы арнайы келген еді. Тәжірибелік жаттығуда ұшқыштар әуеде 5 сағат ұшып барып, қолдарына сертификат алады.

Мануэль Регейро, Airbus Military нұсқаушы-ұшқыш:

*- Менің мұндағы міндетім, қазақстандық ұшқыштарды жаңа қондырғымен таныстыру. Оның тиімді және тиімсіз тұстары көрсетіп, қауіпсіздік шараларымен ақпараттандыру. Қазақстандық әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Алдағы уақытта, олар менің көмегіме жүгінбей-ақ, бұл істі қолға алып кетеді деген сенімдемін.*

Қазіргі таңда С-295 ұшағында жұмыс жасауға екі экипаж толығымен дайын. Ал, бұдан кейін жыл сайын тағы бір ұшақ қосылып отырады. Бас-аяғы, елімізде осындай 8 ұшақ болуы тиіс.

[Хабар](http://www.khabar.kz/kz/view/news_politic/page_49080_askeri-pilottar-ushudyn-zhana-adisin-mengerude)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/skeri-pilottar-shudy-zha-a-disin-me-gerude-388683](https://yvision.kz/kk/post/skeri-pilottar-shudy-zha-a-disin-me-gerude-388683)