---
title: "Президент Мальтаның Сыртқы істер министрін қабылдады"
description: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазі..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-06-25T12:28:47+00:00"
modified: "2024-06-25T12:28:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-maltany-syrt-y-ister-ministrin-abyldady-1005985"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-maltany-syrt-y-ister-ministrin-abyldady-1005985/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Президент Мальтаның Сыртқы істер министрін қабылдады

> Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазі...

*Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Мальтаның Сыртқы, еуропалық істер және сауда министрі Иан Борчпен кездесуі барысында екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ ЕҚЫҰ аясындағы ықпалдастықтың жай-күйі талқыланды.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/e09e5832eb926245c6b928226a3b31da.jpg)

Мемлекет басшысының айтуынша, ЕҚЫҰ қауіпсіздікке төнетін қазіргі сын-қатерлер жағдайында біздің аймақта және одан тыс жерлерде барлық үш өлшем бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында бекітілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан барлық тараппен тығыз ынтымақтастық жасауға бейілді екенін растады.

"Біз осы ізгі мақсаттарға жету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға, сондай-ақ жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ұйымға төрағалық етіп отырған Мальтамен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайынбыз", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мальта Президенті Мириам Спитери Дебоноға ізгі тілегін жолдап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға және Қазақстан мен Мальта байланыстарына тың серпін беруге әзір екенін жеткізді.

[t.me/aqorda_resmi](https://t.me/aqorda_resmi)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/prezident-maltany-syrt-y-ister-ministrin-abyldady-1005985](https://yvision.kz/kk/post/prezident-maltany-syrt-y-ister-ministrin-abyldady-1005985)