---
title: "Сапасыз өнімге сан соғып қалмайық"
description: "Бүгінде сапасыз өнімге тап болып, сан соғып қалатындар жетерлік. Алайда көп жағдайда тұтынушы өз ..."
author: "kaztrk_kz"
published: "2012-02-06T10:33:53+00:00"
modified: "2012-02-06T10:33:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/sapasyz-nimge-san-so-yp-almayy-225176"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/sapasyz-nimge-san-so-yp-almayy-225176/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сапасыз өнімге сан соғып қалмайық

> Бүгінде сапасыз өнімге тап болып, сан соғып қалатындар жетерлік. Алайда көп жағдайда тұтынушы өз ...

Бүгінде сапасыз өнімге тап болып, сан соғып қалатындар жетерлік. Алайда көп жағдайда тұтынушы өз құқын даулап, кінәліні іздеп жатпайды. Болған жайды жылы жаба салуды жеңіл көреді. Содан да болар, дүкен сөрелерінде талапқа сай келмейтін өнім азаймай тұр. Өткен жылы Семейде техникалық реттеу және метрология бөлімі тексерген тұтыну тауарларының 80 пайызы талап үддесінен шықпаған. Сараптамаға ілікпей саудаланып кеткені қаншама. Сондықтан мамандар күмәнді өнімдердің жолын кесу үшін жұртшылықты жұмыла күресуге шақыруда.

Сапасыз зат алып, артынан саусағын тістеп қалғандардың бірі - семейлік зейнеткер Альбина Чумачек. Қаладағы дүкендердің бірінен сатып алған төсек-орын жабдығы сапасыз болып шыққан.

**Альбина Чумачек, қала тұрғыны:**

*Жақында төсек-орын жабдығын сатып алған едім, 15 күн өтпей жатып-ақ материалы тесіліп, өзінен-өзі жыртыла бастады. Мен оны дүкенге қайта апардым. 15 күннен соң апарып бердім, не ақшамды бермеді. Сатып алғанымда чек те бермеді.*

* *

Альбина Чумачек тауар иесімен біраз дауласып, дүкенге талай рет келген. Тиісті орындарға шағымданатындығын айтып, шығынды өтеуді талап етті. Сөйтіп өз құқығын қорғай білген зейнеткер ақшасын 2 аптадан соң қайтарып алды. Мұндай жағдайға әркім тап болып жатады. «Алайда шығынды талап етіп, шағымданатындар аз» дейді мамандар.

** **

**Рақыш Шумаев, техникалық реттеу және метрология департаменті бөлімшесінің бастығы:**

*Сапасыз затты сатып алған тұтынушының өз ақшасын кері қайтарып алуына 100 пайыз құқығы бар. Бұл заңда көрсетілген. Сонымен бірге тұтынушылардың құқын қорғау туралы заңда сатып алушыға моральдық өтемақы төлеу және оның басқа да шығындарын жабу туралы да қарастырылған. Алайда адамдар өздерінің заңды құқықтарын білмейді. *

Бүгінде Шығыс Қазақстанда өнімдердің қауіпсіздік көрсеткіші мен түрлі улы заттарды анықтауға арналған 7 зертхана жұмыс істейді. Онда жоспарлы тексерулермен қатар, тұтынушылар шағымына орай алынған өнімдерге сараптама жасалады. Былтыр Семейдегі сауда нүктелерінен Ресейде шығатын тамақ өнімдерінің арасынан адам ағзасына қауіптілері анықталды. Қытайдан әкелінген денсаулыққа зиянды ойыншықтар да саудадан алынған.

** **

**Рақыш Шумаев, техникалық реттеу және метрология департаменті бөлімшесінің бастығы:**

*2011 жылы біз тексерген азық-түлік немесе жеңіл өнеркәсіп тауарлары, электрлік заттардың 80 пайызынан астамынан талаптарға сәйкессіздікті анықтадық. Жанар-жағар майға қатысты шағымдар көп. Сонымен бірге азық-түлік сапасына байланысты да арыздар бар. Сапасы мемлекеттік бақылау мен арнайы талаптарға сай келмейтін және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкес болмай жататын жайттар көп.*

«Сапасыз өніммен күресті жандандыру үшін тұтынушы тарапынан да белсенділік керек» дейді мамандар. Әзірге бұл жағы ақсаңқырап тұр. Өткен бір жылдың ішінде Семейде тиісті органдарға өнім сапасына қатысты 12 адам ғана шағым түсірген. Кінәлілер әкімшілік жазаға тартылған. Ал биыл қалалық сотқа жыл басынан бері 7 адам арызданған. Оның 2-еуі бойынша шешім шағымданушының пайдасына шешілген, қалғаны қаралып жатыр.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/sapasyz-nimge-san-so-yp-almayy-225176](https://yvision.kz/kk/post/sapasyz-nimge-san-so-yp-almayy-225176)