---
title: "Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар экологиялық куәлікті қайдан алуға болады?"
description: "Қазақ елі неше түрлі қилы–қилы замандарды басынан өткізді. Сонау ақтабан шұбырынды, отызыншы жылдар..."
author: "makala123"
published: "2015-04-02T21:02:12+00:00"
modified: "2015-04-02T21:02:12+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/semey-poligonynan-zardap-shekken-azamattar-ekologiyaly-ku-likti-aydan-alu-a-bolady-487655"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/semey-poligonynan-zardap-shekken-azamattar-ekologiyaly-ku-likti-aydan-alu-a-bolady-487655/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар экологиялық куәлікті қайдан алуға болады?

> Қазақ елі неше түрлі қилы–қилы замандарды басынан өткізді. Сонау ақтабан шұбырынды, отызыншы жылдар...

![Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар экологиялық куәлікті қайдан алуға болады?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala123/umCOeotH2UspVe9Q1448EAs743LYav.jpg)

Қазақ елі неше түрлі қилы–қилы замандарды басынан өткізді. Сонау ақтабан шұбырынды, отызыншы жылдардағы ашаршылық нәубет жылдары, одан бері қарай Семей, Азғыр, Капустин яр сынды ядролық сынақтарды да бастан кешірді. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған шақтан бастап Елбасымыз аталған сынақ алаңдарын жауып, содан қалған салдарды жоюға көп көңіл бөліп келеді. Полигон салдарынан зардап шеккен адамдарымыз қаншама. Бүгін біз сол зардап шеккен азаматтарымызды , немесе сол жылдары полигонда қызмет еткен сарбаздарымызды тіркеу және есепке алу жөнінде айтатын боламыз. «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәліктер беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу жолдары қалай деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Мемлекеттік қызметті Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері көрсетеді. Ал құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылдайды.

Қызмет өтінішті тіркеген күннен бастап — 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі мемлекеттік қызмет көрсету туралы шешімді қабылдау үшін қосымша сұрау салу, тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда 1 (бір) айға ұзартылады. Қызмет тегін көрсетіледі.

Мынадай құжаттар қажет: 1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес нысандар бойынша өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжат; 3) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат; 4) банк шоты туралы мәліметтер немесе өтемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйыммен жасалған шарт; 5) 1949 жылдан бастап 1965 жылды қоса алғандағы, 1966 жылдан бастап 1990 жылды қоса алғандағы кезеңдерде Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұру фактісі мен кезеңін растайтын құжаттарды (мұрағат анықтамалары, ауылдық, кенттік Халық депутаттары кеңестерінің, тұрғын үйді пайдалану басқармаларының, үй басқармаларының, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдерінің, пәтер иелері кооперативтерінің анықтамаларын; еңбек кітапшасын; оқу орнын бітіргені туралы дипломды; әскери билетті; туу туралы куәлікті, орта білім туралы аттестатты, негізгі мектепті бітіргені туралы куәлікті), болған кезде — «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бұрын берілген куәлік. Егер осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген құжаттар сақталмаса, онда ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұрудың заңды фактілерін және кезеңін белгілеу туралы соттың шешімі ұсынылады. Құжаттар салыстырып тексеру үшін көшірмелерде және түпнұсқаларда ұсынылады. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі сұрақтарыңыз болса жергілікті жердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе бірыңғай байланыс орталығы: 1414 телефоны арқылы тегін анықтама ала аласыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/semey-poligonynan-zardap-shekken-azamattar-ekologiyaly-ku-likti-aydan-alu-a-bolady-487655](https://yvision.kz/kk/post/semey-poligonynan-zardap-shekken-azamattar-ekologiyaly-ku-likti-aydan-alu-a-bolady-487655)