---
title: "ҚР ҚК Бас штабының бастығы Ұлыбритания Қорғаныс штабының бастығымен кездесті"
description: "Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Ж..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-07-01T05:44:40+00:00"
modified: "2013-07-01T05:44:40+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/r-k-bas-shtabyny-basty-y-lybritaniya-or-anys-shtabyny-basty-ymen-kezdesti-360413"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/r-k-bas-shtabyny-basty-y-lybritaniya-or-anys-shtabyny-basty-ymen-kezdesti-360413/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚР ҚК Бас штабының бастығы Ұлыбритания Қорғаныс штабының бастығымен кездесті

> Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Ж...

**

![ҚР ҚК Бас штабының бастығы Ұлыбритания Қорғаныс штабының бастығымен кездесті](http://www.mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/01072013/thumbs/thumb_1.jpg)

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Ұлыбритания Қорғаныс штабының бастығы генерал-полковник Николас Хаутонмен кездесті.**

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылдың негізі ерте қаланған. Былтыр Астанада өткен екі ел Қорғаныс министрлері Әділбек Жақсыбеков пен Филипп Хаммондтың кездесуі Қазақстан мен Ұлыбритания қорғаныс ведомстволары арасындағы әскери ынтымақтастың дамуына қосымша қарқын берді.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ұлыбритания Қарулы Күштері арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары «Қазбриг» бітімгерлік бөлімшесінің жеке құрамын дайындау және Қазақстанда 10 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Дала қыраны» бітімгерлік оқу-жаттығуларын ұйымдастыру мен өткізудегі ынтымақтастықты одан ары дамыту болып отыр.

2012 жылы жаттығу НАТО-ның әскери дайындық бағдарламасына енгізіліп, «Бейбітшілік үшін әріптестік» аясында өткізіліп келеді. Биыл «Дала қыраны» оқу-жаттығулары 10-23 тамыз аралығында «Іле» полигонында өткізіледі. Оған Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Германия, Литва, Щвейцария, Қырғызстан, Украина және Тәжікстан қарулы күштерінің бөлімшелері қатысады.

Кездесу барысында әскери білім беру және қазақстандық мамандарды Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында даярлау мәселелері талқыланды. Қазақстандық офицерлер жыл сайын Англияның Командалық-штабтық колледжінде, Қорғаныстық зерттеулер қорольдік колледжінде және Сэндхерст академиясында білім алады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник С. Жасұзақов британдық қорғаныс-өнеркәсібі компанияларын 2014 жылы Астанада өтетін «Кадех» көрмесіне қатысуға шақырды.

 

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/r-k-bas-shtabyny-basty-y-lybritaniya-or-anys-shtabyny-basty-ymen-kezdesti-360413](https://yvision.kz/kk/post/r-k-bas-shtabyny-basty-y-lybritaniya-or-anys-shtabyny-basty-ymen-kezdesti-360413)