---
title: "Сата білу өнері"
description: "Көпшілік PR-мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұ..."
author: "lion_lida"
published: "2017-02-28T09:31:24+00:00"
modified: "2017-02-28T09:31:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sata-bilu-neri-757889"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sata-bilu-neri-757889/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сата білу өнері

> Көпшілік PR-мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұ...

Көпшілік PR-мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұмыстары да, міндеттері де мүлдем бөлек.

Беделді қалыптастыру, басқару ісімен дәл осы мамандар айналысады. Қазіргі кезде бұларды барлық министрліктер, мемлекеттік және жеке ірі компаниялар және бірқатар ірі тұлғалардың жанынан көруге болады. Олар министрліктің немесе мемлекеттік жеке компанияның баспасөз қызметінде, қоғаммен байланыс департаментінде, жарнама және маркетинг бөлімінде, БАҚ-пен байланыс бөілімнде немесе жеке PR агенттігінде жұмыс істеуі мүмкін.

Шағын кәсіпорындарда маркетологтарға PR мен жарнамалық кампанияларды әзірлеу, немесе жарнама бойынша мамандарға маркетингтік зерттеу мен жоспарлауды жүзеге асыру сынды тапсырмалар міндететіледі. Шындығына келгенде, әр маман өз ісімен айналысуы тиіс десек те, маркетинг, PR және жарнама – бір-біріне жақын болып табылатын, менеджменттің бір саласы.

Аталған салалардың әр қайсысына тиісті өз анықтамасы бар, сондықтан олардың ұқсас қырлары мен айырмашылықтарын түсінуге тырысайық. Сонымен, маркетинг – бұл нарық пен өнімді зерттеп және сараптау арқылы өтім үрдістерін басқару. Осының негізінде тауар ассортименті, баға белгілеу, маркетингтік байланыс орнату (жарнама, PR, тұтынушылар мен сауданы ынталандыру), тұтынушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру мен сауда-коммерциялық қызметкерлердің жұмысын қамту бойынша стратегиялық шешімдер қабылданады.

«Жарнама» туралы қалыптасқан заңдылық бойынша, жарнама дегеніміз – кез келген жолмен, кез келген пішінде, және де кез келген белгісіз тұлғаларға бағыттала алатын, жарнамалау объектісіне назар аудартуға бағытталған, нарықта оған деген қызығушылықты сақтап тұруға әрі дамытуға арналған ақпарат.

PR (пиар; public relations – қоғаммен байланыс) – ұйымның (көпшілікке белгілі тұлғаның) қатынас жолдарын тұрақты байланыс, сенім және өзара түсінушілік орнату мақсатында басқару.

Анықтамаларда көрініп тұрғандай – жарнама мен PR маркетинг-менеджменттің құрама бөліктері болып табылады.

Мамандардың еңбек нарығында шет аймақтарда жалақысы төмен, алайда бәсекелестіктің жоғары екенін ескеріп, шығынды азайту үшін маркетологты тек қана арнайы бір қажеттіліктерде ғана жалдауға болады – зерттеу, сараптама, жоспарлау, стратегия мен ұсыныстарды өңдеу, акциялар және т.б. осы жұмыстардың барлығымен де бір консультант маманның айналысқаны дұрыс (жергілікті – нарықты, тұтынушылықты білетін, жылдам ақпаратқа қол жеткізе алатын). Сонымен бірге, кәсіпкерліктің жеке «өзінің журналисі» болуы мүмкін, яғни қосымша ретінде – жарнамалық мақалалар мәтіні, пресс-релиз, бэкграундер, буклеттер және басқа да промо-материалдар, аудио және видео-роликтердің сценарийі, тұсаукесерлер, сонымен қатар, слогандар, тіпті көпшілік алдында сөйлейтін сөздің мәтінін дайындау сияқты жұмыстарды атқарады.

АҚШ-та жылына маркетинг пен пиарға мемлекеттік қордан 2 миллиард $ бөледі. Бұл өз кезегінде АҚШ-тың қоғаммен байланыс саласына қаншалықты көңіл бөлетінін көрсетеді.

Қазақстанға пиар ұғымы жиырма жылдан астам уақыт бұрын келген. Осы уақыт ішінде ол туралы түрлі көзқарастар болды. Көпшілігінде оны жарнамамен шатастырды. Кейіннен екеуінің мақсаты ажыратылып: жарнама – «сатып алу/сатып алмау», пиар – «ұнату/ұнатпау» болды. Шындығында, қазақстандық пиардың бірнеше түрі бар екен: бизнес пиар, саяси және әлеуметтік. Ескере кетерлігі, КСРО құлағаннан кейін ТМД елдері өзіндік даму «бастамасын» бір уақытта бастаған. Алайда, олардың барлығы қазір дамудың әртүрлі деңгейінде тұр. Өзбекстан мен Беларус елдерінде пиар өте нашар дамыған. «Қазақстанда пиар бағыты, ойдағыдай өсіп келеді» дейді пиар менеджерлер.

Маркетинг, PR және жарнама – бұл ғылым да, экономикалық қару да, басқару функциясы да, байланыс үрдістері де, десе де, бәрінен бұрын, бұл – сату өнері. Демек, бұл саланың мамандары өз аспаптарымен таңғаларлық нәрселер жасай алатын саусағынан бал тамған өнерпаздармен тең!

Әрине, бір мақалада PR туралы толық түсіндіру мүмкін емес. Себебі бір пиар ұғымының 500 анықтамасы бар екен...

Көпшілік PR-мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұмыстары да, міндеттері де мүлдем бөлек. Беделді қалыптастыру, басқару ісімен дәл осы мамандар айналысады. Қазіргі кезде бұларды барлық министрліктер, мемлекеттік және жеке ірі компаниялар және бірқатар ірі тұлғалардың жанынан көруге болады. Олар министрліктің немесе мемлекеттік жеке компанияның баспасөз қызметінде, қоғаммен байланыс департаментінде, жарнама және маркетинг бөлімінде, БАҚ-пен байланыс бөілімнде немесе жеке PR агенттігінде жұмыс істеуі мүмкін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sata-bilu-neri-757889](https://yvision.kz/kk/post/sata-bilu-neri-757889)