---
title: "Руымен емес, ТУЫМЕН мақтанатын жастар керек!"
description: "“Зерттегіштердің” соңғы мәліметі Қазақстандағы саны көп рулардың тізімі нағыз провокация. “Зертеусым..."
author: "nuri123"
published: "2016-03-31T23:45:10+00:00"
modified: "2016-04-11T14:09:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruymen-emes-tuymen-ma-tanatyn-zhastar-kerek-686704"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruymen-emes-tuymen-ma-tanatyn-zhastar-kerek-686704/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Руымен емес, ТУЫМЕН мақтанатын жастар керек!

> “Зерттегіштердің” соңғы мәліметі Қазақстандағы саны көп рулардың тізімі нағыз провокация. “Зертеусым...

“Зерттегіштердің” соңғы мәліметі Қазақстандағы саны көп рулардың тізімі нағыз провокация. “Зертеусымаққа” тапсырыс берушілер артында шетелдік арнайы қызмет орындары тұрса, таңданбаңыз. Олар елдің арасына тағы да іріткі салмақшы. Әрине, әркім жеті атасын жатқа білуі керек шығар? Қазақ баласы ата тегін, руын естен шығармау керек шығар? Дұрыс ақ. Бірақ, байқайықшы... Ру тақырыбы ішімдік буы сияқты. Қалай мас болғаныңызды да, қалай төбелеске ұрынғаныңызды да байқамай қаласыз. Абай Құнанбаев біздің орта жүздікі, Мәншүк пен Әлия өзіміздің кіші жүздікі деген мақтан сөздерді өз құлағыммен естігенім бар. Мұның бәрі артық әңгіме... Олардың бәрі қазақ, олардың бәрі қазақтікі... Мен Бауыржан Момышұлының жақын туысымын. Бірақ, Баукеңді біздің рудың адамы деп айтпақ түгілі ойлауға да арым жібермейді. Баукең де, Абай да, Махамбет те қазақ. Олар біздің ұлттық мақтанышымыз. Ал, ел мақтанышы бөлшектенбейді. Мәншүк пен Әлия бәріміздің апамыз, бәріміздің әпкеміз. Олар бір жүздің емес, бір қазақтың емес, бүкіл Совет Одағының батыры. Винокуров пен Ильиннің жетістіктеріне қуанғанда ру түгілі ұлтына назар аудармаймыз. Онда неге қазақтың нар тұлғаларын руға бөлшектейміз? Пәлен рудың саны түген рудан қаншалықты артық немесе кем екенін білу соншалықты маңызды ма? Руыңыздың саны емес, қазақтың саны өссін деп тілеңіз! Тағы да қайталап айтамын: Ру тақырыбы бензин сіңген құрғақ ағаш сияқты. Ол "ағашқа" сіріңке тиіп кетсе, оны тоқтатуға көлдің суы да жетпейді.

**Серік Абас-шахтың ФБ парақшасынан**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ruymen-emes-tuymen-ma-tanatyn-zhastar-kerek-686704](https://yvision.kz/kk/post/ruymen-emes-tuymen-ma-tanatyn-zhastar-kerek-686704)