---
title: "Шымкентте жыл басынан бері мыңнан астам адамға «қандас» мәртебесі берілді"
description: "Жыл басынан бері Шымкент қаласына шет мемлекеттерден 766 отбасы көшіп келген. Осы кезеңде 1196 этник..."
author: "seri.jigit"
published: "2023-11-22T07:18:47+00:00"
modified: "2023-11-23T09:13:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-zhyl-basynan-beri-my-nan-astam-adam-a-andas-m-rtebesi-berildi-997887"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-zhyl-basynan-beri-my-nan-astam-adam-a-andas-m-rtebesi-berildi-997887/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шымкентте жыл басынан бері мыңнан астам адамға «қандас» мәртебесі берілді

> Жыл басынан бері Шымкент қаласына шет мемлекеттерден 766 отбасы көшіп келген. Осы кезеңде 1196 этник...

Жыл басынан бері Шымкент қаласына шет мемлекеттерден 766 отбасы көшіп келген. Осы кезеңде 1196 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды.

![Шымкентте жыл басынан бері мыңнан астам адамға «қандас» мәртебесі берілді](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/bfcc2363596383d84d07a1da5d468a.jpg)

Биыл «қандас» мәртебесін алғандардың 612-сі ер адам, 584-і әйел, 400-ге жуығы 18 жасқа дейінгі жастар, 93-і зейнеткер, 712-сі еңбекке қабілетті азаматтар.

Жарты жылда шаһарда 47 отбасынан 62 адам «қандас» мәртебесін алған. Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Биыл көрші елден 1166 адам көшіп келген. Сондай-ақ Қытайдан – 16, Ресейден – 8, Ауғанстан мен Түркиядан - 2, Қырғызстан мен Тәжікстаннан – 1 адамнан келген. Қандастардың басым бөлігі құрылыс, сауда-саттық және басқа да салаларда жалдамалы жұмыс істейді. «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Қалада 2008 жылдан бері Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы іске қосылған. Мамандар заң талаптарына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және әлеуметтік қолдаулар көрсетеді. Мұнда тарихи Отанына оралған қандастарымыз осынша уақыт бойы тегін тұрып, тегін қызмет түрлерін пайдалана алады.

Отандастар қоры таратқан мәліметке қарағанда, орталықтағы 39 бөлме 170 адамға арналған. Қандастар үшін арнайы асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі бар.

Биылдан бастап Әлеуметік Кодекс аясында «қандас» мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізілді. Құжаттар еліміздің шет мемлекеттердегі өкілдіктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданатын болады. Этникалық қазақтарға елімізде еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы жүзеге асырылуда. Карта елге кіру үшін ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі.

Қандастарға 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық (аспаз, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші) және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды 6 пәндік дәрістер қалаулары бойынша үздіксіз оқытылады.

«Сонымен қатар еліміздегі мәдени, мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, атажұртына оралған қандасқа тарих қойнауында қалып қойған естеліктерді еске түсіруге ат салысамыз. Қаламыздағы «Шымкент - қайырымды қала» бағытында жұмыс атқаратын қайырымдылық қорлармен жұмыс жасап, әлеуметтік мәртебесі төмен отбасыларға қол ұшын созып, әлеуетін арттыру үшін жұмыс атқарылады» дейді орталық мамандары.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-zhyl-basynan-beri-my-nan-astam-adam-a-andas-m-rtebesi-berildi-997887](https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-zhyl-basynan-beri-my-nan-astam-adam-a-andas-m-rtebesi-berildi-997887)