---
title: "Сіз бақыттысыз ба?"
description: "МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫМ, БАҚЫТЫМ БОЛСЫН - ТАПҚАНЫМ Әсем қала Алматы ақ ұлпа қарға оранғалы ерекше бір ..."
author: "abdi_inka_01"
published: "2014-11-27T14:16:28+00:00"
modified: "2014-11-27T14:16:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/siz-ba-yttysyz-ba-443974"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/siz-ba-yttysyz-ba-443974/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сіз бақыттысыз ба?

> МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫМ, БАҚЫТЫМ БОЛСЫН - ТАПҚАНЫМ Әсем қала Алматы ақ ұлпа қарға оранғалы ерекше бір ...

**МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫМ, БАҚЫТЫМ БОЛСЫН - ТАПҚАНЫМ**

Әсем қала Алматы ақ ұлпа қарға оранғалы ерекше бір күйге енді. Үскірік аяз болса да қарбалас тіршіліктің белгілері жойылмапты. Арлы-берлі сабылған жұртта қисап жоқ. Қайда барады, қайдан келеді, нені көздейді, нені іздейді, қандай жұмыс істейді, сұрақтар да күйбең тірлік те бітпейді. Көптің ағымына мен де кірдім. Ел сияқты мен де асығып барам. Діттеген жеріме дәл уақытында жеттім. Ағымдағы жылдың 26-қарашасында жергілікті уақыт бойынша сағат 11.00-де «EDTECH» халықаралық білім беру орталығында «Атажұрт» халықаралық қоғамдық қорының тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған «Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасы жөніндегі баспасөз мәслихатына бардым.

![Сіз бақыттысыз ба?](https://storage.yvision.kz/images/user/abdi_inka_01/hY40rlGq9ajngpCra7w6B0P17HR0xe.jpg)

![Сіз бақыттысыз ба?](https://storage.yvision.kz/images/user/abdi_inka_01/A8A9M2wEH1PTqLNS7DFO8Yx1kZxKS7.jpg)

![Сіз бақыттысыз ба?](https://storage.yvision.kz/images/user/abdi_inka_01/7sa37K43ScJ67q9diWxcM5F88pNPnn.jpg)

Адам өмірінде таңдау жасағанда екі нәрседен жаңылмау керек деген сөзді бұрын да талай естіп жүрсем де, дәл бүгінгідей ойға берілмеппін. Жоба жетекшісі Ғани Бектайұлы Бейсембаев адам бақытты болу үшін ең әуелі мамандығын дұрыс таңдауы керектігін атап өтті. Бұл сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Неге десеңіз, біздің қоғамда мамандықты дұрыс таңдау қордаланып қалған өзекті мәселелердің бірі. Ол өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің артуына себепкер болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі бүгінгі таңда 5,2 пайызды құрап отыр. Бұл мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ деген сөз емес. Бұл елімізде кәсіптік бағдарлау жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатқандығының дәлелі. Олай дейтінім, кезінде өзім де мамандық таңдау мәселесімен бетпе-бет келген болатынмын. Алайда, жолым түсіп, білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне өзім қалаған мамандық бойынша оқуға түстім. Ол журналистика факультетіндегі PR мамандығы. Дегенмен, бұл мамандық туралы мәліметті алу мен үшін оңайға түспеді. Бұл да болса елімізде кәсіптік бағдарлау жүйесінің әлі де әлсіз екендігін көрсетеді. Мамандық таңдау мәселесін өз басымнан өткергендіктен, мені көптеген сұрақтар мазалап жүретін. Өзім сияқты жастар мамандықты қалай таңдайды, таңдау жасаған соң өкінбейді ме, оқуын тәмамдаған соң мамандығы бойынша жұмыс істейді ме деген сауалдар көкейімнен мықтап орын алған еді. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіндегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оқушылардың 70 пайызы мамандықты дұрыс таңдау жодарын білмейді екен. Оқушы жастардың «Әйтеуір грантқа түссем болды, ҰБТ-дан жинаған балыма қарай көремін, ата-анам осы оқуға түскенімді қалайды» деген сияқты сөздері осыған дәлел. Осыдан келіп шығатын нәтиже еліміздегі жас мамандардың 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Ал, қаншамасы жұмыссыздардың қатарын көбейтеді десеңізші. Жобаның ғылыми кеңесшісі Перленбетов Мұқан Әтенұлының сөзімен айтсақ, жұмыссыз жүрген адам мемлекеттің тұрақтылығын шайқалтатын негізгі факторға айналып кетуі мүмкін. Бұл кісінің психология ғылымдарының докторы ретіндегі сөзіне сүйенсек, жұмыссыз жүрген адам әлеуметтік деформацияға ұшырап, деградацияланып, девианттық мінез-құлық көрсетуі мүмкін. Ол дегеніміз, әртүрлі ағымдарға қосылу, қоғамға қарсы шығатын топтарға тартылып кету мүмкіндігін жоғарылатады. Жобаның жетекшісі Ғани Бектайұлы Бейсембаев осыған сай жобада психологиялық аспекті негізгі нысанаға алынғандығын атап өтті. Баспасөз мәслихаты барысында мамандық таңдауға байланысты түйткілді мәселелер, қоғамның санасын өзгерту, жұмыссыздықпен күрес және де т.б. мәселелер төңірегінде қызықты сұрақ-жауап кезеңі өрбіген болатын. «Қазақ радиосы» , «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігі, «Таң» телеарнасынан келген тілшілер мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, KIMEP, ҚМҚПУ студенттерінің жолдаған сауалдары кез-келген адамның мамандық таңдау тақырыбына немқұрайлы қарамайтындығын көрсетті. Республикалық ғылыми-танымдық «Гүлстан» журналының бас редакторы Құлжабаева Гөзел Әліпбекқызы осы жобаға байланысты өз пікірімен бөлісіп, мамандық таңдауда адамға ата-анасы мен мұғалімдері қол ұшын созып, өмірден бар білген-түйгенін үйретуі керек деген тұжырымын ортаға салды. Алайда, кәсіптік бағдар беруді сол ата-ана мен мұғалімдердің өзінен бастауды жөн көретінін де ашып айтты. Себебі, олардың арасында да мамандық таңдауда шалыс басқандары қаншама. «Таң» телеарнасының тілшісі Ақбота Мұсабекқызының «жастар неге сәнді мамандықтарға қызығады? Олардың басқа мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?» деген сауалына жоба жетекшісінің : « Бұл мемлекеттегі кәсіптік бағдарлаудың ақсаңдауының әкеліп отырған шыңырау шегі. Елбасымыздың «Нұрлы жол» атты жыл сайынғы халыққа жолдауында көрсетілгендей жастар жұмыс іздеушіден жұмыс берушіге айналуы үшін олардың психологиясын өзгерту керек. Бұл кәсіптік бағдарлау шеңберінде міндетті түрде психологтардың тренингтері арқылы жүзеге асады. Біздің мамандар мектеп психологтарына осы аталған проблеманы шешудің жолдарын үйретіп берді» - деген жауабы жобаның болашағынан зор үміт күттіреді. Жобаны жүзеге асыру барысында үкіметтің де қолдауы жоқ емес көрінеді. Оған дәлел жобаның автоматтандыру жолында денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен жасалынған [www.enbek.kz](http://www.enbek.kz/) порталына кіріктірілуі. Ол жерде жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің арасын жақындату мақсатында ұлттық бос жұмыс орындарының тізімін қалыптастыру көзделген.

«Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасына толығырақ тоқталатын болсақ, ол негізгі 3 кезеңнен тұрады және Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. Бірінші ұйымдастыру кезеңінде ұйымдастырушылық және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізілсе, екінші негізгі кезеңінде тіркеу, маңыздандыру, кәсіби бағдарлау, кеңес беру, эксперттік қорытынды, тренингтер, бос орындар жәрмеңкесі өткізілген. Қорытынды кезең мониторингтік, сараптамалық және есеп беру қызметін, шешімдер мен ұсыныстарды қалыптастыруды қамтиды. Ұйымдастыру кезеңінде аудандық жұмыспен қамту бөлімдері мен орталықтарының 94 басшысы және қызметкерлеріне семинар өткізілген. 1500 мектеп және колледж директорларына, 1000 информатика пәнінің мұғалімдеріне, 1000 мектеп психологтарына семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылған. Мектеп психологтарының қатарынан іріктеліп алынған 120 маманға п.ғ.д. М. Перленбетов бастаған еліміздің ең үздік психолог ғалымдары бір апталық оқыту курсын өткізген. Екі облыста да жобаның қатысушылары 6 деңгейге бөлінген. Олар: A – тікелей жұмыспен қамту, B – біліктілігін арттыру, C – кадрларды қайта даярлау, D – бизнес ашу, E – көшіру, S – тәуекел тобы(нақты анықталмағандар). Пайыздық мөлшерлемеге сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында A – 17 %, B – 8.3 %, C – 45.1 %, D – 23 %, E – 5.5%, S – 1.1 %-ті қамтыса, Солтүстік Қазақстан облысында A – 49%, B – 5%, C – 34.4%, D – 4.5%, E – 5.5%, S – 1.6% құраған. Жоба бойынша бірнеше ұсыныстар қарастырылған. Олар: кәсіби бағдар беру кабинеттерінің ашылуы, 9 және 11 сынып оқушыларының жыл сайынғы кәсіби-диагностикалық тестіленуі, құрылған және апробацияланған әдістемелік оқу құралдарының қолданылуы, студенттердің кәсіпкерліктің негізіне оқытылуы, жұмыспен қамту орталықтарында психолог-кеңесші қызметін қосу, бос жұмыс орындарының ұлттық базасын құру. Аталмыш жоба 2014 жылдың қыркүйек-қараша айларында 21 005 адамның тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесіп, алдағы 5 жылда өз жалғасын табады деп жоспарлануда.

Мамандығыңыз мақтанышыңызға айналып, жұмыс істеу сіз үшін ләззат әкелсін десеңіз, аталмыш жобаға атсалысыңыз. Өзіңіз мамандығыңызды өзгерткіңіз келмесе де жақындарыңыздың арасында осы мақсатты көздеп жүргендер табылатыны анық, болашақ мамандығын таңдау үстінде жүргендер қаншама, мамандығы өзіне ұнаса да жұмыссыздардың қатарын толтырып отырған жандарда есеп бар ма?! Осы жағдаяттар сізге таныс болса, қалыс қалмаңыз, «Кәсіптік бағдарлау» жобасына қосылыңыз, я болмаса осыған зәру адамға бағыт-бағдар беріңіз. Өзіңіз бақытты болсаңыз, бақыт – бөліскенде көбейеді дегенді басшылыққа алып, басқаларға да мамандығын сүю бақытын сыйлаңыз!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/siz-ba-yttysyz-ba-443974](https://yvision.kz/kk/post/siz-ba-yttysyz-ba-443974)