---
title: "«Сенбілік кездесуде» — Сейіл Аяған"
description: "Бард әнші Сейіл Аяғанмен кездесуді бүгін Ұлттық арнадан сағат 21:00-де көре аласыздар. Бүгінде бард..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-09-26T00:49:16+00:00"
modified: "2015-09-26T00:49:16+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/senbilik-kezdesude-seyil-aya-an-550608"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/senbilik-kezdesude-seyil-aya-an-550608/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Сенбілік кездесуде» — Сейіл Аяған

> Бард әнші Сейіл Аяғанмен кездесуді бүгін Ұлттық арнадан сағат 21:00-де көре аласыздар. Бүгінде бард...

Бард әнші Сейіл Аяғанмен кездесуді бүгін Ұлттық арнадан сағат 21:00-де көре аласыздар.

![«Сенбілік кездесуде» — Сейіл Аяған](http://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/45095mNy326MHWqMDm9eGq9ro5TANm.png)

Бүгінде бард әншілер арасында танылып қалғандардың бірі – Сейіл Аяған. Қолына гитараны қалай алғанын, жалпы, өнерге қалай келгенін әнші былайша еске алады.

«Алты жасымда әке-шешем маған домбыра алып бергені есімде. Ол кезде күні бойы ойын қуып үй көрмейміз. Кешке қарай ұйқыға бір жола келіп құлаймыз. Түн ортасы ұйқылы-ояу домбырамен айқайлап ән салатын көрінемін. Әке-шешем көрші-қолаңнан қысылғаннан, ертесіне «балам, түнде айқайлауға болмайды. Күндіз айт әнді», дейді екен.

Сөйтсе, әкемнің апасы Қазыкен шешей ата-анама: «оятпаңдар, балаға бір құдірет қонғалы жүр», десе керек. Қазыкен апа кезінде өлең шығарған, ән салып, мандалин тартқан кісі. Кейінде домбырам сынып қалды. Содан совхозға гитара келді. [Қазақ радиосы](http://kazradio.kaztrk.kz/kz)нан Қорабай Есеновтер құйқылжытып жатады. Қазір қайдам, бізді ол кезде Қазақ радиосы тәрбиеледі ғой. 7-8 жасымда гитара тартып, сол кісілердің орындауындағы және басқа да дәстүрлі әндерді өз әлімше орындайтынмын.

Сөйтіп, домбыраны гитараға алмастырдым. Көбіне гитараны домбыраша тартып, көсіп-көсіп алатыным содан қалса керек. Кейін бұл өз стиліме айналды. Негізі, мен эстрада жанрында жүргеніммен, табиғатым – қазақтың халық әндері».

Өмір жолында қанша қиындыққа кездессе де, гитарасын тастамаған әнші бүгін «Сенбілік кездесуде» қонақта. Жақындары мен жора-жолдастарының жылы лебізін 21:00-де Ұлттық арнадан тыңдаңыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/senbilik-kezdesude-seyil-aya-an-550608](https://yvision.kz/kk/post/senbilik-kezdesude-seyil-aya-an-550608)