---
title: "Рухани жаңғырудың темірқазығы — латын қарпі"
description: "Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде отарлық бұ..."
author: "Burkhanova"
published: "2017-10-16T03:04:38+00:00"
modified: "2017-10-16T03:04:38+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruhani-zha-yrudy-temir-azy-y-latyn-arpi-781322"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ruhani-zha-yrudy-temir-azy-y-latyn-arpi-781322/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Рухани жаңғырудың темірқазығы — латын қарпі

> Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде отарлық бұ...

Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде отарлық бұғауынан шыққан елдер үшін заңдылық болып табылатын және жемісін беретін ОТАРСЫЗДАНУ саясаты қолға алынбаған Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Әрине, бұл қадамның қарқын алуы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталып кеткені белгілі. Ал алғаш латын әліпбиіне өту керектігі туралы 2006 жылы Елбасымыз Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан болатын.

 

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/4tnq4CFdIs23U3VXE9mClDL4o5X0sv.jpg)

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Бұл рас. Бірақ барға қанағат етіп қана отыруға болмайды. Алға ұмтылу керек! Өркениетті елдермен терезімізді теңестіруіміз қажет-ақ!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/tX26Z7nVKmOko3fCxWa4aHWCsB0wBy.jpg)

Әрине, қоғам болғаннан соң әрбір жаңалық жеңіл қабылдана бермейді. Көпшілігі «мына үтірлер не таңба» деп түсінбейтін де шығар. Бірақ оған үйрену соншалықты қиын емес. Әріп үстіндегі үтірлер кейде дыбыстардың жіңішкелігін көрсетеді. Мұнда дауыстылар да дауыссыздар да апостроф арқылы көрсетілді. Біздің ұлттық дыбысымыз деп қабылдауға әбден болады. Жалпы тілшілер диакритикалық әліпбиді қолдайды. Ол дұрыс. Бірақ, қазір интернет, цифрландыру, модернизация заманында өмір сүріп жатырмыз. Мәселенің осы қырын да ескеру керек. Болашақ ұрпақ бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Алғаш ұсынылған әліпби бүкіл интернет бағдарламасын өзгертуді талап ететіні белгілі еді. Сондықтан, оның бәрі шығынды талап етеді. Ал апостроф клавиатурада бар. Сондықтан, Елбасына ұсынылған жаңа нұсқаны артық санаймын, қоғамға тез еніп кетеді деп ойлаймын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/nDgr5zs7j8s0NqyrmAO2Ml8erwe33W.jpg)

P.S. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. “Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін” деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс. Олай болса, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге атсалысуымыз керек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/Sq3yu8JGM800YXvgSRXh2OdQ26z928.jpg)

 

Назира БУРХАНОВА

"ҒЫЛЫМ ордасы" РМК

"Ғылымды насихаттау, қоғамдық ақпарат және баспа ісі" бөлімінің

бас маманы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ruhani-zha-yrudy-temir-azy-y-latyn-arpi-781322](https://yvision.kz/kk/post/ruhani-zha-yrudy-temir-azy-y-latyn-arpi-781322)