---
title: "Құралайдың салқыны!"
description: "Кішкентай кезімізде әр жаз сайын Ахмет Байтұрсыновтың \"Аққұм\" деп аталатын өлеңіндегі \"Аққұм\" деген ..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-05-20T04:52:15+00:00"
modified: "2019-05-20T04:52:15+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ralaydy-sal-yny-832717"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ralaydy-sal-yny-832717/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Құралайдың салқыны!

> Кішкентай кезімізде әр жаз сайын Ахмет Байтұрсыновтың "Аққұм" деп аталатын өлеңіндегі "Аққұм" деген ...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c410f41d2e62ad4971b4eef49e793f.jpg)

Кішкентай кезімізде әр жаз сайын Ахмет Байтұрсыновтың "Аққұм" деп аталатын өлеңіндегі "Аққұм" деген кеңшардың "Бердібай қарасуы" деп алатын жердегі нағашымызға, жайлауға баратын едік. 80 шақырым қашақтықтағы жердің өзгеруі керемет болатын, бір 20 шақырым көлеміндегі жер тастақты болады да одан кейінгі 20 шақырым жер қызыл топырақты болып келеді, одан кейінгі 20 шақырым жер нағыз құмды төбешіктер болып келеді де қалған 20 шақырымы әдеттегі сары дала болатын, бір қызығы жан-жануарлар дүниесі де әр-алуан болып келеді. Көлікпен бара жатқан кезде жолдан киіктердің өтуін күтіп тұратын едік. Сол кездегі "В мире животных" деп аталатын бағдарламаның заставкасында көп жануарлар өтіп бара жататын көріністі біз де көретін едік, көліктен шығып, киіктердің өтуін қызықтап қарап тұрушы едік, шамамен 15-20 минут кететін еді. Сол киіктеріміз бір жылы қатты қырылды. Жаңылмасам 1988 жыл болуы керек. Әр жерде төбе-төбе болып үйіліп жатты. Совет Одағының кезі емес пе, әскерилер келіп, кеңшар басшылығын ұйымдастырып, өлген киіктердің сүйектерін үлкен шұңқырлар қаздырып соған құлатып жатты. Жұмыс басындағы қарапайым ауыл халқына тек тазалық үшін арақ берді. Қырда жүріп қызық көріп киіктің 2 қап асығын 3-4 сағат ішінде жинап алғаным да есімде. Кейін оқып отырсам сол киіктердің қырылған саны - 0,5 млн. екен. Кейіннен браконьерлер шықты, мүйізіне бола текелерін қырды, одан қалды киіктердің өздері деп ауырып өле берді. Әлгі аталған жердің халқы кейін қопарыла көшіп кетті, бос жер қазір "Алтын Дала" деп аталатын резерватқа берілген. Сол жылдардан кейін осыдан бірнеше жыл бірінші рет ата-бабамыздың ата қонысына барып едім. Резерваттың өзінде бірен-саран ғана киіктер жүрген болатын. Кейін саны тағы өсті. Одан соң әдәуір көбейген киіктер тағы қарылған еді. Қазір шүкір, резерват қызметкелерінің жанқиярлығы мен халықаралйық ұйымдардың көмегі және ел халқынына түсіндіру жұмыстарының арқасында саны тағы өскен жайы бар. Әрине, тоқмейілсуге болмайды. Бұл киіктердің популяциясы "Батпақдала киіктері" деп аталады, негізінде бір ешкіден туған лағын екінші ешкі далада олардың төлдеуі кезінде емізе береді, бұл "Құралай салқыны" деп аталатын кез, жаңа туған киіктің лағының шамалыдан кейін тұрып кетуі ғажап құбылыс. Табиғаттың тағы бір кереметі, осы аралықтағы суықта лақтарға жыртқыштар да жолай алмайды, шыбын-шіркей де болмайды. Біздің елдің халқы Құралай салқыны өтпей қырға көшпейді. Ал, киіктердің өзі мыңдаған жылдардан бері қазақ даласының сәні болып келе жатыр, тіптен олар мамонттардың (зілдердің) дәуінен келе жатыр емес пе?! Жез киік, біздің жаққа қалай келдің? Жолымды тіке кесіп, жанай бердің Адамның көздеріндей екі көзің Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім? деген өлең жолдарындағы киіктерді Нұр-Сұлтан қаласының "Есіл" дүкенінің алдындағы ескерткіш сияқты емес, биыл елге, ауылға барып, "Алтын Дала" резерватының аумағынан өз көзіммен көрсем деп армандаймын. Табиғатты аялайық, киіктерді қорғайық!

Суреттер Интернеттен алынды!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ralaydy-sal-yny-832717](https://yvision.kz/kk/post/ralaydy-sal-yny-832717)