---
title: "Рационалды монотеизмді сынаушыларға жауап"
description: "NURMURA.KZ Дәлелсіз қабылданған нәрсені дәлелсіз терістеуге болады.Евклид Бізді сынайтындар көп. Б..."
author: "RatioMonoTeo"
published: "2012-10-01T04:45:08+00:00"
modified: "2012-10-01T04:45:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/racionaldy-monoteizmdi-synaushylar-a-zhauap-293433"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/racionaldy-monoteizmdi-synaushylar-a-zhauap-293433/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Рационалды монотеизмді сынаушыларға жауап

> NURMURA.KZ Дәлелсіз қабылданған нәрсені дәлелсіз терістеуге болады.Евклид Бізді сынайтындар көп. Б...

NURMURA.KZ

 

Дәлелсіз қабылданған нәрсені дәлелсіз терістеуге болады.Евклид

Бізді сынайтындар көп. Бірақ біз негізі бар сынды дұрыс қабылдаймыз. Өйткені, сын дегеніміз-ғылымды алға жетелейтін күштердің бірі, сын-өсудің, жетілудің жалғыз жолы. Бізді қынжылтатыны, ғылыми дәйектермен сынаушылардың аздығы.

Әр нәрсеге сын көзбен қарап дағдыланбай нағыз білімге жету мүмкін емес. Ақиқат турасындағы дерек сынсыз, дәлелсіз қабылданар болса, оның құндылығы мен пайдасы күмәнді.

Ақиқатты іздеудің ең үздік жолы-ғылым мен философия. Қазір адамзаттың қолында ақиқатты осы әдіспен іздеудің барлық мүмкіндігі мен құралдары бар. Ендеше бүгінгі ғылым мен техниканың ғасырында тозығы жеткен дәстүрлі догматтарды дәйек қылып дауласу – күлкілі нәрсе.

Дінге қатысы бар тақырыпта сөз таластырмас бұрын, қарсы пікір айтушының соған лайық дайындығы бар ма, не айтып отырғанын өзі жете түсіне ме, көзқарасын ғылыми фактілер, нақты дәлелдер арқылы қорғай ала ма – осы нәрсеге көз жеткізіп алған жөн.

Әйтпесе, әңгіме «мен не деймін, домбырам не дейдіні» еске түсіретін жағдайға ұшырайды.

![Рационалды монотеизмді сынаушыларға жауап](https://storage.yvision.kz/images/user/ratiomonoteo/SI4YXYvPDI8OrMyKT3Tm0dsV9j85X4.jpg)

Ғылыми әдістің анықтамасы:

Құдай жоқ! – деді Остап.

Бар, бар! – деді ксендздер.

И. Ильф, Е. Петров. «Алтын торпақ».

Ғылыми әдіс дегенде біз ең алдымен көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын физикалық фактілермен жасалған жұмысты айтамыз. Ондай фактілерге заттар, адамдар, оқиғалар, айтылған сөздер, құбылыстар – яғни шын өмірде бар нәрселер жатады. Ал біз солардың бәрінен бұрын Қасиетті Кітаптарды зерттеу жасап, олардың сырын, мазмұны мен мәнін адамзат жинаған ең керемет білім – ғылымның көмегімен түсінгіміз келеді.

Біз Кітаптағы математикалық симметрияны, пропорцияны, таң қалдыратын тәртіпті, лингвистикалық және тарихи фактілер мен заңдылықтарды зерттейміз, Рашад Халифа, Эдип Юксель, Джанер Тасламан сияқты ғалымдардан алған мәліметтерді жүйелейміз. Кез келген жазу адамның қолына түскен сәттен бастап өзгеріске ұшырамай қалмайды. Соған қарамастан, Құранның философиялық, фонетикалық, лингвистикалық, тарихи, математикалық аспектілерін зерттеу арқылы оның тек өзіне тән мәнін түсінуге болады. Мәліметтерді тереңінен зерттеу үшін біз математик, физик, лингвист, филолог, логика маманы сияқты арнайы білімі бар сарапшылардың көмегіне жүгінеміз.

Ғылыми әдіс шеңберіндегі қорытынды зерттелетін объектіні бақылау кезінде алынған мәліметтер, яғни эксперименттер негізінде, формальды логиканың көмегімен жасалады.

Құранның ішкі коды бар, ол код Кітаптың сақталуына кепіл, Құдайдың барлығына дәлел бола алады деген қорытынды шығарғанда біз Кітап мәтініндегі математикалық есептерге, ғылыми, тарихи және лингвистикалық фактілерге сүйендік. Ғылыми әдісті ұстанғандықтан біз сын айтылуы мүмкін екенін ескереміз. Ескергендіктен өзіміз жасаған қорытындыны теріске шығару мақсатында арнайы эксперименттер жасаймыз. Кейде осындай сынақтар бастапқы қорытындымыздың теріс екенін көрсетіп жатады. Мұндайда біз шын көңілден қуанамыз және қатемізді түзетеміз. Тек осылай ғана өсуге, жетілуге болады деген сенімдеміз.

Ғылыми әдістің аса маңызды артықшылығы – объективтілік, мәліметтерді субъективті тұрғыдан түсіндіруге жол бермеу. Бұл сонымен қатар ғылыми қызметтің ажырамас бөлігі де. Ғылым жолындағы адамның ойы тәуелсіз әрі салқын. Ол бұрын қабылданған нанымдардың, қоғамда үстем болып тұрған көзқарастардың, эмоцияның ойға әсер етуіне жол бермейді. Пікірді қабылдауға оның беделділігі, көпшілік қолдауына ие екендігі, санаға сіңгені, құдыреттілігі себеп бола алмайды. Барлық пікірді тыңдап, олардың ішіндегі ең үздігін алады. Үздік дегеніміз – барынша көп фактіні ең жақсы, түсінікті жолмен түсіндіру.

Біз христиан, иудей, мұсылман және басқа да кез келген діннен шыққан беделді білімдарлардың нақты фактіге негізделмеген, ақылға сыйымсыз пайымдауларына қарсымыз. Алайда, бұл – айтылған ілімдердің осыған дейінгі барлық зерттеулері мен жетістіктерін тексерусіз жоққа шығару керек деген сөз емес. Керісінше, біз тарихи және фольклорлық құндылығы зор бұрынғы деректерді іске жаратуға тырысамыз. Мұнымен қатар дінді мемлекеттен бөлектеуді дұрыс санайтын идеологияның, тіпті атеизмнің материалдарымен де жұмыс жасаймыз.

Біз зерттеулеріміздің нәтижелерін және оларға қатысты негізі бар сынды үнемі жариялап отырамыз. Бұл материалдар әртүрлі формада болып келеді: қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі классикалық монографиялардан бастап жалпы оқырман қауымға арналған ғылыми-танымдық медиа-контентке дейін.

Біз дәстүршілдіктің кез келген түріне қарсымыз. Өйткені, жұрт алдында беделді, әсіресе дін ісінде ықпалды күштердің көзқарасы мен пікірін ақылға салмай соқыр сеніммен қабылдау адамның жеке ойлау қабілетін құртып, Ақиқаттан алыстатады.

Қандай негізгі принциптерге сүйеніп жұмыс істейтінімізді баяндадық. Енді айтылған сындарға жауап берейік.

...Қайырымды істе жарысыңдар. Бәрің Құдайға қайтып ораласыңдар. Сонда Ол сендердің не жөнінде келісе алмағандарыңды көрсетеді.

- 5:48

Енді бізге тағылып жатқан айып мен оған айтатын жауабымызға кезек берелік:

Тағылған айып: Кодты дәлелдеу мақсатында сендер ондағы сандарды өз пайымдауларыңа қарай бұрмалайсыңдар.

Жауап: Бір таңданарлығы, осы дәйекті атеистер де, діни фанатиктер де айтып жүр. Соған қарағанда өздері мойындамағанымен, олардың ұқсастықтары болса керек. Әдетте, бұлар біздің нені, қалай бұрмалағанымызды нақты фактілермен дәлелдеп әуреге түспейді. Ал айтатын дәйектерінің ғылымға қатысы жоқ. Бұл олардың ақылмен ойлануға енжар, кез келген мәселеде сүйекке сіңді әдет бойынша шешім қабылдайтынын көрсетеді. «Бұл мүмкін емес, өйткені олай болуы мүмкін емес!». Құдайға сенбейтіндер де, діни фанатиктер де Құранның математикасын міне осылай жоққа шығарады. Ал шынтуайтында ең қарапайым мысал ретінде «Басмалланы» немесе «Фатиха» сүресін алып, онда кодировка бар екенін тексеру оп-оңай. Ол үшін кәдімгі калькулятор немесе компьютерді қолға алып, аз-маз уақыт бөлу керек. Барлық мысалдар қарапайым. Оған араб тілі мен математиканы білмей-ақ көз жеткізуге болады. Құранның өзі скептиктерді математикалық феномендерді нақты дәлелдермен жоққа шығарып көруге шақырады. Бүгінге дейін оны ғылыми, объективті тұрғыда терістеген ешбір жан болған жоқ.

Айып: «Басмалла»-да 22 әріп бар, бұл кодировканың жалған екенін көрсетеді.

Жауап: Осман халифтің Ташкентте сақтаулы тұрған Құран кітабы тарихи тұрғыда ең әріден жеткен үлгі болып саналады. Лингвистикалық сараптама бұл экземплярдың VIII ғасырға тән екенін дәлелдейді. Ендеше қазір бар манускриптердің ішінде Мұхаммед пайғамбарға Құдайдан аян түскен сәтке ең жақыны осы Османның Құраны. Бұл манускрипте диакритикалық белгілер бар да, әріптердің жоғарғы және төменгі жағына қойылатын белгілер жоқ. Олар араб жазуында XI ғасырда – Ислам жаппай таралып, насихаттала бастаған кезде, өзге халықтардың оқуына Құранды жеңілдету мақсатында пайда болды.

![Рационалды монотеизмді сынаушыларға жауап](https://storage.yvision.kz/images/user/ratiomonoteo/01w3PTqXiQc1ZZUlDTaGPwOUG3ypGb.jpg)

![Рационалды монотеизмді сынаушыларға жауап](http://storage.yvision.kz/images/user/ratiomonoteo/3d858r62rRB2IyyB0DMLeM98uorQ7N.gif)

Османның Құранында 19 әріптен тұратын «басмалла» бар. Бұл манускрип интернетте тұр, ендеше кез келген адам ондағы әріптердің санын білуіне болады.

Әріптің жоғарғы және төменгі белгілері әріпке саналмайды деп кесіп айтуға болады. Өйткені, ол белгілер дыбыс ырғағы мен екпінді білдіру үшін қолданылады. Демек, «басмаллада» әу баста 19 әріп болған, қазір де19 әріп.

Айып: Cендер Мұхаммед пайғамбарды мойындамайсыңдар, оның орнына өздерің елші cанайтын Рашад Халифа деген біреуге табынасыңдар.

Жауап: Біз Мұхаммед пайғамбардың тарихтағы ролін, оның дін мен саясаттағы кемеңгерлігін, қаһармандығын жоққа шығармаймыз, ол мүмкін де емес. Біз тек Мұхаммедті Құдаймен қатар қоюға, яғни оның – адамның пікірін мінсіз ақиқат етіп қабылдауға болмайтынын айтқымыз келеді. Адам сөзіне шәксіз ақиқат көрсек, онда біз ол адамды Құдаймен тең қойғанымыз. Ал Құранда Мұхаммедтің кәдімгі адам екені айтылған.

Құдай ғана мінсіз, Құдай ғана шәксіз ақиқат. Бұл қасиеттерді Ол басқа ешкіммен бөліспеген. Әлбетте, Алла кімді қаласа, соны мінсіз қыла алады, бірақ мәселе Ол ешкімге ондай қасиет берген жоқ. Мұны Құдай Құранда бірнеше мәрте айтады. Кітаптан білеміз, Мұхаммед те өзгелер сияқты адам баласы, сондықтан оның сөзі мен жасаған ісі ақиқаттың әмбебап критерийі бола алмайды. Құранда Мұхаммедтің еліккіш, ұмытшақ, қателіктері жеткілікті адам екені әдейі суреттелген. Мұнда керемет даналық жатыр. Олай дейтініміз, адамды идеалға айналдыру пұтқа табынуға апарып соғады. Мұхаммед ақиқаттың абсолютті, мінсіз бастауынан адамға ой салатын хабар әкелген елші еді. Иланушылар елшінің бұйрығын орындауға міндетті. Алайда, Мұхаммед Құдаймен ұдайы байланыста отырмады. Өмірінің басым бөлігін ол өзгелер сияқты қарапайым пенде болып өткізді. Біз секілді ол да Алладан келген хабар жайлы ойға берілуге, Құдайдың әмірін мүмкіндігінше орындауға міндетті еді. Мұхаммедтің дұрыс жасаған да, қателескен де кезі болды. Құран Мұхаммедтің қателіктері мен күнәларын жасырмай толық баяндайды. (Алла Мұхаммедті соқыр адамнан теріс айналғаны үшін айыптайтын80-сүре «Абасаны» мысалға келтіруге болады).

Мұхаммед жай адам ретінде тек өзі үшін ғана жауапты болды. Ол біз үшін жауап бере алмайды. Мұхаммед біз секілді адам болып туды және адам болып дүниеден өтті. Бұл жайында Мұхаммед-елші Алла аузына салған сөз арқылы Құранда айтады. Кітапта Мұхаммед-елшінің сөзі мен ісі және Мұхаммед-адамның қателіктері мен адасқан кездері анық жазулы тұр. Біз елшіге бағынуды әмір еткен аяттарға ерекше мән беріп, ал Мұхаммедтің қателескен және күнә жасаған жерін айтатын аяттарға көз жұма алмаймыз. Біз ғылыми әдістемені ұстануға, сөйтіп бүкіл фактілерді, яғни Құранның барлық аяттарын түсінуге тиіспіз. Өйткені, Құран өзін бөлшектеуге тыйым салады.

Қалайша сендер Кітаптың бір бөлігіне иланып, өзгесін жоққа шығармақсыңдар? Бұлай етушілер фәни дүниеде масқара болып, Қиямет күнінде одан сұмдық азапқа ұшырайды. 2:85

Дәстүршілдер өздері сілтеме жасайтын аяттардың барлығын контекстен жұлып алады және оларды теріс түсіндіреді, тіпті қабылданған доктриналарға сай ету үшін мағынасын әдейілеп бұрмалайды.

Ақиқаттың жалғыз бастауы – Алла. Ол Алланың бар екеніне көз жеткізгісі келетін адамдарға арналған жолдау мен белгілерді Ғаламға жайып салған. Ол белгілерді көру үшін ақылды шыңдап, ақиқатқа тура қарай білу қажет. Адамның Алла белгілерін тану мүмкіндігін жоятын басты нәрсе – догматизм. Осындай догмалардың бірі – христиан, мұсылман, иудейлердің әрқайсысы өз дінінің негізін салушыларды соңғы пайғамбар, соңғы елші санайтыны. Діни шовинизмнің бұл түрімен кез келген діни сана ауырады.

Ал енді Рашад Халифа туралы. Сүнниттер мен шииттер Мұхаммед пен оның әулетіне қалай табынса, Халифаны дәл солай идеал жасап алған топ Америкада бар. Сүнниттердің Мұхаммедті күнәдан пәк санайтыны сияқты, рашадиттер да Рашад Халифаны күнәсіз көреді. Әдістемеміз көрсетіп отырғандай, біз бұлардың екеуіне де қатысымыз жоқ.

Біз Рашад Халифаның ғылымдағы еңбектерін және Құранда айтылған өсиеттің елшісі (3:81) ретіндегі тарихи ролін мойындаймыз. Бірақ адам ретіндегі Рашадтың сөзі мен ісін хақ деп қабылдаудан аулақпыз. Ол да Мұхаммед сияқты кәдімгі адам болатын. Біздіңше, доктор Халифа да өзінің зерттеулерінде аяғына бірізділік таныта алған жоқ және қателескен кезі жеткіліктік болды. Мысалы, Исламдағы ғұрып мәселесінде ол дәстүршіл көзқарасқа сүйенді.

Пайғамбарлар мен елшілер туралы:

Құранда «пайғамбар» және «елші» терминдері екі түрлі сөзбен беріледі. Өйткені, бұл екеуінің мағынасында ерекшелік бар. Бір қарағанда маңызы жағынан бірдей көрінгенімен, пайғамбарлар мен елшілердің атқаратын қызметі екі түрлі.

Пайғамбар ("наби") – жазбаша немесе ауызша Аян-Заңды жеткізуші. Құрандағы пайғамбарлар: Нұқ, Ыбырайым, Мұса, Иса, Жүсіп, Мұхаммед. Кітапта Мұхаммеддің соңғы «наби» екені, одан соң пайғамбар болмайтыны айтылады. Құранда барлық пайғамбардың аты жазылған және олардың саны шектеулі.

Ал елшілерге келсек, Құдай олардың саны көбірек екенін айтады. Және елшілердің көпшілігінің аты Құранда аталмайды.

Елші ("расуль") – бұрын беймәлім болып келген жаңа білім әкелуші. «Набиден» айырмашылығы, «расуль» Құдаймен вербальды байланыс жасамайды. Тек адам ғана емес, табиғаттың кез келген құбылысы жолдау жеткізуші, яғни «расуль» бола алады. Өйткені, Құдайдың жолдау жеткізу мүмкіндігінде шек жоқ. Адамды ойға жетелейтін хабарды көрсету үшін Алла бізді қоршаған әлемдегі кез келген зат пен құбылысты елші ете алады. Ал біз елшіні де, ол әкелген хабарды қабылдап, пайдалануға тиістіміз.

Пайғамбарлардың бәрі елші, бірақ елшілердің барлығы бірдей пайғамбар емес. Негізгі түсінбеушілік осыдан шығып жатыр. Рашад Халифа пайғамбар емес, елші. Өйткені, ол Құранның математикалық кодировкасын тапты, яғни әлемге жаңа білімді паш етті. Бұл білім монотеизмнің іргесін нықтай түсті және Құдайдың бар екеніне, Құранның Құдай жіберген екеніне ғылыми дәлел болды. Біздіңше, мұншалық ғаламат істі Алла өзі жоспарлап, мақұлдаған. Ал Рашад Халифаны елші деп мойындау яки мойындамау – әрине, әркімнің өз еркінде.

Айып: Сендер кодтың бар екенін дәлелдеу мақсатында Құранның екі аятын алып тастамақсыңдар.

Жауап: 19 санының кодына қатысты мысалдардың көпшілігін дәлелдеу үшін әлгі екі аятты алып тастау міндет емес. Мәселен, «басмалла» мен «фатиха», жұп және тақ сандар, корреляцияланатын және корреляцияланбайтын сүрелер феномені. Аталған жағдайларда Құранның коды керемет көрінеді және әрбір жаңа мысал кодтың бар екеніне сендіре түседі. Ғылыми әдіске сәйкес, біз тәжірибе барысында алған мәліметтер мен заңдылықтарға сенуге тиіспіз. Код көрініп тұр ма? Ендеше код бар деген сөз. Егер бар болса, оны әлдебір құдырет ойластырып, іске асырған. Құранның авторы – Құдай. Ендеше Ол Кітап мәтінінің өңделіп, жаңарғанын қалайды. Ал код Құран мәтініне кіріп кеткен екі жалған аятты сенімді түрде жоққа шығарады. Математика – Алланың Ғаламдағы ең басты және ең қатаң заңы. Біз Құдайға және оның заңдарына бағынамыз, сол себепті Құран мәтініндегі екі аятты алып тастаймыз.

Расында Құранның математикалық құрылымына күдік туғызатын ешбір ақылға сыйымды дәлел-дәйек жоқ. Тек ескі догмалар мен санаға сіңісті әдеттерге сүйенген ақылсыз нанымдар бар. Дәстүршілдер логика мен ғылыми әдістемені белден баса отырып пайымдама жасайды. «Дәстүрдің көзқарасы ғана дұрыс, өйткені дәстүр тек дәстүрдің ғана дұрыс екенін айтады». Міне, дәстүршілдердің ойлау бағыты осындай тавтологиялық принципке негізделген. Дәстүршілдің ақыл-ойында бұдан өзге пікірге орын жоқ.

Құрандағы екі аятқа күмән туғызатын тек математика ғана емес. Тарихи мәліметтер де дәстүрлі көзқарасты теріске шығарады.

Қасақана ма немесе әлдебір жаман ниетсіз бе, әйтеуір Құранды жинау кезінде оның мазмұнын өзгертуге тырысқандар көп болды. Сондықтан Кітаптың каноникалық мәтінін құрастыруға қатысқан Мұхаммедтің серіктері арнайы шарт қойды. Аятты Құранға кіргізу үшін оның растығына кемінде екі ересек адам куәл болуы тиіс.

Бұл мәліметті біз «Сахих» (имам Бұхари), «Иткан» (Жалал ад-Дин ас-Суюти) секілді дәстүрдің беделді дереккөздерінен біле аламыз. Бұл тарихи деректерге сенсек, 9-сүренің 128 және 129-аятынан өзге Құранның әр сөзі манағы шарт бойынша жиналған.

Құран сүрелері Меккеде түскен және Мединада түскен болып бөлінетіні белгілі. 9-сүре Мединада түскен, бірақ ондағы соңғы екі аят (128 және 129) меккелік болып саналады. Бұл аяттардың рас екеніне куәлік берген Кузейма-ибн-Табит (KhuzaimaibnThabitDhu'sh-Shahadatainal-Ansari / خزيمةبنثابتذوالشهادتينالأنصاري) есімді адам мединалық болған. Медина тұрғыны қалайша Меккеде түскен аяттарды растай алады? Және тағы бір таңғаларлық нәрсе, Кузейманың айтуынша, неге екені белгісіз, Мұхаммед оған екі адамның куәлігіне тең дауыс хұқын беріпті.

Мұсылман дәстүрі тарихында Құран мәтінін бұрмалауға қатысты сан түрлі әңгімелер сақталған. Мысалы, Әлидің Құранға «артық» аяттарды қосуға қарсы болғандықтан өз үйіне өзі қамалып, жатып алғаны туралы хикая. Немесе Убаййя ибн Кааба деген кісінің 9-сүренің соңғы екі «аятын» өзі растап кіргізгені, алайда Зайд пен Кузейманың да куә екендігі жайында ештеңе айтпауы.

Ерекше назар аударатын нәрсе, әлгіндей таңғалдыратын хикаялардың 9-сүренің соңғы екі «аятына» ғана қатысты.

Математикалық әдіспен тексеру:

«Тәубе» сүресінің соңғы екі аяты бастапқыда Құран мәтінінде болмаған дегенге келісер болсақ, Кітап коды кереметтей математикалық симметриялар мен заңдылықтарды, тәртіппен жүйеленген, 19-ға бөлінетін аса ірі сандарды көрсетеді. Біз бұл мәселеге қазір кеңінен тоқталмаймыз. Өйткені, "Tampering with the word of God" атты мақалада осы тақырып егжей-тегжейлі баяндалған және Алла қаласа ол мақаланың аудармасын алдағы күндерде жариялаймыз.

Лингвистикалық әдіспен тексеру:

Дау туғызып отырған екі «аяттың» біріне назар аударайық:

Сендерге өз араларыңнан елші барды. Сендердің жапа шеккендерің оған ауыр. Ол сендер үшін тер төгіп жатыр. Ол иман келтіргендерге мейірімді және олармен бірге қиналады.

- 9:128

Мағынасы жағынан бұл аят Құранның өзге мәтінінен оқшауланып тұр. «Мейірімді» сөзі осы жерде Мұхаммедке қатысты айтылады. Ал Құранның өзге аяттарының барлығында ол Алланың қасиетін сипаттау үшін қолданылады. Дәлірек айтсақ, «мейірімді» деген сын есім 57 мәрте (19х3=57) Құдайды, тек 1 жерде ғана адамды сипаттайды.

Назар аударарлық тағы бір жайт, Құрандағы ең басты тіркес «басмалла» «Тәубе» сүресінде мүлдем жоқ. Бірақ тура 19 сүреден соң барып, 27-сүреде ол екі мәрте айтылады: сүренің басында және 30-аятта. Ойлы адам бұл фактіні Алла Өзі еске салып отыр деп қабылдап, одан қорытынды жасар еді.

Сөз соңында бізбен жау болып, бізді либерал мұсылман, құранит, шиит, рашадит, сектант, шығыстанушы коммунистердің жолын қуушы атандырып жүргендерге бір ауыз жауап айтқымыз келеді.

Ұйымдасқан діндердің ешқайсысына біздің қатысымыз жоқ. Біз өзімізді рационал монотеист санаймыз және авраамдық кітаптардың барлығын бірдей зерттейміз. Біз «Құдайға сенеміз» демейміз. Біз «Құдайдың бар екенін анық білеміз» дейміз. Біздің жасап жүрген қызметіміз – үгіт-насихат, өзгелерден бөлектенуге ұмтылу немесе әлдекімдердің ызаландыру емес. Біз бар болғаны Құдай жаратқан нәрселерді түсіну үшін адамдар өз ақылын пайдаланса дейміз. Өйткені, мұны бізге Құдайдың Өзі әмір еткен!

Алла баршамызға тыныштық берсін!

NURMURA.KZ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/racionaldy-monoteizmdi-synaushylar-a-zhauap-293433](https://yvision.kz/kk/post/racionaldy-monoteizmdi-synaushylar-a-zhauap-293433)