---
title: "Сирия оппозиция өкілдерінің Астанадағы келіссөздері аяқталды"
description: "БЕРІК ДҮЙСЕНБАЙ, ТІЛШІ: 30-ға жуық Сирия оппозициясының өкілдері Таяу Шығыстағы елдің тағдырын 4 күн..."
author: "1tvkz"
published: "2015-05-29T01:38:59+00:00"
modified: "2015-05-29T01:39:09+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/siriya-oppoziciya-kilderini-astanada-y-keliss-zderi-aya-taldy-505553"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/siriya-oppoziciya-kilderini-astanada-y-keliss-zderi-aya-taldy-505553/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сирия оппозиция өкілдерінің Астанадағы келіссөздері аяқталды

> БЕРІК ДҮЙСЕНБАЙ, ТІЛШІ: 30-ға жуық Сирия оппозициясының өкілдері Таяу Шығыстағы елдің тағдырын 4 күн...

**БЕРІК** **ДҮЙСЕНБАЙ****,** **ТІЛШІ****:**

30-ға жуық Сирия оппозициясының өкілдері Таяу Шығыстағы елдің тағдырын 4 күн бойы Астанада талқылады. Не айтты, белгісіз. Жиын әрине жабық өтті. Бірақ бүгін олар негізгі байламдары туралы бізбен бөлісті. Соғыс тоқтау керек, бейбіт реттеу процестеріне саяси платформа қажет және ең бастысы Башар Асад режимі құлатылып, Сирияның жаңа бағытта, жаңа форматта дамуы маңызды. Бұл шарттардың жүзеге асуы мүмкін бе?

Баспасөз жиынына келіссөзшілердің үшбу ұстанымын алып үш өкіл келді. Бірі еуропалық мәнерде киінген әйел азаматша, бірі күрд қозғалысының белсендісі, ал үшіншісі тіпті Америкада тұрады екен. Айтуларынша, Асад режимімен тіл табысу үшін Ортақ дұшпанға қарсы күреске арқа сүйемек.

**АММАР** **АБДУЛ** **ХАМИД****,** **АДАМ** **ҚҰҚЫҚТАРЫ** **ЖӘНЕ** **СИРИЯНЫ** **ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ** **ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ** **БЕЛСЕНДІСІ****:**

Бүгінде үшжақты күрес жүріп жатқанын білесіздер. Режим, оппозиция және Ирак пен Леванта ислам мемлекетінің содырлары. Соңғылары тек билікке ғана емес, жалпы Сирия мемлекеттігі үшін үлкен қатер. Сондықтан да осы ретте біз Асадпен диалогқа келуіміз керек. Ол үшін ортақ саяси платформа қажет.

Сириялық оппозиция белсенділері диалогқа мүдделі болғанымен, Асадтың билікте қалуын құптамайды. Тіпті, ортақ ұстанымға келуде де режим қарсыластарының өз ішінде келіспеушіліктер бар екен.

**НӘБИ САБРАСТ****,** **СИРИЯ КҮРДТЕРІ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨКІЛІ****:**

Біздің байламымызға салсақ, Башар Асад пен оның режимі тіршілігін тоқтатуы керек. Қортынды қарарда атап көрсеткеніміздей, біз оны биліктен тайдырумен шектеліп қалмаймыз. Біз жалпы билік құрылымын өзгертеміз. Бүгінгі Сирияның қалдығынан жаңаша Сирия мемлекетін құрамыз.

Сириялықтардың ізін ала, еліміздің бас дипломаты да сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, Қазақстанның Сирияда ешқандай геосаяси және экономикалық мүддесі жоқ. Бірақ ресми астана Шам елінде бейбітшілік орнауына мүдделі.

**ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ****,** **ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ****:**

Сирия дағдарысын шешуге мүдделі барлық топтар бірінші кезекте елдегі гуманитарлық ахуалға баса мән бергендері дұрыс. Тараптар бұл мақсатта күш біріктірсе, ізінше саяси диалогқа да жол ашылады деп санаймын. Екінші, бізді алаңдататын мәселе – өңірдегі экстремизм мен терроризм. Бұл ретте де тараптарға жан-жаққа тартпай, ортақ мәміле іздеу керек.

Сириялық оппозиция өкілдері елдің мәселесін астанада талқылап жатқанда, өңірде күш алып алған экстремистер Пальмира қаласында 20 адамды көпшілік алдында өлтірді. Айта кету керек, соңғы айда ғана содырлар қолынан 500 бейбіт тұрғын қаза тапты. Ал елдегі азаматтық соғыс басталған 4 жылдан бері 200 мыңнан аса адам көз жұмған.

**БЕРІК ДҮЙСЕНБАЙ****,** **ТІЛШІ****:**

*- Сөз жоқ, бүгін аяқталған Астанадағы келіссөздер нәтижесінде Сирия мәселесі шешіле салмайды. Сондықтан оппозиция өкілдері ресми билікпен кездесуге де қарсы еместіктерін білдірді. Және алаң ұсынып, меймандостық танытқан Қазақстанға алғысын білдірген олар Астанаға тағы бір келсек деген бұйымтайларын айтты.*

 

*
*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/siriya-oppoziciya-kilderini-astanada-y-keliss-zderi-aya-taldy-505553](https://yvision.kz/kk/post/siriya-oppoziciya-kilderini-astanada-y-keliss-zderi-aya-taldy-505553)