---
title: "«Сен жалғыз емессің»"
description: "«Егемен Қазақстан», 10.01.2014 Қоғамы қайырымды, ортасы мейірімді болса, жетім бала да, бағусыз қ..."
author: "Mki_gov"
published: "2014-01-10T00:40:00+00:00"
modified: "2014-01-10T00:40:00+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sen-zhal-yz-emessi-394960"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sen-zhal-yz-emessi-394960/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Сен жалғыз емессің»

> «Егемен Қазақстан», 10.01.2014 Қоғамы қайырымды, ортасы мейірімді болса, жетім бала да, бағусыз қ...

*«Егемен Қазақстан», 10.01.2014*

![](http://www.mki.gov.kz/uploads/images/10_01_3.jpg) Қоғамы қайырымды, ортасы мейірімді болса, жетім бала да, бағусыз қарт та жалғызсырамайды. Ауыр тағдыр айналадағы жандардың шуағынан жылынып, көңіл сарайы нұрлана түседі. Маңғыстаулық өнерпаздар ел арасындағы жетімдіктен жоқ-жітіктікке душар болған балаларға қолдау көрсетуді қолға алды. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шарасы «Сен жалғыз емессің» деп аталды. Облыстың жеті аудан, қалаларынан жиналған 7 оқушының бірі әнші болса, бірі биші, бірі спортшы, енді бірі оқу озаты. Жас өмірлеріне өнер мен білімді серік етуді мақсат тұтып, жастайынан ізгілікке ұмтылған бұл балалар ата-ана жылуынан ерте айырылғандар. – Күнделікті қым-қуыт тірлігімізде, жұмыс барысында жетім балаларды жадымыздан шығармауға тиіспіз. Ата-ана мейірімінен айырылғанмен, олар қоғам жылуынан айырылмауы қажет. Сондықтан, биылдан бастап балалардың қасынан табылып, өміріне сәл де болса қуаныш сыйлау мақсатында осы шараны ұйымдастыруды мақсат еттік, – дейді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев. Балаларға жаңа жылдық сыйлықтармен бірге, ноутбуктар тарту етілді. Әр балаға сыйлықты өзінің бейіміне сай белгілі өнер адамдары мен спортшылар, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер табыстады. Кім білген, бұл жеткіншектердің ата-анасы бар балалардың қолындағы ноутбукқа қызығып, бір ұстап көрсем деген армандары болған да шығар. Енді олар қажет мәліметті өз компьютерінен іздеп, табатын болады. **Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sen-zhal-yz-emessi-394960](https://yvision.kz/kk/post/sen-zhal-yz-emessi-394960)