---
title: "Семей орманын тонағандар жаппай ұсталды"
description: "Ұстау шарасы «Семей орманы» резерватында былтыр жазда болған алапат өртке байланысты жүргізіліп отыр. Өйткені осындай кезде үнемі ағашт..."
author: "orazali"
published: "2024-07-11T06:34:09+00:00"
modified: "2024-07-11T06:34:09+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/semey-ormanyn-tona-andar-zhappay-staldy-1006374"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/semey-ormanyn-tona-andar-zhappay-staldy-1006374/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Семей орманын тонағандар жаппай ұсталды

> Ұстау шарасы «Семей орманы» резерватында былтыр жазда болған алапат өртке байланысты жүргізіліп отыр. Өйткені осындай кезде үнемі ағашт...

*Ұстау шарасы «Семей орманы» резерватында былтыр жазда болған алапат өртке байланысты жүргізіліп отыр. Өйткені осындай кезде үнемі ағаштарды отау үшін оларға әдейі от қойылады деген әңгіме шығып жатады. *

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/6653087d5c711e14d2e2fa9c4b76eb24.jpg?width=716&height=447)

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, аталған мекеме филиалының директорынан бастап 20-дан астам адам қолға түскен.

«9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ және ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ қызметіне тосқауыл қойды... Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді» – дейді Қуандық Алпыс.

Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау қапасына қамалды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/ba2ff5d1d027d37c481ee5f6cfe72f07.jpg?width=804&height=481)

Бұл құқық қорғау органдарының құрығына ілінген алғашқы орманшылар емес. Осы жылдың басында Павлодар облысында «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ та ұсталған еді. Қазір оларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында алапат өрт өткен жылы 8 маусымда тұтанған болатын. Қызыл жалын бірнеше күнде 60 гектар аумақты шарпыған. 14 адам қаза тауып, 1 адам із-түссіз жоғалып кетті. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері еді. Бұл азаматтар алғашқы болып өртті сөндіруге шыққан. Бірақ қолдарында қажетті құрал-саймандар жеткілікті болмапты.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты биыл мамыр айында «Семей орманы» резерватының екі қызметкері сотталды. Олардың әрқайсысы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу арқылы абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соқты деген айыппен 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/semey-ormanyn-tona-andar-zhappay-staldy-1006374](https://yvision.kz/kk/post/semey-ormanyn-tona-andar-zhappay-staldy-1006374)