---
title: "\"Әр қиындықтың қайыры бар\" - Президент биылғы су..."
description: "Елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес. Түрлі саладағы түйткілдер шешілмеген. Соның салдарын енді көріп отырмыз. Бүгін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді...."
author: "seri.jigit"
published: "2024-04-12T09:29:57+00:00"
modified: "2024-04-12T09:29:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/r-iyndy-ty-ayyry-bar-prezident-biyl-y-su-tas-yny-turaly-1003316"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/r-iyndy-ty-ayyry-bar-prezident-biyl-y-su-tas-yny-turaly-1003316/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# "Әр қиындықтың қайыры бар" - Президент биылғы су...

> Елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес. Түрлі саладағы түйткілдер шешілмеген. Соның салдарын енді көріп отырмыз. Бүгін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді....

*Елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес. Түрлі саладағы түйткілдер шешілмеген. Соның салдарын енді көріп отырмыз. Бүгін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.* ![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/6594a6ba7653f0d8b95f439fe928db.jpg) Мемлекет басшысы енді барлық мәселені міндетті түрде шешу қажеттігін, жүйелі жұмыс барлығын орнына келтіретінін айтты. Ол дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді, сондықтан бүгінгілерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр деп есептейді. "Халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсерген. Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген. Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз. Қазақ «Жамандық көрмей, жақсылық болмас» дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады. Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. Халыққа қызмет ету – парыз. Ал қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы соңғы жылдары еліміздің көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатқанына тоқталды. Қазір мемлекеттік аппарат сол қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтап, шыңдалған.

"Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және еріктілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар. Апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана. Ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталады. Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр", - деді Президент.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/r-iyndy-ty-ayyry-bar-prezident-biyl-y-su-tas-yny-turaly-1003316](https://yvision.kz/kk/post/r-iyndy-ty-ayyry-bar-prezident-biyl-y-su-tas-yny-turaly-1003316)