---
title: "«Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының қорытындысы: шартты қарсылас жойылды"
description: "Бүгін «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерле..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-10-12T06:58:42+00:00"
modified: "2013-10-12T06:58:42+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-2013-zhedel-strategiyaly-o-u-zhatty-uyny-orytyndysy-shartty-arsylas-zhoyyldy-378956"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-2013-zhedel-strategiyaly-o-u-zhatty-uyny-orytyndysy-shartty-arsylas-zhoyyldy-378956/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының қорытындысы: шартты қарсылас жойылды

> Бүгін «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерле...

**

![«Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының қорытындысы: шартты қарсылас жойылды](http://www.mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/12october2013/2.jpg)

Бүгін «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің баасқару органдары Ресей Қарулы Күштері өкілдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, қорғаныс операциясын және шартты қарсыласты жоюды жоспарлау жөніндегі міндеттерді сәтті орындап шықты.**

Оқу-жаттығудың жоспары бойынша шартты қарсылас біздің әскерлерге зымыран-бомбалық және авиациялық соққы жасай отырып, іргелес мемлекеттің аумағын басып алуға барын салды. Алайда, біздің әскерлердің жақсы ойластырылған және ұйымдастырылған қорғанысы, сондай-ақ Құрлық әскерлерінің күйрете соққан қарсы шабуылдары қарсыласты жеткен шебінде тоқтатып, әуеден көрсетілген қолдау арқылы оған барынша көп шығын келтірді.

Естеріңізге сала кетейік, «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы 2013 жылғы 8-12 қазан аралығында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының аумағында Құрлық әскерлерінің («Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері, мотоатқыштар, артиллерия бөлімшелері, Аэроұтқыр әскерлерінің бөлімдері) және Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері авиациясының қатысуымен өтті.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер жауынгерлік басқару органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында оқу-жаттығуға Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің жедел тобы тартылған болатын.

Командалық-штабтық үлгіде өткен «Шығыс-2013» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов басшылық жасады.

**ҚР ҚМ баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-2013-zhedel-strategiyaly-o-u-zhatty-uyny-orytyndysy-shartty-arsylas-zhoyyldy-378956](https://yvision.kz/kk/post/shy-ys-2013-zhedel-strategiyaly-o-u-zhatty-uyny-orytyndysy-shartty-arsylas-zhoyyldy-378956)