---
title: "Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»"
description: "Бүгінгі кейіпкеріміз Руслан Минулин 2002 жылы Германияға көшіп кетеді, алайда туған жер өзіне тартып..."
author: "Arsik"
published: "2012-10-30T18:34:00+00:00"
modified: "2012-05-01T07:01:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruslan-minulin-men-europaly-oralmanmyn-252759"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruslan-minulin-men-europaly-oralmanmyn-252759/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»

> Бүгінгі кейіпкеріміз Руслан Минулин 2002 жылы Германияға көшіп кетеді, алайда туған жер өзіне тартып...

*Бүгінгі кейіпкеріміз Руслан Минулин 2002 жылы Германияға көшіп кетеді, алайда туған жер өзіне тартып отырды, 4 жылдан кейін Руслан Қазақстанға қайтып келді. Жай ғана қайтып келмей, бұрын энергетика мамандығын меңгерген Руслан журналистика мен қазақ тіліне деген үлкен махаббатпен оралды. Бүгінде Руслан журналист, «[Let’s speak қазақша!](http://www.facebook.com/pages/Lets-speak-%D2%9B%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%D1%88%D0%B0/263397277008859)» әлеуметтік курсының тренер-оқытушысы. Сондай-ақ бірнеше достарымен қосылып, 2011 жылы «Сөйле» клубын ашты. Клубқа қазақ тілін үйренем деген кез келген адам келіп, қазақы ортада қазақшасын жетілдіре алады.*

**

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/52QGl5U6HhmvohI0hmttTJxwAECThH.jpg)

— Сәлеметсіз бе, Руслан! Өзіңіз жайлы қысқаша ақпарат беріп өтсеңіз: қай жерде туылдыңыз, өскен жеріңіз?**

— 1974 жылы Алматыда дүниеге келдім. Академик Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебін, кейін Алматы энергетика институтын үздік дипломмен бітірдім. 4-ші курстан бастап, «Караван» редакциясында «практикант» ретінде жұмыс істегенмін. Алманияда (ФРГ) 4 жыл бойы оқып (Карлсруэ университетінде, Баден-Вюртемберг деген жерінде), сонда біраз жұмыс істеп, 2006 жылы Қазақстанға оралдым. «Еуропалық оралман» десе болады.

**— Қай мамандық бойынша оқыдыңыз?**

— Гуманитарлық (коғамдық) білімді ешқашан да алмаппын. Менің ойымша, «журналист» мамандығы бізге тек қана өмір тәжірибесі арқылы келеді. Мысалы, әскерде қызмет еткенде менің өмір тәжірибем біраз байыды.

**— Қазақ тілін қашаннан бері оқи бастадыңыз?**

— Бірінші қазақ тілі сабағымды 4-ші сыныпта Алматыдағы Абай атындағы № 10-шы орта мектебінде Фарах Жамузгалиевич деген мұғалім берді. Кейін физматта, институтта қазақ тілін үйренбеппін, жұмыс үшін қазақ тілі қажет болмады.

**— Тілге деген құлшыныс қашан, не себепті пайда болды?**

— Біріншіден, оқырмандармен, көршілермен, сатушылармен олардың ана тілінде сөйлескім келді, себебі олардың позитивті реакциясы көңілімді көтеретін. Екіншіден, таза қазақ тілінде мақала жазуды армандаймын.

**— Тілді меңгеру процесі қалай өтті? Арнайы мұғаліміңіз болды ма?**

— Тілдің рөлін Алманияда тұрғанда айқын түсіндім. Егер де мемлекеттік тілдің кемінде ең төменгі деңгейін меңгермесең, ақша таба алмайсың, лайықты жұмыс орнына тұра да алмайсың. Иоганн Вольфганг Гёте деген белгілі неміс қоғам қайраткері, фәлсәфашысы, ақыны: «қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» — деген екен. 2006 жылдан бастап Алматыда жеке сабақтар алып, 10 мұғалім ауыстырдым. Білім алу қымбат қой. Қазақ тілін үйренудің бағасы, жаңа көліктің бағасымен теңдей болды. Бірақ қазақтар: «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ» — дейді емес пе.

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/8q5EGwu7fI16Cvd3pYftgh652B3cn3.jpg)

**— Тіл меңгеруде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?**

— Басынан бастап қиындықтар көп болды. Герольд Бельгер-аға маған тек қана бір ұсыныс берді: «Қазақ тілін үйрену қажет»! Содан кейін мен ниет, ықылас (мотивация) іздей бастадым. Ниет болса, қиындықтар көз алдыңда ғайып болады.

**— Ал қай тұстар оңайға түсті? Мүмкін жеңіл үйренудің арнайы бір әдіс-тәсілдері бар шығар?**

— Неміс, ағылшын оқулықтары мен әдістемелерге қарағанда, қазақ тілі оқулықтарының сапасы төмен деп бағалаймын. Қазақ тілі мұғалімдерінің берген оқулықтары көңіл толтырмады. Тек күнделікті өмірдегі қазақтармен етене араласудың арқасында, қазақшамды біраз жақсарттым. Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың.

**— Клубыңыз жайлы нақтырақ айтып өтсеңіз? Немен айналысасыздар? Жиындар қалай өтеді?**

— Менің дарынды мұғалімім Нұрсұлу айтпақшы: «язык — это болтология»! Сондықтан бүгін осы «болтология» қазақ тілін кең тарату (популяризация) үшін өте маңызды. Біз басында кафеде кездесетінбіз, қазір Skype-арқылы бір-бірімізбен сөйлесеміз. Ол нағыз қазақ тілін оқыту әдісіне сәйкес келеді.

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/2s1g19cqiZDRLq3hEqD52QjGmwmc8b.jpg)

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/k4ONTXxHX4Cv43hl8cm5Vvz2XW45o3.jpg)

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/GSUkH3RxVgU61CF7Dkkec4uLGtut9G.jpg)

**— Орыс сыныбында оқитын оқушылар мектеп бітірісімен, қазақша сайрап кетпейді. Сіздің ойыңызша неліктен? Оқу жүйесінің дұрыс құрылмауы ма? Түзету шаралары бар ма?**

— Әрине, олар «қазақша сайрап кетпейді»! Мектеп тек қана тірек, негізді бере алады. Осы тұста ата-аналардың рөлі өте маңызды. Балалар үйде ата-аналармен, көшеде достарымен қазақша ешқашан сөйлеспейді. Қазақ тілі олар үшін латын тілі, «өлген тіл» сияқты. Балалар: «ата-анамыз үйімізде қазақша сөйлеспейді. Сонымен, қазақ тілі маған не үшін керек?» — деген сұрақтар қойып, қазақ тілі сабақтарына «отработка», «обязон» ретінде қарайды. Бұл жағдайда мектеп оны «кінәлі» дей алмайды. Егер ата-аналар баласымен бірге оқулықтарды ашса, дүкенге, базарға баламен бірге барып, сатушымен қазақша сөйлесуге тырысса, қазақ тілі нағыз ана тілге айналып кетер еді. Егер баланың өзі ата-анасына қазақ тілінің қысқа «сабақтарын» ойын ретінде берсе, бүкіл отбасы қазақ тілін тез меңгеруші еді, олардың қарым-қатынасы жақсарушы еді деген пікірдемін. Ниет болса, мүмкіндік те табылады.

![Руслан Минулин: «Мен — еуропалық оралманмын»](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/IHl2Y85w5DrQUz3C4PgMHnM00PUbUQ.jpg)

**— Қазір қайда жұмыс істейсіз, немен айналысасыз?**

— «Қазақстан Жастар Медиа Одағы» үкіметтік емес ұйымында үйлестіруші (координатор) ретінде жұмыс істеймін. Басты міндетіміз — жастарды ақпараттық кеңістікке тарту, әлеуметтік күшке еркіндік беру, шығармашылық мүмкіндіктерді жүзеге асыру, интернет-медиа, баспасөз құралдары, телерадио бағдарламалар арқылы дүниеге және қоғамдық қатынастарға деген бүгінгі тандағы көзқарасқа жастарды тарту. «Let’s speak қазақша!» деген тренингтерді Қазақстанның БАҚ редакцияларында өткіземіз. Фрилансер ретінде әр түрлі газетке мақалаларымды да жіберемін.

**— Қазақ тілін оқимын деушілерге қандай кеңес бересіз? Жалпы оқырмандарға қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын айтып өтсеңіз...**

— «Мен үшін қазақ тілі не үшін керек?» — деген сұраққа жауап беру қажет. Егер осыған сәйкес мотивация болса, әр адам қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік табады. Skype арқылы немесе Елена Романенко, Бектурованың әдістері бойынша, әлде Дмитрий Петровтың курстары бойынша, мұғалім, көршілер, достар, әріптестер арқылы кез келген адам қазақ тілін меңгере алады. Бізідң «[СӨЙЛЕ!» club at the KIMEP»](http://www.facebook.com/groups/190246054343795/) деген Facebook тобымызға да шақырамын.

**— Тағы да қай тілдерді білесіз?**

— Орыс — ана тілім. Ағылшын тілі (ТОEFL емтихан бойынша), неміс тіл (DSH-емтихан бойынша: 75%).

**— Рахмет, игі ісіңізге сәттілік тілейміз!**

*Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ruslan-minulin-men-europaly-oralmanmyn-252759](https://yvision.kz/kk/post/ruslan-minulin-men-europaly-oralmanmyn-252759)