---
title: "Рэмбрандттан қалған «Возращение блудного сына»картинасының екінші жартылай шеңбері..."
description: "«Біссімілә» деп Эрмитажға алғаш кірген күні Рэмбрандттың залын іздедім. Менің білуімше, голландтық а..."
author: "akzhauyn"
published: "2015-01-23T17:10:53+00:00"
modified: "2015-01-23T17:12:48+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/rembrandttan-al-an-vozrashchenie-bludnogo-syna-kartinasyny-ekinshi-zhartylay-she-beri-436214"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/rembrandttan-al-an-vozrashchenie-bludnogo-syna-kartinasyny-ekinshi-zhartylay-she-beri-436214/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Рэмбрандттан қалған «Возращение блудного сына»картинасының екінші жартылай шеңбері...

> «Біссімілә» деп Эрмитажға алғаш кірген күні Рэмбрандттың залын іздедім. Менің білуімше, голландтық а...

«Біссімілә» деп **Эрмитаж**ға алғаш кірген күні Рэмбрандттың залын іздедім. Менің білуімше, голландтық атақты суретші туындыларының ең көп жинақталған орыны – осы Эрмитаж екен. Жиырмаға жуық картина қазір Петербургтың төрінде жарқырап тұр.

**Рэмбранд** – ерекше суретші. Ол өмір сүрген қоғамда қылқалам шеберлері үйдің интерьеріне сай етіп – әдемілікті, жан-жағындағы табиғатты, күнделікті өмір сұлулығын шағын ғана форматта бейнелеген. Өйткені сұраныс сондай болды.

Ал Рэмбрандттың картиналары адамның бойынан сәл ұзындау көлемдерде орындалған. Оның үстіне туындыларында антикалық дәуір әдебиеті мен інжіл әңгімелерінің мотивтерін тірілткенді жақсы көрді. Өз заманында аса ауыз толтырып айтатындай атаққа да, мадаққа да бөленбеген суретші, кең көлемді картиналарына бояу, мата сатып алу үшін үлкен қарыздарға да кірген. Дегенмен көлемді картиналардың өз сыры бар екеніне бүгін көзім анық жетті.

Алдымен атақты **«Возвращение блудного сына»** туындысын көруге асықтым. Картина сюжеті Інжілдегі адасқан ұл жайлы әңгімесін қайталайды. Рэмбрандттың заманында бұл сюжет Босх, Рубенс сынды біраз суретшілердің шығармашылығына арқау болған.

![Рэмбрандттан қалған «Возращение блудного сына»картинасының екінші жартылай шеңбері...](https://storage.yvision.kz/images/user/akzhauyn/6voEQd7w2W8enOAk9FV64KhkGr39Zz.jpg)

"Возвращение блудного сына", Рэмбрандт. 1666-69 ж.ж.

Аңыз бойынша бір әкенің екі ұлы болады. Кенже ұлы бір күні туған әкесінен көзі тірісінде өз мұрасын еншілеп, алыс жақтарға сапар шегіп кетеді (бағзыда көзі тірісінде мұра еншілеу деген сұмдық емес пе?!). Жалғанның қызығын шарапханалар мен әйелдердің құшағынан тапқан Ол, шайтанның азғыруымен бар мұрасынан айырылады. Уайымсыз жағдайдың соңы кедейшілікке әкеліп, ауыр халге түсіреді. Күнін әзер көргендіктен саяхаттың ақыр соңы – әкесінің қол астында, шошқа бағып жүруге әкеліп тірейді. Өз үйінің тіпті жалшылары оған қарағанда жақсы тамақтанып, олар киген киімдері бүтін екенін көргенде, шыдамай әкесінің аяғына кешірім сұрап жығылады. Әкесі бар мейіріммен құшағын ашып, өмірден адасқан ұлын кешіреді.

Рэмбрандт алғаш адасқан ұлдың образын **«Блудный сын в таверне»** *(төмендегі сурет)* картинасында көрсетеді. Бірақ «Возвращение блудного сына» соңғы туындыларының бірі болғандықтан ба, үлкен жаңашылдықпен, асқан шеберлікпен орындалады.

![Рэмбрандттан қалған «Возращение блудного сына»картинасының екінші жартылай шеңбері...](https://storage.yvision.kz/images/user/akzhauyn/Z929Ie3Ldp5Dbr4UT7J7v8jqGBqBVr.jpg)

«Блудный сын в таверне», Рэмбрандт. 1635 жыл (Аңыз сюжетіне жазылған бұл картинада автордың өзі мен әйелі Саские бейнеленген).

Рэмбрандтқа дейін біз адасқан ұлдың суретін арқасымен бұрылып тұрған, бет-бейнесіз қалпын көрмегенбіз. Әке бейнесінің маңдайына түсіп тұрған сәуле – ерекше мейірім мен кешірімділіктің, жүрек кеңдігінің символы. Әсілінде әкенің образы арқылы аңыз бойынша Құдайдың бейнесі сомдалған. Йә, Жаратқан әрдайым пендеге кешірімді ғой... Иіліп, құшағына алған сәті – Рэмбрандттың қыл-қаламынан ерекше шынайы төгілген. Әкенің екі қолы жартылай шеңбердің формасында бейнелеген, онымен қоса артқы фондағы жартылай шеңберлер де бұл картинада маңызды функциялардың бірін орындап тұр. Йә, адамдар жартылай шеңбер ішінде тұр. Адасқан ұлдың аяқ киімі, үстіндегі киімі де әбден тозған. Десек те киімінің арасынан көрінген алтын түсті парча матасының қалдықтары өткен күннен бір белгі беріп тұрғандай. Әкесі мен баласынан басқа картинада тағы 4 кейіпкер бейнеленген. Өкінішке орай, олардың анық кім екендері белгісіз. Ғалымдардың әртүрлі пайымдаулары бойынша ең артында тұрған әйел – үй қызметкері, қалғандарының бірі ағасы болу мүмкін. Тағы біреулер картинадан Рэмбрандттың өзін көруге болады дейді. Дегенмен олардың кім екенін білудің еш пайдасы жоқ сияқты. Неге десеңіз...

Бастысы – төртеуінің де бет бейнесінен әртүрлі эмоцияларды байқауға болады: **біреуі** әке кешірімін құптамай тұрса, **екіншісі** адасқан ұлдың халіне аяушылықпен қарап тұр. Ал үшіншісіне тіпті бәрі бірдей сияқты.

Осымен картинаның бірінші бөлігі аяқталған екен. Картинаны оқып тұрып, бәрі де «шеңбер» символымен байланысы бар екенін байқадық: жартылай шеңберді бейнелеген әкенің қолдары, артқы фондағы аркалар, жалпы картинадағы кейіпкерлердің тұрған позициясы, жарық дүниені айналып, қайта оралып келген ұл.

Мен картина алдында отыз минуттай тұрдым. Одан да көп болмаса... Жанымнан экскурсиямен ағылып келіп жатқан топ-топ адамның елу шақтысы өткен шығар. Бәрі де картинаның алдына келіп – **біреуі** адасқан ұлды аяп, **біреуі** онымен фотоға түссе, **басқалары** қабағын түйіп алып, жанынан өтіп кетті. Қанша адам өтсе – түрлерінен сонша эмоцияны байқадым.

Енді түсіндім! Рэмбрандттың бұл туындысының екінші бөлігі, екінші жарты шеңбері – БІЗ, көрермендер екенбіз! Суретшінің қарызға белшесінен батырған, ешкім де сатып алмайтын, адамның бойымен тең ҮЛКЕН картиналар салудың сырын енді түсіндім. Картина тек көрермендерімен бірге тұтас туындыға айналады екен. Міне ғажап! Шеңбердің ішінде мен де тұрдым! Мен де адасқан ұлға сын көзбен қарап тұрғанымды сездім! О, ғажап, дөңгелеген дүние-ай! Браво!

 

**Ақерке Асан**

**Санкт****-Петербург**

**14.01.2015**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/rembrandttan-al-an-vozrashchenie-bludnogo-syna-kartinasyny-ekinshi-zhartylay-she-beri-436214](https://yvision.kz/kk/post/rembrandttan-al-an-vozrashchenie-bludnogo-syna-kartinasyny-ekinshi-zhartylay-she-beri-436214)