---
title: "Шеттегі 5 миллион қазақ жұтылса, Атажұрт, саған сын"
description: "Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты қордаланған күрделі мәселелер..."
author: "makala"
published: "2014-10-13T02:18:22+00:00"
modified: "2014-10-13T02:18:22+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shettegi-5-million-aza-zh-tylsa-atazh-rt-sa-an-syn-433740"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shettegi-5-million-aza-zh-tylsa-atazh-rt-sa-an-syn-433740/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шеттегі 5 миллион қазақ жұтылса, Атажұрт, саған сын

> Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты қордаланған күрделі мәселелер...

![Шеттегі 5 миллион қазақ жұтылса, Атажұрт, саған сын](http://alashainasy.kz/userdata/news/2014/news_55670/thumb_b/photo_57850.jpg)

Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты қордаланған күрделі мәселелер жетерлік. Солардың ішіндегі ең бастысы әрі қауіптісі — болашақта өз ұлтының тарихынан, тілі мен руханиятынан, яғни қазақи болмысынан айырылған, сонымен қатар, өздері тұратын елдердің этникалық ортасына сіңіскен, түрі қазақ болса да, тілі бөтен ұрпақтың пайда болуы, шетелдегі жас жеткіншектеріміздің ассимиляцияға ұшырап кетуі. Бұлай алаңдауымызға себеп те жоқ емес. Өйткені шеттегі бауырларымыз білім алатын көптеген қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы тоқтатылуда. Бұдан бөлек, қазақ тіліне қатысты шетелде оқытылатын оқулықтар мен басқа да оқу-әдістемелік құралдардың арасында алшақтық басым. Яғни қазақ тілінің грамматикасы мен басқа да шарттары түрліше оқытылуда. Әліпби де түрліше. Бір ғана мысал, қазақ тіліндегі сауатын төте жазумен ашқан Қытайдағы қандастарымыз Отанына оралғанда қазақ жазуын оқудан қиналып қалғандарына куә болып жүрміз. Осы тектес мәселелер кесірінен шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың басқа елдегі бауырларымен ауызша тілдесе алғанымен, жазбаша тілде ұғынысулары өте қиын жағдайда. Қазақ тілінің елдегі қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік деңгейде талап күшейсе де, шеттегі қандастарымыздың ана тіліне қатысты жоғарыдағыдай мәселесі тасада қалуда. Осыған байланысты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен еліміздегі тіл жанашырлары қатысқан «Шетелдердегі қазақтардың ана тілін сақтау мен өрісін кеңейту жолдары» атты дөңгелек үстел болып өтті. (жалғасы мұнда: [mtdi.kz](http://www.mtdi.kz/til-saiasaty/til-tynysy/4145-atajurt-sagan-sin))

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shettegi-5-million-aza-zh-tylsa-atazh-rt-sa-an-syn-433740](https://yvision.kz/kk/post/shettegi-5-million-aza-zh-tylsa-atazh-rt-sa-an-syn-433740)