---
title: "Ұрпаққа сапалы ұрық керек"
description: "Ел халқының жиырма пайызы, яки әрбір бесінші жұп артынан ұрпақ қалдыру бақытынан қағылған. Әрине, ғы..."
author: "AIKYN"
published: "2012-09-13T00:11:19+00:00"
modified: "2012-09-13T00:11:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/rpa-a-sapaly-ry-kerek-289609"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/rpa-a-sapaly-ry-kerek-289609/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ұрпаққа сапалы ұрық керек

> Ел халқының жиырма пайызы, яки әрбір бесінші жұп артынан ұрпақ қалдыру бақытынан қағылған. Әрине, ғы...

Ел халқының жиырма пайызы, яки әрбір бесінші жұп артынан ұрпақ қалдыру бақытынан қағылған. Әрине, ғылыми технологияның озық жетістіктерінің арқасында мұндай келеңсіздікті оңай еңсеруге болады. Тек қалтаңызда ақша, қажетті генетикалық материал болса, жеткілікті.

Он бес жылдың ішінде алты мыңнан астам бүлдіршін қосымша репродуктивті көмек арқылы дүние есігін ашқан. Әйтсе де мамандардың пайымдауынша, ел аумағында жасанды ұрықтандыруға қажетті ұрық жетіспейді. Тіпті алдағы жиырма жылдың ішінде дені сау ұрық баға жетпес құндылыққа айналады-мыс. Ұрықтың әлсізденуіне түрлі экологиялық факторлар әсер етеді екен. Елімізде оннан аса жасанды ұрықтандыру орталықтары бар. Жыл сайын екі мыңға жуық келіншек аталмыш орталықтардың көмегіне жүгінеді. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, бедеулікке тап болған отбасылық жұптардың 40-45 пайызының мұндай күрделі мәселеге тап болуына тікелей ер-азаматтардың денсаулығы әсер етеді. Соның салдарынан ЭКО-орталықтарға ұрық доноры ауадай қажет. Бұл күнде ЭКО-орталықтарға ұрығын тапсыратын донорлар бар. Бірақ мамандар ұрық-донорлығына жарайтын ер-азаматтардың денсаулығы сын көтермейті- нін алға тартады. Мәселен, екі жүзге тарта жанама донорлардың тек екеуінің ғана генетикалық материалы іске жарамды екен. Репродуктолог-мамандар 20 жастағы жігіттен гөрі, елуді еңсерген азаматтардың ұрығы әлдеқайда сапалы екенін айтады. Түрлі экологиялық факторлар, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан тепсе темір үзер жасқа келген ер-азаматтар­дың денсаулығы күрт төмендеп отыр. Сондықтан әрбір азамат тамақтану кестесін мұқият бақылап, азық-түліктердің құрамын тексеруі тиіс. Бүкіл Қазақстан бойынша 12 мыңға жуық тұрақты ұрық-доноры бар екен. Маман­дардың айтуынша, бұл көрсеткіш тым аз. Тағы бір айта кетерлігі, оңай жолмен олжа табамын деп шарқ ұрып, ұрығын тапсыруға талпынатын азаматтар да аз емес. Бір ұрықты тапсыру құны жеті мың теңгені құ­райды. Бірақ ұрық-донорына қойылар талап та жетерлік. Мәселен, жасы 35-ке дейінгі, денсаулығы жарамды, кемінде бір баласы бар, жоғары білімді ер-азаматтар донор ретінде қабылданады. Әрқилы созылмалы һәм психикалық дерті бар азаматтардың генетикалық материалы іске жарамайды. Сондай-ақ қолында дипломы жоқ, қара жұмысшылар да жа­рамсыз. Донордың жарамдылығын тексеруге 90 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Әрине, ер-азаматтардың бедеулік дертіне тап болуы тұтас бір ұлттың бас ауыртар басты мәселесі. Жыл сайын ерлердің денсаулығы нашарлап барады. Бұған азаматтардың денсаулығына немқұрайды қарауы сеп болатын шығар. Әйтсе де ЭКО-орталықтардың табалдырығын тоздырып, ұрық іздеп жүрген келіншектердің қарасы аз емес. Әлбетте, біреу жаны ауырғаннан көмекке жүгінсе, енді біреу үшін ұрық мәселесі еріккеннің ермегіне айналды. Біраз уақыт бұрын отандық ақпараттық порталдарда «қазақстандық келіншектер өзі қалаған кез келген азаматтан бала көтере алады, «Донор сперм-плюс» репродуктивті компаниясында әлем бойынша 80 мыңнан астам ұрық сақталған. Енді қазақстандық қыз-келін­шектер шетелдік артистер мен атақты саясаткерлерден ұрпақ ала алады» деген ақпарат кеңінен таралған еді. Әлбетте, мұндай «қуанышты» жаңалыққа елең еткендер саны көп болды. Тіпті ер-азаматтар 60 АҚШ долларына өз ұрығын беруге келіс- се, нәзік жандылар ұрыққа тапсырыс беріп үлгеріпті. Мәселен, қазақ­стандық келіншектер Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Олимпиада чемпионы Илья Ильин, Тәңірберген Бердіоңғаров, әнші Батырхан Шүкеновтен бала көтергісі келетінін жасырмапты. Бірақ арулардың көңілі әп-сәтте су сепкендей басылды. Халыққа таралған «Ұрық банкісі» жөнінде ақпарат жасанды болып шықты. Бұл - «Теле-2» байланыс операторының жаңа байланыс түрін жарнамалауға арналған «партизандық» ақпараты болып шықты. Әрине, әзілге құралған ақпар болса да, астарында зілдей шындық жатыр. Келіншектердің барлық мәселені ысырып қойып, ұрық іздеуіне жол болсын дейсің мұндайда. Жалпы, дінде өзгенің ұрығын әйелдің бойына жасанды жолмен бітіруге қатысты екіұдай пікір бар. Алматы облыстық мешітінің наиб-имамы Марат Әмірұлының айтуынша, Ислам әлеміндегі беделді ғалымдар жасанды ұрықтандыру арқылы бала сүюге болады деп пәтуа берген. Бұл пәтуаға сүйенсек, ұрықтанудың негізгі 3 элементі: ұрық, аналық жұмыртқалық және жатыр саналады. Осылардың үшеуі де некелі жұбайларға тиесілі болса, жасанды ұрықтандырумен перзентті болуға діни тұрғыдан ешбір шектеу жоқ. Дегенмен бұл тәсіл табиғи жолмен сәби сүйе алмайтын жұбайлар үшін ем мақсатында ғана қолданы­лады. Ал енді жасанды ұрықтандыру барысында жоғарыда аталған ұрық, аналық жұмыртқалық және жатыр жұбайларға тиесілі болмаса, мұндайға дініміз рұқсат бермейі. Бір қарағанда, өзге азаматтың ұрығын әйел бойына бітіру зина жасаумен пара-пар. Ал дінімізде зина жасау өте ауыр күнә саналатыны баршамызға мәлім. «Ұрық-донорын пайдаланып, жасанды ұрықтандырудың тағы бір тұсы бар. Әрине, бала сүйгісі келетін ата-ана ұрпақ өрбіту үшін қолдағы барын аямасы анық. Бірақ ұрық-доноры көп жағдайда белгісіз күйінде қалады. Мәселен, біреудің ұрық-доноры келіншекке салынды делік, талап бойынша донор атанар ер-азаматтың туған балалары болуы керек. Уақыт өте келе бір ұрықтан туылған екі адам бір-біріне жолығып, отбасын құруы мүмкін ғой. Яки бұл болашаққа қауіп төндірер мәселе. Бүгін бұған көз жұма қарасақ, ертең зардабын шегуіміз әбден мүмкін. Бұл дегеніміз - тексіздікке әкелетін бірден-бір жол» дейді Марат Әмірұлы. Бедеулік дертін емдеп, жастарға бақыт сыйлау үшін жасанды ұрықтандыруға иек артқан дұрыс-ақ. Мамандар ұрық-донорлығын жан-жақты насихаттау керек деген пікірін алға тартады. Мейлі, насихатталсын делік, бірақ елімізде ұрығын тапсырған донордың аты-жөні, тегі аталмайды. Яғни барлығы жасырын түрде жүргізіледі. Бірақ жасырын донорлардың салдарынан келешек ұрпақ зардап шекпей ме? Бар гәп осында...

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/rpa-a-sapaly-ry-kerek-289609](https://yvision.kz/kk/post/rpa-a-sapaly-ry-kerek-289609)