---
title: "Сәтті сапар: 3 серия/ lil trip to Almaty: volume 3"
description: "-Дана апа,жүрші,мультик қарайық.-Қазыр барамын, күте тұр.-Туу, жүрші,жүрші. Қызық болып жатыр.Айпады..."
author: "kavkayeva"
published: "2017-05-24T02:55:07+00:00"
modified: "2017-05-24T02:55:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/s-tti-sapar-3-seriya-lil-trip-to-almaty-volume-3-767711"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/s-tti-sapar-3-seriya-lil-trip-to-almaty-volume-3-767711/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Сәтті сапар: 3 серия/ lil trip to Almaty: volume 3

> -Дана апа,жүрші,мультик қарайық.-Қазыр барамын, күте тұр.-Туу, жүрші,жүрші. Қызық болып жатыр.Айпады...

-Дана апа,жүрші,мультик қарайық.-Қазыр барамын, күте тұр.-Туу, жүрші,жүрші. Қызық болып жатыр.Айпадыма үңілген мені қолымнан жетектеп, төргі бөлмеге апарды. Жайғасып, жайланып отырып, көгілдір экранға телміріп отырып қалғанымды өзім де аңғармай қалдым. Көз қырымды салып қарасам, бал-бұл жанған жүзінен, күлімдеген күлкісінен, қараған көзқарасынан өзімді айнадан көргендей болдым. Біраздан соң қойнына бар тәттісін жинап, атасы қасымызға келді. Ұнататын кәмпиттерін көргенде балғын балақай да қуанып, мәз болды. Өз басым ата қолы созынған дәмді алып көрмеген соң соңымнан ерген сіңіліме қызыға да, қызғана да қарадым. "Ата мейірімін сезінген сен қандай бақыттысың"- деп терең ойға бата бергенім сол еді, ас бөлмеден "Шайға келіңіздер!"-деген жағымды дауыс естілді. Қолынан келген бар дәмдіні дайындаған, жүзі мейіріммен жарқыраған жеңгем ұсынған шайды қолыма алдым. "Жей ғой, қызым,тойып ал" деп мейірбан әже жылы жүзбен күлімдеуде. "Түскі астан соң машинамен апарып салармын" деп қамқор аға алаңдауда. Үзілгелі тұрған туыстықтық нәзік жібін шешілместей байладың сен, Алматы!

- Сонымен, қайда жол тарттық?

- Қаскелеңге. -Кеттік ендеше!

Қарбаласы көп қала өмірінен алысты мекен еткен, Қаскелеңнің еркелігіне бөленген алпауыттай үлкен ғимаратты көргенде көз алдыма құтты мекенім, алтын ордам, сары күмбезді өз патшалығым келді. Көкшіл тартқан ғимаратта үлкен әріптермен тайға таңба басқандай "Suleyman Demirel University" деген жазуды көріп, сары алтынмен маржандай тізіліп жазылған "Nazarbayev University" деген таныс есім есіме түсті. Кіре сала әп-әдемі, жанға жайлы, қуана қарсы алған, иісі мұрын жаратын кантинді көргенде,айди карточкамен милпланға, столовканың үшінші қабатына асыққан кездерім есіме түсті. Әрі қарай адымдай жүріп, Алатаудың тауларындай мұнартқан үлкен-үлкен бочка-лекционкаларды көргенде, жасыл-қоңыр тартқан, балконында демді басар, үйренген 6шы блогым-инженерлік үйім есіме түсті. Ұзыннан созылған қызыл хол бойымен асықпай жүріп, жан-жағымдағы айнала қоршаған кабинеттерге қарап, бұл холдан екі есе ұзын болатын атриумды жағалап, сабаққа асыққан кездерім есіме түсті. Керемет ғимараттың кереметтілігіне қарап шаршаған мен, тізіліп тұрған скамейкалардың біреуіне отыра кеткенде, сылдырлап аққан өз фонтанымның дауысы есіме түсті. Басымды көтеріп, аспанға қарағанда ғана естеліктерім мен қазыргім тең екенін аңғардым.(Себебі екі универдің де төбесі әйнектен жасалған.) Бұл теңдік ненің артық ненің кем екенін емес, ненің жақын ненің жат екенін көрсеткенімен бұлттсыз көгілдір аспанымыз ортақ дегендей сыбырлады. Қолда бар алтынның қадірін бағалауды үйреткен ұстаз сен болдың,Алматы!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/s-tti-sapar-3-seriya-lil-trip-to-almaty-volume-3-767711](https://yvision.kz/kk/post/s-tti-sapar-3-seriya-lil-trip-to-almaty-volume-3-767711)