---
title: "Сенаторлар Әскери-теңіз базасында болды"
description: "Бүгін Ақтауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпс..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-10-19T02:10:31+00:00"
modified: "2013-10-20T23:12:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/senatorlar-skeri-te-iz-bazasynda-boldy-379940"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/senatorlar-skeri-te-iz-bazasynda-boldy-379940/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сенаторлар Әскери-теңіз базасында болды

> Бүгін Ақтауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпс...

**Бүгін Ақтауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшелері ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің базасында болды. Сапардың мақсаты әскери-теңіз бөлімінің материалдық-техникалық базасымен және жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейімен танысу болып отыр.**

** **

Жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес сенаторлар үшін еліміздің Әскери-теңіз күштері туралы брифинг ұйымдастырылды. Онда меймандарға әскери теңізшілердің күнделікті қызметі мен келешегі туралы толыққанды мәлімет берілді. Сонымен қатар, «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ және «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның басшылары депутаттарға мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанзақов:

– «Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері жүктелген тапсырмаларды орындау мен теңіздегі мемлекеттік мүддемізді қорғауға дайын. Оған мысал ретінде «Шағала-2013» оқу-жаттығуында біздің теңізшілеріміздің алдарына қойылған жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындай алатындарын тәжірибе түрінде тағы бір көрсете алғанын айтуға болады.

Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы біздің алдымызға отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту туралы нақты тапсырма қойып отыр. Қазірдің өзінде «Зенит» Орал зауыты» АҚ-да өндірілген «Қазақстан», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелері жауынгерлік тапсырмаларды орындауда».

Жұмыс сапары шеңберінде сенаторлар «Қазақстан», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелерімен теңізге шығып, отандық қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін бақылады. Бұл кемелер Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі жауапкершілік аумағында мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға арналған. Кеме зымыранды-артиллериялық қару-жарақпен, заманауи байланыс құралдарымен, навигациялық және штурмандық қару-жарақпен жарақтандырылған.

Депутаттардың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2013 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/senatorlar-skeri-te-iz-bazasynda-boldy-379940](https://yvision.kz/kk/post/senatorlar-skeri-te-iz-bazasynda-boldy-379940)