---
title: "Шығыс Қазақстан облысы сотының екі қызметкері адамдарды құтқару барысында ерлікпен қаза тапты"
description: "2017 жылғы 21 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында «Казсельбурводстрой» ЖШС-нің үш жұмысшы..."
author: "SUD_RK"
published: "2017-07-24T06:38:53+00:00"
modified: "2017-07-24T06:38:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-aza-stan-oblysy-sotyny-eki-yzmetkeri-adamdardy-t-aru-barysynda-erlikpen-aza-tapty-773801"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-aza-stan-oblysy-sotyny-eki-yzmetkeri-adamdardy-t-aru-barysynda-erlikpen-aza-tapty-773801/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шығыс Қазақстан облысы сотының екі қызметкері адамдарды құтқару барысында ерлікпен қаза тапты

> 2017 жылғы 21 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында «Казсельбурводстрой» ЖШС-нің үш жұмысшы...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/PfmI5HIct4t5v9QfnrN6Rb6151iWFV.jpg)

2017 жылғы 21 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында «Казсельбурводстрой» ЖШС-нің үш жұмысшысы су құбырына арналған жолды жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Олардың екеуі құдыққа түскенде онда жиналған белгісіз газдан улану салдарынан естерінен танып қалған. Әріптестеріне көмектесу үшін құдыққа түсе бастаған үшінші жұмысшының тынысы тарылып, есінен тана бастағанда айғайлап, көмек сұрап үлгерген.

Көмек сұраған жан айқайды сол сәтте оқиға орнынан өтіп бара жатқан Үржар аудандық сотының қызметкерлері Бақытжан Қайназаров пен Бекзат Құрымбаев естиді. Б.Құрымбаев бірінші болып айқайлаған адамды құдықтан шығарып, оны алып шығып, қалған адамдарға көмектеспекші болып, артынша құдыққа түседі. Алайда газдың әсерінен ол есінен танып қалады. Құдыққа түскен Б.Қайназаров та есінен айырылады. Жедел медициналық жәрдем жеткенше, құдыққа түскен төрт адам да есін жия алмастан, оқиға орнында қаза табады. Солардың қатарында Үржар аудандық сотында көлік жүргізуші және жұмысшы болып істеген, 1989 ж.т. Қайназаров Бақытжан Керімжанұлы мен 1983 ж.т. Құрымбаев Бекзат Хамитұлы бар.

Республиканың сот қауымдастығы Үржар аудандық сотының қайғылы оқиғадан қаза тапқан жас қызметкерлерінің ерлігіне бас иіп, марқұмдардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

[http://sud.gov.kz/kaz/news/shygys-kazakstan-oblysy-sotynyn-eki-kyzmetkeri-adamdardy-kutkaru-barysynda-erlikpen-kaza-tapty](http://sud.gov.kz/kaz/news/shygys-kazakstan-oblysy-sotynyn-eki-kyzmetkeri-adamdardy-kutkaru-barysynda-erlikpen-kaza-tapty)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-aza-stan-oblysy-sotyny-eki-yzmetkeri-adamdardy-t-aru-barysynda-erlikpen-aza-tapty-773801](https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-aza-stan-oblysy-sotyny-eki-yzmetkeri-adamdardy-t-aru-barysynda-erlikpen-aza-tapty-773801)