---
title: "Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!"
description: "Отандық телехикаялардың қатары жақында тағы бір жаңа туындымен толығатын болды. «B.A.S. production» ..."
author: "GULI93"
published: "2013-10-07T00:00:00+00:00"
modified: "2013-10-07T00:39:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sheginerge-zhol-zho-artymyzda-bazhalar-376936"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sheginerge-zhol-zho-artymyzda-bazhalar-376936/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!

> Отандық телехикаялардың қатары жақында тағы бір жаңа туындымен толығатын болды. «B.A.S. production» ...

Отандық телехикаялардың қатары жақында тағы бір жаңа туындымен толығатын болды. **«B.A.S. production»** шығармашылық тобының қолға алған **«Бажалар»** атты комедиялық жанрдағы телехикаясын жуырда көретін боламыз.

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/SjhwRLrYxBknI5rkJTqf3ePSQ7XiQB.jpg)

**Бажа** – туыстық атауға жататын ұғым. Нақтырақ айтсақ, апалы-сіңлілі немесе туысқан қыздарға үйленген жігіттер бір-біріне бажа болады. Бажалар арасында өзара туыстық байланыс болмаса да, кез келген отбасында ерекше ықыласқа бөленеді. Олардың өз қыр-сырлары, ешкімге айтылмайтын құпиялары, оған қоса тек өздеріне тән әзіл-қалжыңы бар. Назарларыңызға ұсынылатын жаңа топтама үш бажа, үш достың хикаялары жайлы болмақ.

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/HMz8PIVoDUiQxnnYHlLbVAvJPu5iRK.jpg)

Қазақы көрермендердің жанына жақын болатын бұл телехикаяның ерекшелігі - қарапайым отбасына бажалардың келуі. Олардың арасындағы туыстық қарым-қатынастардың жаңа қырларын ашуға себеп болатын қызықты оқиғалар, жарасымды әзілдермен таңғалдырып қана қоймай, белгілі бір тұрмыстық мәселелердің шешілу жолдарын шынайы күлкі сыйлай отырып, бізге жеткізетін болады.

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/ir6al5YlVi90r1YjLQ3DKhS0EcaYM4.jpg)

Бұл жаңа ситкомды **«B.A.S. production»** шығармашылық тобы ұсынады.

Жоба және сценарий авторлары: **Марат Оралғазин**, **Рүстем Омаров**, **Асқар Бисембин**.

Продюсер – **Ақылбек Досжанов**.

Шығармашылық топтың мүшелері комедия жанрына тән бірнеше туындыларды дүниеге әкеліп үлгерді. Олар **«ВУЗеры»**, **«Айналайын»**, **«Үй болу қиын»** сериалдары, сондай-ақ **«Мәссаған»**, **«Ду Қол Шоколад»**, **«Большая Разница –Казахстан»** секілді әзілге толы шоу-бағдарламаларын жасады. Сонымен қатар, айта кететін нәрсе, бұл шығармашылық топ тек өз еліміз ғана емес, оған қоса ресейлік **«Шесть кадров»**, **«Папины дочки»**, **«Игрушки»**, **«Счастливы вместе»**, **«Развод по-русски»** сияқты белгілі сериалдардың сценариін жазуымен де айналысқан.

«Бажалар» телехикаясының басты рөлдерінде: **Қадырғазы Қуандықов, Райхан Қалиолдина, Айнұр Ильясова, Ербол Садырбаев, Дана Тұрарбек, Қуаныш Тұрдалин, Алия Телебарисова, Қуаныш Керімқұлов және т.б.**

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/hCqBBLF5sfa84WcadST90PO9kxEaNH.jpg)

> *Режиссер **Асқар Бисембиннің** айтуынша, комедиялық жанрға құрылған жобаларды көрерменге жеткізу оңай емес. Дегенмен бұл менің режиссер ретіндегі алғашқы туындым болғандықтан көрерменнің көңілінен шығуына барынша тырысып жатырмын.*

Екі жыл **New York Film Academy**-де білімін шыңдап келген **Асқар Бисембин** жобаға Лос-Анжелестен арнайы қоюшы-оператор **Гонзало Дидженионы** шақырды.

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/bWB71iD0tMQ44cqY6c8tX2gVfkVh7b.jpg)

**Гонзало Дидженионың** қоржынында бірнеше фильмдер мен қысқа метражды туындылары бар. Солардың қатарында **«The Edge»**, **«Napkins»**, **«A Difficult Thank You»**, **«Black and Shinny Things»**, **«When the Wolf Calls» (feature)** және т.б.

![Шегінерге жол жоқ, артымызда Бажалар!](https://storage.yvision.kz/images/user/guli93/J4Ka9gJy6bTUAB8U3U47J2EaVat2GI.jpg)

Он алты бөлімнен тұратын **«Бажалар»** телехикаясының тұсаукесері қазан айының соңына қарай **«Ел арна»** телеарнасынан көрсетіледі деп жоспарлануда.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sheginerge-zhol-zho-artymyzda-bazhalar-376936](https://yvision.kz/kk/post/sheginerge-zhol-zho-artymyzda-bazhalar-376936)