---
title: "Шетелде білім алу: Oklahoma State University"
description: "Бүгін шетелдегі жоғары білім жайындағы тұрақты айдарымыздың кейіпкері Нұрбек Еңсебаев. Нұрбек Амери..."
author: "Arsik"
published: "2013-09-19T04:07:26+00:00"
modified: "2013-09-19T04:31:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shetelde-bilim-alu-oklahoma-state-university-374711"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shetelde-bilim-alu-oklahoma-state-university-374711/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шетелде білім алу: Oklahoma State University

> Бүгін шетелдегі жоғары білім жайындағы тұрақты айдарымыздың кейіпкері Нұрбек Еңсебаев. Нұрбек Амери...

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](https://fbcdn-sphotos-f-a.akamaihd.net/hphotos-ak-frc1/581497_10151316940787307_245502936_n.jpg)

*Бүгін шетелдегі жоғары білім жайындағы тұрақты айдарымыздың кейіпкері **Нұрбек Еңсебаев**. Нұрбек Америкадағы [Oklahoma State University](http://go.okstate.edu/) жоғары оқу орнын энергетика мамандығы бойынша тәмамдап, өзінің көрген-білгенімен, алған әсерімен бөлісуге дайын.*

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs319828.vk.me/v319828306/821b/oO12RE9ckj8.jpg)

**- Оклахома Университетіне оқуға қалай түстің?**

- Мен ең алдымен Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетіне оқуға түстім, жарты жылдан кейін Болашақ бағдарламасымен төрт жылға Америкаға кеттім.

**- Қай мамандықты таңдадың?**

- Менің мамандығым - энергетика. Electrical Engineering факультетінде Power Electrical Engineering мамандығын таңдадым.

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](https://fbcdn-sphotos-d-a.akamaihd.net/hphotos-ak-ash4/418809_10150991460382307_1508044262_n.jpg)

**- Америкадағы оқу жүйесінің қандай ерекшеліктері бар?**

- АҚШ-та оқытатын энергетиканың ТМД елдерінде оқытатын энергетикадан біраз айырмашылығы бар. Батыста бағдарламалау мен микроэлектроникаға аса зор мән беріледі. Сондықтан ол жақтан энергетика мамандығын меңгеріп келгендер программист болып әбден жұмыс істей алады. Ал, мысалы, Мәскеуде энергетика мен электроника арасында осыншама тығыз байланыс жоқ.

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs319828.vk.me/v319828306/81df/HX7deU9rVkk.jpg)

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs308826.vk.me/v308826306/10b8e/OxHsqwEp_8U.jpg)

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs18.vk.me/u560553/685093/x_224b683a0c.jpg)

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs319828.vk.me/v319828306/828c/agw6ZafHSMM.jpg)

**- Американың жастары қандай?**

- Ол жақтың жастары спортта өте белсенді. Ал оклахомалық студенттерге келетін болсам, олар өте қарапайым және мейірімді. Мысалы, қала сыртындағы супермаркетке жеткізіп салуды өтінсең, ешқашан бетіңді қайтармайды.

**- Есіңде қалған жағдайлар болды ма?**

- Триатлоннан жарысқа қатысайын деген ойым бар еді. Ол жерде қашықтыққа жүгіру, жүзу және велосипед тебу сияқты үш сайыс болды. Қатысу үшін ақшамды тапсырып қойдым, бірақ өзімде велосипед болған жоқ. Достарыммен бірге күні бойы велосипед іздеп жүрдім, бірақ түк таппадым. Кешке қарай жатақхананың қасынан велосипедшіні кездестіріп, оған триатлонға қатысатынымды айтып едім, ол бірден өз велосипедін ұсынды. Атымды да, телефон нөмірімді де, тіпті мекен-жайымды да сұраған жоқ, тек сәттілік тіледі. Мен оның жатақханадағы бөлме нөмірін ғана сұрап үлгердім.

Жарыс аяқталған соң аталмыш жігітке велосипедін қайтарып беруге барғанымда, алғаш қойған сұрағы "Аяғына дейін жеттің бе?" болды. Өйткені кейбір қатысушылар дистанцияның ортасында жарыстан шығып жатты. Менің мәреге жеткенімді естігенде, ағайынымдай құшақтап, "Жарайсың" деді. Бұдан былай бір-бірімізді кездестірген жоқпыз.

**- Тұрғын үй мәселесі қалай шешілді? Жатақханада тұрдың ба?**

- Алғашқы екі жыл жатақханада америкалықтармен тұрдым, соңғы курстарда қазақстандықтармен бірге пәтер жалдадық.

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs319828.vk.me/v319828306/81e9/6ivzKPq1am0.jpg)

**- Бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің?**

- Баскетболды сүйемін, жеті жыл бойы осы спорт түрімен айналыстым. Жатақханада тұрғанымда көршім ковбой болды. Бірде оған сүйікті қызы ойыншық бұқа сыйлады, ал жігіт болса бос уақытында сол ойыншыққа лассо лақтырып, өзіне қарай тартатын. Мен алғашында түсінбейтінмін. Сұрақ қойғанымда көршім жауаптың орнына менен "Ал сен есікке неге баскетбол сақинасын іліп қойдың?" деп сұрады. Мен үшін баскетбол өмірімнің қандай маңызды бөлігі болса, ковбой көршім үшін лассо лақтыру да соншалықты маңызды екен.

**- Спорттан тыс басқа да сайыстарда өзіңді сынап көрдің бе?**

- Иә, екінші курста Miss & Mister International сайысына қатысып, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ән орындадым. Келесі жылы тағы өз бағымды сынағым келді, француз және испан тілдеріндегі әндерді таңдадым. Бұл конкурс тек студенттер арасынан үздіктерді анықтау ғана емес, халықаралық қарым-қатынас пен достықты нығайту үшін ұйымдастырылған деп есептеймін. Өз басым Mister International атанбасам да, көп жаңа дос таптым.

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](http://cs4229.vk.me/u560553/95141051/x_b97fcf7b.jpg)

**- Сүйікті кітаптарың қандай?**

- Маған ең мықты әсер қалдырғандарынан Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен терін", Михаил Шолоховтың "Тихий Донын" және Джеймс Крюстің "Тим Тайлерін (немесе Күлкісін жоғалтқан бала)" атағым келеді.

**- Шетелге, әсіресе Америкаға оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес берер едің?**

- Техникалық мамандықты таңдаудан бұрын, бағдарламалау мен электрониканың тым болмағанда негіздерін меңгеріп алған жөн. Мамандық таңдаудағы ең дұрыс шешім - өзіңізге ұнайтынын таңдау. Сонда ғана үйден алыста өткізген бірнеше жыл қас-қағымда өтіп кетеді және студенттік өмірден тек жақсы естеліктер қалдырады.

*Cұхбаттасқан: Айжан Байтанова*

*Фото Нұрбек Еңсебаевтің жеке архивынан*

*

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/PKZ2w5r0nG8YqmiSO1jB8TQsdMy2G3.jpg)

*

«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

[China University of Petroleum, Beijing](http://yvision.kz/post/360315)

[Nagasaki University](http://yvision.kz/post/270099)

[University of Cambridge](http://yvision.kz/post/268496)

[University of Cádiz](http://yvision.kz/post/272117)

[University of Wollongong in Dubai](http://yvision.kz/post/273734)

[Central Saint Martins College of Art and Design/CSM](http://yvision.kz/post/275132)

[Robert Gordon University](http://yvision.kz/post/279510)

[University of Warwick](http://yvision.kz/post/276612)

[Gazi Üniversitesi](http://yvision.kz/post/283134)

[University of Windsor](http://yvision.kz/post/286224)

[Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті](http://yvision.kz/post/287619)

[Université de Basse Normandie](http://yvision.kz/post/289354)

[Carl von Ossietzky Universität Oldenburg](http://yvision.kz/post/339355)

[Universität Greifswald](http://yvision.kz/post/314512)

[Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila](http://yvision.kz/post/344244)

[Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin](http://yvision.kz/post/348320)

[Шетелде білім алу: İstanbul Üniversitesi](http://yvision.kz/post/354512)

[Institute of French Petroleum (IFP) School](http://yvision.kz/post/372622)

[Шетелде білім алу: Multimedia University of Malaysia](http://yvision.kz/post/370866)

***

![Шетелде білім алу: Oklahoma State University](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/MNEEFthQOO1HkwVR7CdIFh1WM2cuu3.jpg)

***

* *

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shetelde-bilim-alu-oklahoma-state-university-374711](https://yvision.kz/kk/post/shetelde-bilim-alu-oklahoma-state-university-374711)