---
title: "Шымкентте үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде"
description: "Шымкент қаласының Нұршуақ елді мекенінде 3 жарым мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтамасыз ет..."
author: "seri.jigit"
published: "2023-12-09T07:41:35+00:00"
modified: "2023-12-09T07:41:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-ylerdi-k-gildir-otyn-a-osu-zh-mystary-ar-yndy-zh-rgizilude-998694"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-ylerdi-k-gildir-otyn-a-osu-zh-mystary-ar-yndy-zh-rgizilude-998694/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шымкентте үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

> Шымкент қаласының Нұршуақ елді мекенінде 3 жарым мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтамасыз ет...

Шымкент қаласының Нұршуақ елді мекенінде 3 жарым мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/3c9f4fabc1167ec623c6e4bbf9d521.png)

Нұршуақ елді мекенінде табиғи газға қосу жұмыстарының 2-кезеңі аяқталды. Нәтижесінде 110,597 шақырым болатын газ құбыры жүргізіліп, 3 500-ден астам абонент көгілдір отынға қосылды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл соңына дейін қала аумағында Тұран ықшамауданы (2-3 кезек), Бозарық, Асар-2, Сауле, Ақтас-1/2, Арғымақ және Нұршуақ ықшамаудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталып, көгілдір отынмен қамтылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамту көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға жетеді.

Сонымен қатар, Қайнарбұлақ елді мекенінде І, ІІ кезең құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы толық аяқтап, 14 403 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.

Жалпы үшінші мегаполисте тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 елді мекенде табиғи газ желісінің құрылыс аяқталғанын бұрын хабарлағанбыз.

Шымкенттің елді мекендері жыл соңына дейін табиғи газбен 96 пайыз қамтылатынын 7 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала басшысы Ғабит Сыздықбеков те мәлімдеген еді.

«Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Биыл қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, елді мекендерде ауыз су, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындары 65 пайызға кәріз жүйесі, 96 пайыз табиғи газ, 99 пайыз ауыз су және 100 пайыз электр жүйесімен қамтылады», – деді Шымкент әкімі.

Елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту жайы мемлекеттің де ұдайы назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына биылғы жолдауында осы мәселеге кеңірек тоқталып, жалпы халыққа молынан әрі бағасын қымбаттатпай жеткізудің жолдарын айтып берген еді.

«Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды», – деген болатын мемлекет басшысы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-ylerdi-k-gildir-otyn-a-osu-zh-mystary-ar-yndy-zh-rgizilude-998694](https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-ylerdi-k-gildir-otyn-a-osu-zh-mystary-ar-yndy-zh-rgizilude-998694)