---
title: "Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)"
description: "Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білімді оқушылары үшін \"Туған елге тағзым\" өлк..."
author: "yerzhan10"
published: "2014-07-04T11:34:50+00:00"
modified: "2014-07-04T11:37:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/shabytymny-shal-ary-sen-astana-tu-an-elge-ta-zym-ekspediciyasy-2-shi-k-n-420159"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/shabytymny-shal-ary-sen-astana-tu-an-elge-ta-zym-ekspediciyasy-2-shi-k-n-420159/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)

> Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білімді оқушылары үшін "Туған елге тағзым" өлк...

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білімді оқушылары үшін "Туған елге тағзым" өлкетану экспедициясының екінші күні әдеттегідей жақсы көңіл - күймен, қызығушылықпен басталды. Біздің оқушыларымыздың алдында бүгін көптеген ұзақ жолдармен қатар, алға қойған орындалмақ мақсат жатыр. Таңғы асты ішіп болған соң, Астана қаласына зерттеуімізді бастап та кеттік. Ең алдымен біз тамаша Есіл өзені жағалауына дейін сапарымызды жаяу бастадық.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/T8VRQzh9tp56Q3xbdKvjR4QMg1fqhM.jpg)

Жолда адамның басына көптеген толғанарлықтай ой салатын тарихи ескерткіштер мен монументтерді көріп, жақын таныстық. Бұл ескерткіштердің қазақ елінің тарихында белгілі бір өзіндік ерекшеліктері, ойып алар орындары бар. Қонақ үйден шыққан соң ең бірінші 1932-1933 жылдардағы ашаршылық уақытындағы халық мұңы мен зарын айқын түрде көрсететін, анық бейнелейтін монументпен таныстық.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/XJaEXUMSKo910xvt1paZ4jOqtVL4Vp.jpg)

Әрі қарай 10 тонна таза қоладан жасалған , биіктігі 17,75 метр болатын қазақтын ұлы ақыны Абай атамыздың ескерткішімен таныстық. Одан соң "Бейбітшілік пен келісім" сарайы,"Қазақ елі" монументі ,"Мәңгілік ел" салтанат қақпасы, "Астана триумф" тұрғын үй кешені, "Конгресс Холл" республикалық сарайы" және тағы басқа биік те әсем ғимаратардың тарихымен танысып, тамашаладық.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/WNFwjgLyvG5wKI67o14i7wEnhj10qF.jpg)

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/1Zzz8CGPbcSCUncpAabdioS4daZRTO.jpg)

Сол ескерткіштермен таныса отырып, бұрынғы ата-бабаларымыз бізге қалдырып кеткен мұраларын таразылап, үлкен тарихи ой түйін түйіп, зор тағылым алдық.Түстен кейін "Кітап-әлемдегі ең сабырлы ұстаз" демекші айбынды Астана қаласында орналасқан "ҚР Ұлттық Академиялық" кітапханасына ат басын бұрдық. Мұнда бізді кітапхана қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып, кітапхана өмірін толыққанды зерделеп, таныстырды. 2,5 млн кітап қорына негізделген бұл кітап әлемінде қазіргі уақытта 800 мыңнан аса әлемнің асыл қазынасы жинақталған. Маған ұнағаны егер де кітап алып, оқығымыз келсе, біздің өңіріміздің алыстығы ешбір кедергі келтірмейді. Себебі қалаған кітабымызға кітапхананың www.nabrk.kz жеке порталы арқылы тапсырыс бере аламыз.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/1t3H3H70zQt679eU4joUm4GerO77Pg.jpg)

Содан соң еліміздің жас Астанасының келіп келбеті, айшықты символы Бәйтерекке де келіп жеттік. Кімде - кім Астана дегенде ең алдымен бейбітшілік пен азаттықтың нышаны самұрық құсының ұясы іспеттес, биіктігі Астана қаласының елорда атану тарихымен негізделген 97 метр болатын алып Бәйтерек есіне түседі деп ойлаймын. Бұл биік ғимараттың құрылысы 2002 жылы басталған болатын. Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл "Терек" сәулеттік мағынасы жағынан да, жасалуы жағынан да бірегей.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/uCtP1nfgupMlAsH59LC437t10bvHxu.jpg)

Ендігі кезекте Сыр елінің дарабоз дарындарын Астана қаласының қазіргі мақтанышы, зәулім мәдениет ордасы "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры құшақ жая қарсы алды. Еуропалық өркениет пен қазақтың ою өрнектерін бір нүктеде тоғыстыра білген Норман Фостердің бұл ғажайып туындысы шынында да таң қаларлықтай. Экскурсия барысында Бейбігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды қазақтың атын әлемге танытқан өнер майталмандары мен сахна саңлақтарының сахналық киімдері орналасқан көрмесін араладық. Әлемдегі көлемі жағынан 3 орын алатын бұл театрда мың үш жүздей көрермен еркін сыяды. Акустикасы, дизайны,құрылысы өте шеберлікпен жасалынған.

![Шабытымның шалқары сен — Астана(«Туған елге тағзым» экспедициясы 2-ші күн)](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan10/5KvdAhggQW1Ny7kqTMUcJTnKe3Ti08.jpg)

Осылайша экспедициямыздың екінші күні өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды.Келесі күн өте қызық болмақ деген үміттеміз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/shabytymny-shal-ary-sen-astana-tu-an-elge-ta-zym-ekspediciyasy-2-shi-k-n-420159](https://yvision.kz/kk/post/shabytymny-shal-ary-sen-astana-tu-an-elge-ta-zym-ekspediciyasy-2-shi-k-n-420159)