---
title: "Психология - қалаулы, заманға сай мамандықтың бірі және бірегейі"
description: "Расымен де қазіргі таңда кез келген мекеме психологты қажет етеді. Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғал..."
author: "shynassyl.a"
published: "2021-05-10T21:20:15+00:00"
modified: "2021-05-10T21:20:15+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/psihologiya-alauly-zaman-a-say-mamandy-ty-biri-zh-ne-biregeyi-934318"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/psihologiya-alauly-zaman-a-say-mamandy-ty-biri-zh-ne-biregeyi-934318/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Психология - қалаулы, заманға сай мамандықтың бірі және бірегейі

> Расымен де қазіргі таңда кез келген мекеме психологты қажет етеді. Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғал...

Расымен де қазіргі таңда кез келген мекеме психологты қажет етеді. Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғалаңға түскен шақта қол ұшын беріп, дұрыс жол көрсете алатын білгір психолог болам деушілер саны жылдан жылға көбеюде. «Психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтардың үздік бестігіне кіреді. Психологияның зерттеу пәні- адам психикасы екендігін ескерсек, психология әрдайым және әрқашан қызығушылық тудыратын мамандық екеніне еш күмән тудыра алмаймыз. Сондықтан да бұл мамандықтың болашағы зор екендігі бүгінгі уақыттың талап-тілегінен туындап отыр. Психология ғылымы адам іс-әрекетінің түрлі салаларында қарқынды орын алуда. Ғалымдардың болжауы бойынша ХХІ ғасыр – психология ғасыры болмақ.

Енді осы психология деген ғажап әлемнің жол көрсетушісі психолог туралы сыр шертейік. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. Психолог маманы болып шығу адам жанын түсініп қана қоймай оларды дұрыс жолға салуда және тәрбиелеуде игілікті жұмыстарға қол жеткізеді.

Ал жақсы психолог болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар, әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер болуы қажет деп есептеймін.

Қазіргі уақытта мен Алматы қаласындағы, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде атылмыш мамандық бойынша 1-курс магистрантымын. ҚазҰУ бүкіл ел бойынша "Психология" мамандығын оқытудағы нөмірі бірінші Жоғарғы Оқу Орны болып табылады.

Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз мамандығымның биік белестерін бағындырсам, елім үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді мықты психолог, бақытты жанмын деп есептеймін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/psihologiya-alauly-zaman-a-say-mamandy-ty-biri-zh-ne-biregeyi-934318](https://yvision.kz/kk/post/psihologiya-alauly-zaman-a-say-mamandy-ty-biri-zh-ne-biregeyi-934318)