---
title: "Президент «ҚазМұнайГаз» басшысының міндетін атқарушыны..."
description: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновті қабылдады. Асхат Хасенов компанияның биылғы бірінші тоқсанда атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп берді:..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-05-27T12:50:25+00:00"
modified: "2024-05-27T12:50:25+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-azm-naygaz-basshysyny-mindetin-at-arushyny-abyldady-1005035"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/prezident-azm-naygaz-basshysyny-mindetin-at-arushyny-abyldady-1005035/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Президент «ҚазМұнайГаз» басшысының міндетін атқарушыны...

> Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновті қабылдады. Асхат Хасенов компанияның биылғы бірінші тоқсанда атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп берді:...

*Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновті қабылдады.* ![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/72621e20ea218cc235ca1f5b0c9070.jpg) Асхат Хасенов компанияның биылғы бірінші тоқсанда атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп берді:

«ҚазМұнайГаздың» көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсімге қол жеткізгені жөнінде баяндады;

ірі инвестициялық жобалардың, соның ішінде Жаңаөзенде гибридті электр станциясын және Атырау облысында қуаты 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен өндіру зауытын салу, мұнай-химия кластерін дамыту, Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру барысы жайында айтты;

компанияның 2023 жылы іске қосылған газ кен орындары, сондай-ақ қорларды толтыру және мұнай өндіру деңгейін сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» Қызылорда облысындағы Торғай палеозой учаскесінде тереңдігі 5 500 метр ұңғыма және Каспий теңізіндегі Абай учаскесінде бұрғылау жұмыстарын жүргізуді көздейді;

әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және компанияның су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты атқарған жұмыстары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы салаларындағы жобаларға ірі инвесторларды тарту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ отандық мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет екеніне ерекше назар аударды. [t.me/aqorda_resmi](https://t.me/aqorda_resmi)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/prezident-azm-naygaz-basshysyny-mindetin-at-arushyny-abyldady-1005035](https://yvision.kz/kk/post/prezident-azm-naygaz-basshysyny-mindetin-at-arushyny-abyldady-1005035)