---
title: "Шет елдердегі күмәнді діни оқу орындарының зияны қандай?"
description: "Фото: «Дін мен дақпырт» деректі фильмінен кадр Кеңес кезінде қаншама жыл бойы діннен ажырап қалған қазақ тәуелсіз ел болғаннан кейін Құд..."
author: "orazali"
published: "2024-08-16T07:10:19+00:00"
modified: "2024-08-16T07:10:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shet-elderdegi-kumandi-dini-oku-oryndarynyn-ziyany-kanday-1006886"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shet-elderdegi-kumandi-dini-oku-oryndarynyn-ziyany-kanday-1006886/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шет елдердегі күмәнді діни оқу орындарының зияны қандай?

> Фото: «Дін мен дақпырт» деректі фильмінен кадр Кеңес кезінде қаншама жыл бойы діннен ажырап қалған қазақ тәуелсіз ел болғаннан кейін Құд...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/cc4705cee2aab7d01ec31bc68b66036e.jpg?width=960&height=540) *Фото: «Дін мен дақпырт» деректі фильмінен кадр*

Кеңес кезінде қаншама жыл бойы діннен ажырап қалған қазақ тәуелсіз ел болғаннан кейін Құдай жолына түсу үшін оның қай түрін де қабылдауға дайын еді. Өйткені діни сауаты жоқ болатын. Шекараның да ашылғанын пайдаланып келген небір миссионерлер жұрттың миын ашытты. Басқа конфессияларды болай қойғанда, қазақ жерінде бұрыннан орныққан исламның да неше түрлі ағымдары пайда болды. Содан көп қазақ адасып, бүгінде соның кері әрі кесірлі нәтижесін көріп отырмыз.

Енді 30 жылдан аса уақыт бойы батпандап кірген дертті мысқалдап шығара алмай отырған жайымыз бар. Бұл қауіпті жағдайға шетелдік миссионерлер ғана емес, сол жат жұртта діни оқу тауысып келген өз азаматтарымыз да себепкер болды. Әлі де солай болып жатыр.

Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда бұл сала ақсап тұрды. Сондықтан ол кезде білім іздеп, шет ел асқандардың ниетін түсінуге болады. Ал қазіргілерге не жорық?

Өткен жылы күзде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен шығарылған «Дін мен дақпырт» деректі фильмінде нақ осы мәселе жан-жақты қозғалады. Онда терең діни білімді шет елдерден алу міндетті еместігі, тіпті оның зиян тұстары бар екені қадап айтылған.

Бұл жерде әңгіме, әрине, күмәнді, яғни арнайы лицензиясы, аккредитациясы жоқ оқу орындары туралы болып отыр. Олардың жат ағымды насихаттайтыны айдан анық. Онда оқыған біздің азаматтар елге келген соң соны таратады. «Аңқау елге арамза молда» болып, халықты адастырудың бір төркіні сонда жатыр. Тіпті талай азаматтарымызды соғыс болып жатқан аймақтарға әйел, бала-шағасымен қосып алып кеткен жағдайларды да естіп білдік.

Адасқандар артынан Қазақстанға қайтарылды. Бірақ зардабы әлі де бар. Тіпті қайталануы да мүмкін. Және оған тағы да сол шет елде күмәнді діни оқу тауысқан адамдар себепкер болуы ықтимал. Аккредитациясы жоқ білім ордаларының сұмдық зияны сонда болып тұр. Бұл тұрғыда аталған деректі фильмде былай делінген:

«Түсініксіз бір мәркәз, әлемнің әр қиырынан жиылған кедір-бұдыр орда, тамыры беймәлім шейх, босқа өтіп бара жатқан уақыт... Не үшін босқа кеткен уақыт? Бейресми орталықты әупірімдеп бітіріп шыққан соң да берер жапырақтай жарамды қағазы, яғни дипломы болмаған соң, сонша сарп болған уақыттан кімге, не пайда? Өйткені ол білім елге келген соң да бір кәдеге жарауы керек қой. Дипломсыз қайда барғандайсыз? Қай мешітке имам болғандайсыз? Жат ағымға ноқталанып қалуыңыздан бөлек, сонша жыл босқа сандалып қайтқандай пүшәйман хәлге түсіп қалмайсыз ба?»

Міне, осындай болып қалмас үшін шариғи ілімді өз елімізде де оқи аласыз. Оған қазір Қазақстанда мүмкіндік мол. Бұл ретте дінтанушылар Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды, Яссауи атындағы ХҚТУ-ды, Шет тілдері және іскерлік карьера университетін, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін атайды. Ол аз десеңіз, мынадай медреселер бар: «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі.

Осы аталған оқу орындарының ішінде Нұр-Мүбарактың шоқтығы биік, әрине. Мұны шетелдік ғалымдар да мойындайды. «Дін мен дақпырт» фильмінде Мысырдағы әл Әзһар университетінің профессоры Ато әс Сымбатти Нұр-Мүбаракты Орталық Азиядағы ең озық шариғи білім алатын оқу орындарының бірі деп санайтынын атап өткен.

«Бір байқағаным, Нұр-Мүбаракта қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де келіп білім ала бастапты. Бұрын бір барғанымда тек қазақтар оқып жатқанын байқағанмын. Енді басқа елдерден де ізденушілер келіп, Нұр-Мүбаракта оқып жатқаны қуантады», – дейді ол.

Онда отандық мықты мамандармен қатар шетелдік ғалымдар да дәріс береді. Жоғарыда атап өткен басқа да діни білім ордаларымыз бар. Ендеше, бүгінгі жастарға шариғи ілім іздеймін деп, шекара асып сабылудың еш қажеті жоқ.

**Оразәлі БАЙМҰРАТ**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shet-elderdegi-kumandi-dini-oku-oryndarynyn-ziyany-kanday-1006886](https://yvision.kz/kk/post/shet-elderdegi-kumandi-dini-oku-oryndarynyn-ziyany-kanday-1006886)