---
title: "Сегіз облыста жолдар жабылды"
description: "Ақпанның адуынды аязы күшіне мініп тұр. Сүйектен өтетін суық кей облыстарда 40 градусқа жеткен. Сол..."
author: "kaztrk_kz"
published: "2012-02-01T11:18:01+00:00"
modified: "2012-02-01T11:18:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/segiz-oblysta-zholdar-zhabyldy-224144"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/segiz-oblysta-zholdar-zhabyldy-224144/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сегіз облыста жолдар жабылды

> Ақпанның адуынды аязы күшіне мініп тұр. Сүйектен өтетін суық кей облыстарда 40 градусқа жеткен. Сол...

Ақпанның адуынды аязы күшіне мініп тұр. Сүйектен өтетін суық кей облыстарда 40 градусқа жеткен. Сол себепті сегіз облыста күре жолдар жабылды. Қостанайда қаларалық қатынас шектелді. Сынап бағанасы бұл аймақта 40 градусқа жеткен. Температураның тым төмендігінен техникалар істен шығып, қоғамдық көлік қозғалысы қиындады. Білім ошақтарында сабақтар толығымен тоқтатылған. Аймақтағы төтенше жағдай қызметі қосымша кезекші топтар құрып жатыр. Өйткені ауа райын болжаушылар аяз күші келер аптаға дейін сақталатындығын айтып отыр.

Айнұр Юсупова, Қостанай облыстық ауа райын болжау орталығының қызметкері:

Осы күндері ауа температурасы түнде 33-38 градусқа дейін, кейбір жерлерде 40 градусқа дейін жетеді. Күндіз 25-30 градус. Демалыс күндерде ауаның температурасы жоғарылайды. Түнде 20-25, кейбір жерлерде 30 градусқа дейін жетеді. Күндіз 15-20 градус. Кейбір жерлерде 25 градусқа дейін жетеді. Бұл суық азиаттыққа қарсы циклонмен байланысты.

Ал, Атырау облысында соңғы екі жылда жаумаған қар түсіп, тас жолдардағы барыс-келіс қиындады. Бүгін Мақат ауданы аумағында қарға батып қалған екі автокөлік табылған. Мұнай айдау станциясының жұмысшылары мінген көлік омбы қарға оңбай батыпты. Құтқару қызметі барып, 6 адамды аман-есен алып қалды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/segiz-oblysta-zholdar-zhabyldy-224144](https://yvision.kz/kk/post/segiz-oblysta-zholdar-zhabyldy-224144)