---
title: "Шымкентте тоғыз айда бірнеше елді мекен көгілдір отынмен қамтылды"
description: "Шымкент қаласында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқа..."
author: "orazali"
published: "2023-11-21T15:31:32+00:00"
modified: "2023-11-23T05:35:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-to-yz-ayda-birneshe-eldi-meken-k-gildir-otynmen-amtyldy-997861"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-to-yz-ayda-birneshe-eldi-meken-k-gildir-otynmen-amtyldy-997861/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шымкентте тоғыз айда бірнеше елді мекен көгілдір отынмен қамтылды

> Шымкент қаласында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқа...

Шымкент қаласында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 елді мекенде табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталған.

![Шымкентте тоғыз айда бірнеше елді мекен көгілдір отынмен қамтылды](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/75e5c8e0495c9522e5fbc370af9a86.jpg)

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарамасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Шымкент қаласы аумағындағы Тұран (2-3 кезек), Бозарық (74 га аумақ), Асар-2, Сауле, Ақтас-1 және Арғымақ ықшамаудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы, 5 085 абонент көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы Ақтас-2, Ақжар және Нұртас ықшамаудандарындағы 1 120 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланған. Осылайша, биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласының халқын көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар Қайнарбұлақ елді мекенінде мердігер мекеме «Отау Строй» ЖШС-і тарапынан газдандырудың 1-ші және 2-ші кезеңдегі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2024 жылы толық аяқталып, 14 403 абонент көгілдір отынға қол жеткізеді.

Аталған басқарманың мәліметі бойынша, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекеніндегі 716 абонентті газбен қамту үшін «Бірлестік» ЖШС-і тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталуы тиіс. Ал, Айкөл елді мекеніндегі 150 абонентті газға қосу үшін келер жылы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2025 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім беріледі.

Қазір Тассай ықшамауданында да табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы айдың басында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ондағы жұмыстармен танысқан болатын.

![Шымкентте тоғыз айда бірнеше елді мекен көгілдір отынмен қамтылды](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/aac6f42b70d30d2388f6c730c8b23c.jpg)

Сол кезде қала басшысы мердігерге жұмысты жандандыруды ғана емес, сапалы жүргізуді міндеттеді. Егер талаптары орындалмаса, тиісті мамандарға мердігерді жауапқа тартуды ескертті. Өйткені жергілікті тұрғындар орындаушылардың жауапсыздығынан зиян шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ көгілдір отынның берілу мерзімі жайында халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Тассай ықшамауданындағы табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары 2021 жылдың соңында басталды. Бүгінге дейін мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жұмыс көлемінің 84 пайызын орындаған.

Газ тарату жүйесінің қуаттылығы – 12,5 м3/сағ, ал ұзындығы 68,8 шақырым. Нысан келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде, 3 345 абонент көгілдір отынмен қамтылмақ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-to-yz-ayda-birneshe-eldi-meken-k-gildir-otynmen-amtyldy-997861](https://yvision.kz/kk/post/shymkentte-to-yz-ayda-birneshe-eldi-meken-k-gildir-otynmen-amtyldy-997861)