---
title: "Президент терроризмді ақтап алу үшін Исламды пайдалану – дінді қорлау екенін айтты"
description: "Дәл қазір Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтіп жатқаны белгілі. Міне, осы..."
author: "qazaq_bala"
published: "2015-06-11T03:47:24+00:00"
modified: "2015-06-11T03:47:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-terrorizmdi-a-tap-alu-shin-islamdy-paydalanu-dindi-orlau-ekenin-aytty-508595"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-terrorizmdi-a-tap-alu-shin-islamdy-paydalanu-dindi-orlau-ekenin-aytty-508595/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Президент терроризмді ақтап алу үшін Исламды пайдалану – дінді қорлау екенін айтты

> Дәл қазір Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтіп жатқаны белгілі. Міне, осы...

**Дәл қазір Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтіп жатқаны белгілі. Міне, осы шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев діни көшбасшыларға өз ізбасарларын бейбітшілік пен кешірімділікке шақыруды ұсынды.**

**

![Президент терроризмді ақтап алу үшін Исламды пайдалану – дінді қорлау екенін айтты](https://storage.yvision.kz/images/user/qazaq_bala/FsIJW3FhwELXL5qk6eVtag16ZxKjGw.jpg)

**

Әрине, түрлі геосясаи ойындар, мемлекеттік мүдделердің тоғысып, тіпті қақтығысып жатқан кезеңінде мемлекет басшысының мұндай іске шақыруы көңілдегі күдікті кейін қайтарып, үміт отын жағатыны рас. Бейбітшілік пен ақ пейіл достық әлемдік кез келген діннің басты ұстанымы емес пе!?

Сондай-ақ, Президенттің ислам, мұсылман тағдырына қатысты айтқан сөзі де көңілге қонымды. Асыл дініміздің бүтіндей халықтардың қарғысын арқалап жүрген лаңкестерге еш қатысы жоқ екені бәрімізге белгілі.

Сонымен қатар, съездің екінші отырысында сөз алған Мемлекет басшысы әлемде ішкі әскери қақтығыстардың көптеп болып жатқанын және тараптардың адамдардың діни қатыстылығын белсенді түрде қолданатынын атап өтті.

«Осындай қақтығыстардың бірі – Йеменде, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын, ислам әлемінің бесігі – Мекке мен Мәдина маңында орын алып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Бірқатар экстремистік топтардың акциялары түрлі конфессияны ұстанушылар арасында да жанжалдар тудыруда. Азия мен Африкадағы қоғамдарды жікке бөліп жатыр. Украина шығысындағы қала мен ауылдардағы атыстарда храмдардың бүлінуі туралы хабарлар да алаңдатады. «Ислам мемлекеті» аталып жүрген жаһандық терроризм формасы да қатерін өршітуде. Лаңкестер Ирак пен Сириядағы мәдени құндылықтар және мұраларды, мыңжылдық өркениеттер ескерткіштерін қиратуда. Олар интернет арқылы айуандық әрекеттерін таратуда», – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырлылыққа, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда, адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді. Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі – ислам. Исламды терроризм мен экстремизмнің кез-келген формасын ақтап алу үшін пайдалануға ұмтылу көріністері де орын алып отыр. Бұл – дінді қорлаушылық. Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруды еселеуге үндеймін. Бірлікті сақтап, оны бағалайтын кез-келген халық өлмейді, ол – ұлы халық», – деді.

[Egemen.kz](http://egemen.kz/2015/06/10/65860)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/prezident-terrorizmdi-a-tap-alu-shin-islamdy-paydalanu-dindi-orlau-ekenin-aytty-508595](https://yvision.kz/kk/post/prezident-terrorizmdi-a-tap-alu-shin-islamdy-paydalanu-dindi-orlau-ekenin-aytty-508595)